Басты тақырыпОблыс әкімі

ЕРЕКШЕ НЫСАН – БАЛАЛАРҒА

Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде құрылысы осыдан он жыл бұрын басталып, алты жыл бойы қараусыз қалған мектеп-интернат ғимараты қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді.

 

Осы жылдар аралығында қаңғыбастардың мекеніне айналып, жергілікті тұрғындарға ыңғайсыздық туғызған ғимарат енді болмағанда талан-таражға түсудің аз алдында қалған болатын. Құрылыс материалдары да ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кету қаупі туды. «100 мектеп, 100 аурухана»  бағдарламасы бойынша миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған интернат құрылысының әрлеу жұмыстары жүргізіліп қойса да, белгілі себептерге байланысты тоқтатылған құрылыстың 2016 жылы тамырына қайтадан қан жүгірді.

Айтар болсақ, 2015 жылы Қарағанды облысының коммуналдық шаруашылығына берілді, ал 2016 жылы мердігер ұйым анықталып, жұмыс қайта жанданған болатын. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мектеп құрылысын аяқтауға қаржы бөлініп, қыркүйек айында жұмысқа кіріскен мердігер компания «Астана Шаңырақ – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі таңда барлық жұмыстарды тәмамдаған. 1  қыркүйектен бастап жұмысын бастап, 160 бала қабылдауды жоспарлап отырған мектеп-интернаттың жай-күйімен облыс басшысы Ерлан Қошанов та танысты.

Әуел баста көру қабілеті бұзылған балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты болады деп жоспарланған еңселі ғимараттың ішінің жобасы осыған сәйкес жасалған. Яғни, қабырғаның өткір қырлары, табалдырықтар жоқ. Құрылыс толық дайын, пайдалануға берілді дегенмен де, әлі де болса атқарар жұмыстар бар сияқты. Қараусыз қалған алты жыл да ақаулар пайда болған. Шатыры тесіліп, төбеден аққан  су іздері қанша жасыруға тырысқанмен көзге менмұндалап көрінеді. Қолдан-қолға өтіп, берекесі кеткен дүние енді бір қалыпқа келеді деген үмітте, әрине. Көш жүре түзеледі деген оймен, көз жұма қарау – мемлекет ақшасын талан-таражға салумен бірдей. Ерлан Қошанов та осы жайға көңіл бөліп, мердігер компания өкіліне 3 жылғы кепілдік мерзімінде аталған ақаулықтарды жоюды қатаң тапсырды.

Дегенмен, көру қабілеті нашарлаған балаларға таптырмас орын болары анық. Кең әрі жарық бөлмелер. Үшінші қабаты жатақхана, 2-3 адамға ғана арналған бөлмелер, заманауй техникамен жабдықталған сынып бөлмелері балалардың алаңсыз білім алуына мүмкіндік сыйлары даусыз.

Қарағанды қаласындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры М.Оразбековтің айтуынша, мұндай мектеп республика көлемінде жоқ. Тіпті, Қарағандыда осындай мектептің салынып жатқанын естіген ресейліктердің өзі де таңданыс тудырған сияқты.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдікенованың айтуынша, 250 орындық мектеп-интернат ғимаратының жартысы «Үміт» оңалту орталығына беріледі. Қазіргі таңда небары 60 бала қабылдау мүмкіндігіне ие орталық осы жерде балаларға сапалы педагогикалық, психологиялық түзету көмегін көрсететін болады. Ал, Кривогуз көшесінде орналасқан ғимарат Дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатына беріледі.

 

Суретті түсірген: Л.Галимов.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button