Ресми

Энергетика – экономиканың басты тетігі

«Қазақстан Республикасы Президентінің № ЗТ-К-17709.1 тапсырмасына сәйкес бұйырамын. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасы» бекітілсін». Бұл – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасы жобасын бекіту туралы бұйрығы.

Көрер көзімізге түсініксіз  ЗТ-К-17709.1 номірлі бұл не тапсырма екен? Даярсыз ба, кеттік онда…

энергетика

Бағам + үнем = игілік пен қауіпсіздік

Қазақстан Республикасы Президенті Үкіметке тарифтік жоспарлар жөнінде монополист операторлар мен делдалдар алып отырған тарифтер мен комиссияларға бір ай ішінде талдау жүргізіп, табиғи монополия нысандарының тарифтік саясатын біркелкілендіріп, отандық нарықтағы ахуалын үйлестіруді тапсырған еді. Сайып келгенде, Мемлекет басшысының тапсырмасы тиянақты орындалған болып шықса, отандық энергетикалық сектордың жай-күйі тұтасымен түрлене түспек.

Бұл орайда Қазақстан Республикасының электр энергетикасы – елдің тіршілігін қамтамасыз етудің, экономиканың қызмет етуі мен дамуының негізі болатын аса маңызды сала. Отанымызда электр энергиясын өндіруді әртүрлі меншік нысанындағы 200-ге жуық электр станциялары, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері де жүзеге асырады. Электр энергиясын өңірлік деңгейде  тасымалдауда 19 өңірлік электр желілері кәсіпорны (ӨЭК) және 145 шағын электр жеткізуші ұйым бар.   Олардың қарамағында  кернеуі 0,4-220 кВ электр желілері бар. Қазіргі таңда өңірлік электр желілерінің тозу деңгейі шамамен 65%.

Шындығында, еліміздегі түпкі тұтынушылардан алынатын электр энергиясының бағасы негізгі тауар ретінде аймақтар арасында айтарлықтай өзгеріп отырады. Бұл өз кезегінде халық пен бизнес өкілдері үшін теңсіздік туғызады. Энергетика бағамының тұрақсыздығы энергия өндіруші ұйымдар үшін жеке бағаны реттеуден басқа, жергілікті атқарушы органдар мен табиғи монополиялар саласындағы реттеуші органның тұтынушылар топтары бойынша тарифтерді саралау саясатының олқылығынан.

энергетика

Біріккен энергетикалық не береді?

Тұжырымдама жобасының негізі тіні электр энергетикасы Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі жағдайында жұмыс істейді деген мәнге ие. Ол – электр станцияларының, электр беру желілерінің және қосалқы станциялардың сенімді және сапалы қуатын қамтамасыз ететін жиынтығы іспетті. Сонымен БЭЖ не тұжырады?  Республикада БЭЖ шартты түрде үш аймаққа бөлінеді.  Солтүстік, Оңтүстік және Батыс. Солтүстік аймаққа Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстары және Астана қаласы кіреді.

Электр энергиясы мен қуатының көтерме сауда нарығын дамыту жолында нарықты трансформациялау шеңберінде қысқа мерзімді перспективада электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуды, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының нақты режимде жұмыс істеуін көздейтін жаңа мақсатты нарық үлгісіне көшу алгоритмі пысықталуда. Оның бір нәтижесі ретінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» инвестбағдарламасын атап өтуге тұрарлық. Нысаналы модель шеңберінде тәуліктік кестеге енгізілген электр энергиясының жоспарланған көлемін сатып алу-сату және төлеуге көшу қамтамасыз етіледі, ал одан барлық ауытқулар электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы арқылы реттеледі.

 

Инвестиция – дем

Инвестиция кез келген салаға берілер дем-күш. Нарықтық модельді трансформациялау электр энергетикасы саласына, оның ішінде нақты және болжамды тарифтік саясатты қалыптастыру, тарифтерді индекстеу шеңберінде инвестицияларды тиімді және экономикалық негізделген тарту есебінен инвестициялық ахуалды жақсартумен қатар жүреді. Қазірдің өзінде тарифтік реттеу жөніндегі мемлекеттік саясат оларды инфляция деңгейіне индекстеуді қамтамасыз ете отырып, он жылға дейінгі көкжиекке арналған тарифтер деңгейлерін анықтауға бағытталады. Тарифтердің өсуін барынша азайту үшін мемлекет қысқа мерзімді перспективада қолда бар қаржы ресурстарының көлемін анықтай отырып, электр энергетикасы саласын жеңілдетілген несиелеудің мемлекеттік бағдарламасын ашады. Сонымен қатар, тұтынушылардың жекелеген санаттарын тарифтердің өсуінің әсерінен қорғау мақсатында бүгінгі тәжірибені ескере отырып, мақсатты субсидиялау үшін жағдай жасалатын болады.

Жылу-энергетика саласының әлеуметтік аспектісін ескере отырып, инвестиция тартуды ынталандыратын және инвестициялардың қайтарылуына кепілдік беретін гибридті модельді енгізу қажет, оған жылу энергетикасы саласын қаржыландырудың қолданыстағы тетіктері кіреді.

– Энергия құны өзге мемлекеттермен салыстырғанда бізде көп-көрім арзан. Дәстүрлі энергия көзімен қатар баламалы «жасыл технологияның» да үлес салмағын ұмытпаған пайдалы. Оның құны одан да арзан. Күн энергетикасын дамыту экологиялық тұрғыдан да тиімді. Екі секторды «ақылды желілер» Smart Grid технологиясы арқылы әдемі үйлестіруге болады. Бұл  Ресейде жақсы дамып келеді, – дейді күн энергетикасы қауымдастығының тәуелсіз директоры Артем Слесаренко.

Техникалық жарақтандыру тұрғысында автономды және бөлінген генерацияны, баламалы және жаңартылатын энергия көздерін, энергияны жинақтау және сақтау технологияларын дамыту, интеллектуалды энергия жүйесінің элементтерін енгізу маңызды.

энергетика

Өңір өрісі

Дамуға жаңа серпін беру үшін әлемдік өндірушілер мен отандық компаниялармен бірлесіп, энергетикалық жабдықтар мен қондырғыларды, сондай-ақ, керек-жарақтарды шығаратын жергілікті зауыттарды құруға ерекше рөл беріледі. Қабылданған шаралар шеңберінде энергетикалық активтердің тозу деңгейін ағымдағы көрсеткіштерден орта есеппен 15%-ға төмендетуге тура келеді. Өсіп келе жатқан ЖЭК қуаттарының елдің энергетикалық жүйесіне кері әсерін азайту мақсатында ЖЭК нарығының қатысушыларына қойылатын техникалық талаптар енгізіледі.  Тиімді жылумен жабдықтау жүйесін құру жаңартылатын энергия көздерін және баламалы энергия көздерін пайдалану негізінде жылу энергиясы көздерінің үлесін арттыру арқылы мүмкін болады.

– Облыстық әкімдік аясында арнайы штаб жұмыс атқарады. Штаб арнайы бекітілген кесте мен бағдарлама шеңберінде іс жүргізеді. Қарағанды облысы аумағындағы жеті жылыту электр орталықтарының жұмысын үздіксіз қамтамасыз етуге биылға түрлі деңгейдегі қазынадан 16 млрд.теңге қарастырылды. Осы қаражат арқылы 45 қазандық пен 29 тоқ өндіретін генератордың жұмысы жолға қойылады. 22 шақырымнан астам жылу тасымалдайтын желілер жаңалануда. Электр желілері 100 шақырымнан астам аумақта ауыстырылады,– дейді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Әлеуметтік және экономикалық қауіпсіздік. Инвестициялық бағдар шеңберінде электр энергетикасын жандандыру, сонымен қатар, жалақыны арттыру және әлеуметтік пакетті жетілдіру шеңберінде энергия объектілері иелерінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуді талап етеді, бұл өз кезегінде электр энергетикасы саласын дамытудың драйвері. Ұжымда жоғары білікті мамандар санының артуы өндірістік және технологиялық көрсеткіштерді жақсартуға, соның ішінде энергетикалық кәсіпорындардағы апаттар мен жарақаттарды азайтуға қолайлы жағдай жасайды.

 

Көкжиек

Энергетика мен экология – егіз ұғым. Электр энергетикасының ағымдағы жай-күйін және Париж келісімінің температуралық мақсатына Қазақстан Республикасының ұлттық тұрғыдан айқындалған үлесін ескере отырып, дәстүрлі және баламалы энергетиканы теңгерімді дамытудың мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу қажет.

Жыл ішінде тұтыну өсімін ескере отырып, 2035 жылға дейін ел буынының жаңа құрылымы айқындалады, ол Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімге негізделеді. Бұл кәдеге жарату объектілерін инвестициялауға және қажетті жүйені құруға, сондай-ақ елде көміртегі квоталарын бөлу науқандарын қайта қарауға мүмкіндік береді.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button