Covid-19КоронавирусҚарағанды

Эпидахуал алаңдатады

Аймақта коронавирус инфекциясы мен тұмау жұқтырғандар саны күн санап көбеюде. Созылмалы жұқпалы аурулар – туберкулез бен бруцеллез бірнеше есеге өскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин мәлімдеді.

Эпидахуал алаңдатады

Коронавирус пен тұмау қарқын алуда

Өңірде коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы қанағаттанарлық деп саналғанымен, эпидемиологиялық мониторинг деректері сырқаттанушылық көрсеткіші 1,8 есеге өскенін көрсетті. Инфекция жұқтырғандар саны тәулігіне 10 адам болса, 24 қарашадағы тәуліктік көрсеткіште 27 жағдай тіркелген.

Қазіргі уақыт – ЖРВИ, тұмау ауруларының эпидемиологиялық маусымы. Қазанның басынан жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 11 561 жағдайы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 1,2 есеге өскен. Атап айтқанда, В тұмауының 133 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 43 бала тұмаумен ауырған. Бүгінде тұмаудың ерте және белсенді айналымы өтуде. Аурудың көпжылдық динамикасын талдау кезінде, аймақта тұмау мен ЖРВИ жұқтырғандар саны желтоқсан айының соңы мен 2023 жылдың ақпан айының ортасында өсуі мүмкін деген болжам күтілуде.

Жергілікті бюджет қаражатынан 172 200 доза мөлшерінде тұмауға қарсы вакцина алынды. Қазіргі уақытта халықтың 14,2%-ы, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 21%-ы тұмауға қарсы егілді.

Суық тию себебінен, еңбекке қабілеттілігін уақытша жоғалтқандар саны да күрт өсіп, 40%- ды құрады. Әсіресе, көмір, металлургия өнеркәсібі, автокөлік кәсіпорындарында, Халыққа қызмет көрсету, сауда салаларында сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі байқалуда.

Тұмаудан қорғану мен зақымдану мөлшерін азайтудың тиімді тәсілі – вакцина алу. Әрі сырқат белгілері бар адамдармен байланыста болмау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жылы киіну, медициналық бетперде кию, жеке гигиенаны сақтау қажет.

Созылмалы жұқпалы аурулар күрт өскен

Аймақта жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылық 56%- ға, бруцеллез 22%-ға, туберкулез 32%-ға, дерматомикоз 48%-ға, қышыма 42%-ға, жіті тамақтан улану 1,6 есеге, энтеровирустық этиологияның серозды менингиттері 7 есеге өскен.

Биыл алғаш рет бруцеллездің 22 жағдайы анықталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі төрт бала ауырған. Ауру, көбінесе, ауыл тұрғындары арасында тіркелуде. Шахтинск қаласының тұрғындары арасында бруцеллезбен сырқаттанушылықтың 6 есеге, Абай ауданында – 5 есеге, Шет ауданында – 4 есеге, Бұқар жырау ауданында – 3 есеге өсуі байқалды. Аурудың негізгі жұқтыру себебі, 95% – өңдеусіз сүт өнімдерін тұтынумен және үй жануарларына күтім жасаумен байланысты.

Биыл туберкулезбен сырқаттанғандардың жоғары көрсеткіштері Балқаш, Қаражал, Жезқазған, Теміртау, Сәтбаев қалаларында, Ұлытау, Абай және Нұра аудандарында байқалады. Кейінгі кезде жаңа туған нәрестелердің ата-аналарының туберкулезге қарсы егуден бас тарту жағдайлары жиілеп кетті. Салдарынан 1596 жаңа туған нәресте егілмеген.

Туберкулездің алдын алудың нақты шарасы – иммунитеттің дамуын ынталандыратын вакцинация және де жыл сайынғы флюорографиядан өту.

«Ауру – астан»

Облыста суши мен роллдан улану жиі тіркелуде. Мәселен, Теміртау мен Қарағандыда топтық уланудың 3 жағдайы тіркелді. Зардап шеккендердің басым бөлігі Instagram арқылы тапсырыс берген. Суши компоненттерінде инфекция қоздырғыштары жақсы сақталады және көбейе береді.

Тез дайын болатын өнімдерді сатып алуда мұқият болған жөн. Арнайы гигиеналық талаптарға сай орындардан тамақтанған немесе тапсырыс берген тиімді. Азық-түлікті термиялық өңдеу, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді мұқият жуу міндетті.

Облыс тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар аурулардың алдын алуда жүйелі жұмыстар атқарылып, жақсы нәтижеге қол жетті. Атап айтқанда, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың арқасында инфекциялық және паразиттік сырқаттанушылық бойынша қалыпты эпидемиологиялық жағдай байқалуда. Дифтерия, полиомиелит, қызамық, қызылша, сіреспе, сібір жарасы, құтыру инфекциялары тіркелмеген. «А» вирустық гепатиті, менингококк инфекциясы, эпидемиялық паротит өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда деңгейі төмендеген.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button