Елордаға еңбек сіңіргендер еленді
Астана күні қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов ел дамуына, сонымен қатар, ел жүрегі Астананың құрылысына атсалысқан бірқатар азаматтарға салтанатты жиын ұйымдастырды. «Еліміздің астанасы – Ұлы Дала жүрегі» атты шарада Алғыс хаттар табысталып, ардагерлерге құрмет көрсетілді. Өнерпаздар өнер көрсетті, мемлекетіміз еңсерген белестер мен жетістіктер асқақ үнмен айтылды.
Мерекелік үстелдің алғысөзін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов айтты. Ол дөңгелек үстел басына еліне еңбегі сіңген азаматтардың жиналғанын және оларға құрмет көрсету жас буынның міндеті екенін айрықша атап өтті.
– Құрметті біздің игі жақсылар, Сіздерді мереке қарсаңында көргеніме өте қуаныштымын! Еліміз үшін бұл – ерекше мереке! Астана – егемендігіміздің, елдігіміздің айқын айғағы. Осында Астананың құрылысына қатысып қана қоймай, бас қаламыздың бойтұмарына айналған нысандарды тұрғызған дарынды сәулетшілер отыр. Сол сәулетшілер Қарағандыдан шыққанына ерекше қуанамыз! Біз сіздерді мақтан тұтамыз! – деді Нұрлан Бикенов.
Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында қарағандылықтар Елордаға қазақ халқының дархандығы мен қонақжайлылығын бейнелейтін «Қазақ еліне мың алғыс» монументін сыйға тартты. Сондай-ақ, осы монументке апаратын «Ұлытау» аллеясын жасады. Біздің дарынды инженерлеріміздің, құрылысшыларымыздың, сәулетшілеріміздің, мүсіншілеріміздің және суретшілеріміздің қатысуымен Астанада ондаған тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар бой көтерді.
Дөңгелек үстелге жиналған құрметті меймандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Астана қаласының циркіне кірер алдында сәндік мүсіндер жасаған Дүйсен Ержанов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Астанадағы «Қазақ Елі» монументінің маңын түрлі мүсіндермен сәндеген Мұрат Қалқабаев, «Қарағанды Промстройпроект» институтының бас инженері, Елорданың алғашқы құрылыс жобаларына қатысқан Юрий Дунаев марапатталды. Сонымен қатар, Есіл жағалауындағы көптеген маңызды ғимараттарға инженер болған Виктор Попов та осы қатарда. Оның қолтаңбасы «Ақордада», «Бейбітшілік және келісім сарайында», Гумилев атындағы Еуразия университетінде қалды. «Бәйтерек» тұрғын үй кешені де – осы Виктор Попов еңбегінің жемісі. Ал, еңбек ардагері, Владимир Корждың қатысуымен Беларусь Республикасы елшілігінің ғимараты, тікұшақтарға арналған ангар және Астананың басқа да нысандары жобаланып, салынды. Владимир Госман, Виктор Денисов, Юрий Кусиди, Виктор Арент есімді ардагер құрылысшылар да құрмет төрінен табылды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова Астананың гүлденуіне Қарағандының сәулетшілері ғана емес, дарынды өнерпаздары да, мәдениет майталмандары да өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
– Астананың іргетасы қаланған кезде бүкіл ел қуанды. Біз үшін бұл шет-шегі жоқ қуаныш еді. Сол уақытта Қарағандының өнерпаздары жас қаланың әр қуанышын думанға бөледі. Әр кешіне сән мен мән берді. Осыны зор мақтанышпен айта аламыз! – деді Рымбала Омарбекова.
Марапат пен құттықтау сөздер концерттің бағдарламаға ұласты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz