Жаңалықтар

«Еліміздегі ахуалдың тұрақтылығы маңызды»

Кендебай АДАМБЕКОВ,

ҰҚК Қарағанды облысы бойынша  департаментінің бастығы,

генерал-майор:

«Еліміздегі ахуалдың тұрақтылығы маңызды»

      13 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының қызметкерлері мен ардагерлері отандық арнаулы қызметтің құрылғанына 25 жыл толу мерейтойын атап өтеді.

Кәсіби мереке қарсаңында 2-дәрежелі «Айбын» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін»  медалінің иегері, Қазақстан Республикасы ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Кендебай АДАМБЕКОВПЕН сұхбаттастым. 

 ДКНБ-1

 

– Кендебай Сарыбайұлы, сөз басында ҰҚК органдарының құрылу тарихына тоқталсаңыз…

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1992 жылғы 13 шілдедегі Жарлығымен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды.

Жарлықтың қабылданған күні – ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылған күні және біздің кәсіби мерекеміз болып есептеледі.

Осы сәттен отандық арнаулы қызметтің тарихы басталады.

Елбасымыздың ұдайы қолдау көрсетуінің арқасында қазіргі Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдары көп салалы, мобильді, техникалық қамтылған құрылымға айналды.

Комитеттің аумақтық органы – ҚР ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті де осындай сипатқа ие.

 

– Қазақстанның қазіргі ҰҚК-нің ерекшелігі неде?

– Қазіргі кезде еліміздің қауіпсіздігі мүддесіне қызмет етудің ҰҚК құрылған сәтінен айырмашылығы айтарлықтай.

XXI ғасырда халықаралық терроризм және діни экстремизм түрінде кеңінен етек жайған қауіптің жаңа нысандары Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары үшін қатаң сынақ болуда.

Арнаулы қызметтің тағы бір ерекшелігі – терроризм актілерінің алдын алу және экстремизм ошақтарының жолын кесу. Жұмыстарымыздың негізгі бағыттарының бірі – осы қауіптерге жол бермеу. Әйтпесе, аталған қауіптердің салдары ауыр екендігі мәлім.

Сондықтан, ҰҚК органдары қызметі тиімділігінің бас индикаторы – ашылған қылмыстар мен сотталғандардың саны туралы статистикалық мәліметтер емес, еліміздегі ахуалдың тұрақтылығы.

 

– ҰҚК органдары құрылғанына 25 жыл толды. Осы жылдар аралығында ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті қандай қиыншылықтардан өтіп, қандай көкейкесті мәселелерді шешуге тура келді? Қазіргі кезде аумақтық орган алдында қандай міндеттер тұр?

– Уақыт зымырап барады. 25 жылдың қалай өтіп кеткенін білмей қалдық. Бұл жылдар қиын болғанымен, қызық сәттері де көп болды. Бастапқы құрылу кезеңінде мәселе көп болды (кадрлардың, қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз етілудің жетіспеушілігі және тағы да басқа көптеген мәселелер).

Осының бәріне еліміздің қиын уақытты бастан кешуі себеп болды. Естеріңізде болса,  бұл кезең «тоқсаныншы жылдар – тоқырау жылдары» деп аталған.

Сол кезде қылмыс барлық салаларда орын алған болатын – жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесі кеңінен тарады. Халық экономикалық дағдарыс жағдайында өмір сүрді.

Шетелдік субъектілер біздің елімізді өзінің үйіндей сезінді.

Алайда, біз барлық қиындықтардан ойдағыдай өтіп, оларды жеңдік. Біз барлығына төтеп бердік.

Осылайша, бар күш-жігерімізді Отанымыздың игілігіне жұмсау арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік.

Біздің ең басты құндылықтарымыз – егемен Қазақстанның бейбіт өмірі мен ашық аспаны, халықтың ауызбіршілігі, экономикамыздың дамуы.

Уақыт өзгереді, онымен бірге геополитикалық ахуал да өзгереді. Бұл біздің жұмысымызға тікелей әсерін тигізеді.

Бізге бұрынғыдан да күрделі, жаңа мақсаттар қойылуда.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің мүдделеріне төнген қауіп-қатерді есепке ала отырып, ҰҚК Департаментінің алдына келесі міндеттер қойылған:

– жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

– арнаулы қызметтердің, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ, жекелеген адамдардың барлау-бүлдіру және Қазақстан Республикасының өзге де конституциялық құрылысын, экономикалық және қорғаныс әлеуетін әлсіретумен және (немесе) оның қауіпсіздігіне өзге де залал келтірумен байланысты іс-әрекеттерін анықтау, алдын алу және жолын кесу;

– Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған террористік және өзге де іс-әрекеттерді анықтау, алдын алу және жолын кесу;

– облыс аумағында терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіруге қатысу;

– заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының қарауына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;

– Заңдар,  Президент пен ҰҚК Төрағасының актілерімен белгіленетін басқа да міндеттер.

Қазіргі таңда аталған маңызды міндеттерді ұлттық қауіпсіздік органдары мемлекеттік басқа  органдармен қоян-қолтық ынтымақтасып шешуде.

Осы мәселелерді шешу барысында қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған.

 

– Осы уақыт аралығында Қарағанды облысы бойынша ҰҚК Департаменті қандай операцияларды сәтті жүргізді? 

Өткен жылдар ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Біз қызметтің барлық бағыттары бойынша қомақты нәтижелерге қол жеткіздік. Олар, тек, біздің Департаменттің ғана емес, жалпы Комитеттің қанжығасына байланды.

Өкінішке орай, құпияны сақтау қажет болғандықтан, олардың көпшілігі жайында мен әңгіме қозғай алмаймын, уақыттары әлі келген жоқ.

Жұмысымыздың кейбір нәтижелері туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған.

Мысалы, ҰҚК қолданған шаралар нәтижесінде, Қарағанды облысы бойынша ҰҚК Департаментінің қатысуымен 2007 жылғы тамызда Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының 30 белсендісін соттады.

Нәтиже тиімділігін көрсетті. Алматы, Астана, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды және Павлодар облыстарында «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының 167 мүшесі өз еркімен ұйымнан шығып, 5000 дана түрлі экстремистік мазмұндағы әдебиет тапсырды. Кінәсін мойындап, өз еркімен келгендер қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ.

Өткен жылғы мамыр айында ҰҚКД-мен Балқаш аймағында террористік акт жасамақшы болған бір топ адам туралы да мәліметтер қолға түсірілді.

Топ мүшелері әскери бөлімдердің бірінде қару-жараққа қол жеткізіп, қаланың мемлекеттік мекемелеріне шабуыл жасауды көздеді.

Мақсаттарына жету үшін қаскүнемдер ұзақ уақыт бойы әрекет ету жоспарын дайындап, көптеген қару-жарақ пен қолдан жасалған жарылғыш заттарды дайындады.

ҰҚКД қызметкерлерінің қажетті шараларды уақытылы қолданудың нәтижесінде, топ әрекеттерінің алды алынды.

Құрықталғандардың барлығы кінәсін мойындап, террористік актіні жасауға дайындалғандары расталды.

Өткен жылдың желтоқсанында кінәсін мойындауы мен тергеуге жәрдем еткенін ескере отырып, топ мүшелері 7-ден 11 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандықтарынан айырылды.

Елде есірткі бизнесінің таратылу қауіпінің жолын кесу мақсатында, ҰҚК органдары орасан зор қызмет атқарды. 25 жылда жүйелі және ауқымды жұмыс жасалды.

Мәселен, 2012 жылдың желтоқсан айында трансұлттық есірткі құрылымдарына қарсы іс-қимыл аясында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында Қарағанды облысы Абай ауданы Жұмабек ауылының маңында пияз қаптары тиелген тіркемесі бар «КамАЗ» ұсталды.

Көрсетілген автомашинаның тіркемесін қарау нәтижесінде, домалақ басты пияз деп жасырынған героин мен гашиш сияқты есірткі заттары бар әрқайсысы 1 келі 103 пакет және 505 контейнер анықталды.

Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 164 келі, 493 грамм героин мен 44 келі, 92 грамм гашишті құрады. Кінәлілер анықталып, сотталды.

2016 жылдың маусымында Қарағанды қаласында Қазақстан арқылы Ресейге есірткі заттарының тасымалдануын қамтамасыз етіп отырған екі тұлға ұсталды.

Ұстау кезінде жалпы салмағы 11 келіні құрайтын «героин» заты алынды.

Осы бағыттағы жұмыс нәтижелері туралы халық хабардар болды. Ризашылықтарын білдірді. Қоғамды осы қауіп-қатерден сақтау бағытындағы жұмыстарымыз үшін алғыстарын жергілікті газетте көлемді мақала шығару арқылы көрсетті.

Басқа да маңызды іс-шаралар өткізілді.

Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламасын, сондай-ақ, Қазақстанның ядролық қару мен радиобелсенді бөліктердің таралуына жол бермеуге байланысты халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыру аясында, ҰҚКД-мен радиобелсенді материалдардың деструктивті бағыттағы және криминогенді адамдардың қолына түсудің жағымсыз зардабын болдырмауы үшін қажетті шаралар жүзеге асырылуда.

Мәселен, біздің Департамент қызметкерлері аймақтың өнеркәсіп мекемелерінің бірінен ұрланған «Цезий» радиобелсенді химия­лық элементінің үлкен топтамасын сатуды көздегендердің жолын кесті.

Сол кезде қаскүнемдер қылмыс жасау үстінде құрықталып, заңмен көзделген тиісті жазаларын алды.

 

– Қазіргі кезде ғаламтор, оның ішінде, әлеуметтік желілер қоғамдық сана-сезімге үлкен ықпалын тигізуде. Мәселен, терроризм мен діни экстремизмді насихаттауға жол бермеу үшін қандай іс-шаралар жүргізіледі? 

– Ғаламтор халықаралық террористік ұйымдар мен оларды жақтаушылардың мүмкіндіктерін ұлғайтты.

Осы ұйымдар басшылары мен мүшелері ғаламтор арқылы өздерінің көптеген мәселелерін шешуге тырысады.

ҚР Қылмыстық кодексі 256-бабының 2-тармағында (ғаламтор арқылы терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) осындай материалдарды таратқаны үшін жауапкершілікке тарту көзделген.

Осы бап бойынша кінәлі деп танылғандар жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.

2016 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін осындай қылмыстар жасағаны үшін Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды мен Теміртау қалаларының бірқатар тұрғандары құрықталып, кейін сотталған.

Осы мәселемен күрес аясында біз басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, сәйкесінше алдын алу шараларын жүргіземіз.

 

– Біздің білуімізше, аймақта тұрақты түрде терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өткізіледі. Мұндағы мақсат қандай, тиімділігі бар ма?

– Терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында, тұрақты жұмыс істейтін облыстық жедел штаб құрылған. Ал, облыстың қалалары мен аудандарында қалалық және аудандық штабтар әрекет етеді. Олардың келесі негізгі міндеттері бар:

– терроризмге қарсы операцияны өткізуге қажетті күштер мен құралдардың дайындығын  дамыту үшін жағдай жасау;

– терроризм актісінің жолын кесу, жедел медициналық көмек көрсету, медициналық-психологиялық қолдау, апаттан құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды өткізу, сондай-ақ, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы оның зардаптарын барынша азайту және жою бойынша терроризмге қарсы операцияны дайындау мен өткізу.

Облыстық, қалалық, аудандық жедел штабтардың қызметін басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарының бастықтары жүзеге асырады.

Осы штабтардың тұрақты мүшелері:

– Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесінің бастығы, ол штаб басшысының орынбасары қызметін атқарады;

– Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бастығы;

– Жоғары тұрған қолбасшылықтың шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері гарнизонының бастығы;

– Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери бөлімінің командирі;

– Облыс, қала, аудан әкімдерінің бірінші орынбасарлары;

– Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органның ақпараттандыру және байланыс мәселелері жөніндегі аумақтық бөлімшесінің басшысы.

Жедел штаб басшысының шешімі бойынша штабтың құрамына өзге де мемлекеттік органдардың басшылары енгізілуі мүмкін.

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтардың басшылары жұмыс жоспарларында көзделген терроризмге қарсы оқу-жаттығулар мен жаттықтыруларды үйлестіру, өзара іс-қимылдарды жетілдіру, өткізу мәселелерін әзірлеу үшін шақырады.

Оқу-жаттығулар террористік сипаттағы қауіп-қатерлердің пайда болуы кезінде жедел штабтың өз міндеттерін атқару үшін күштер мен құралдардың дайындығын тексеру мақсатында жүргізіледі.

Жүргізілген оқу іс-шаралары аясында арнайы операциялар жүргізу бойынша штаб мүшелерінің дағдылары пысықталады.

Терроризмге қарсы оқу-жаттығулар біз­дің қызметтік өміріміздің ажырамас бөлігі болып отыр.

Өткізілген іс-шаралардың сараптамалары жедел штаб мүшелерінің қауіпті ахуалда әрекет ету бойынша білімдері мен дағдылары деңгейлерінің жоғарылығын көрсетеді.

 

– Жалпы, ҰҚК органдарына қызметке тұру қиын ба? Үміткерге талап қандай?

ҰҚК-де қызмет ету үшін азаматтың денсаулығы мықты және де жоғары білімі болуы тиіс. Сонымен қатар, парасатты болуы және ой-өрісінің кең болуы да айтарлықтай маңызды.

Біріншіден, үміткерлердің отансүйгіш, тәртіпті және өзіне талапқойғыш болуы шарт. Сондай-ақ, Республикамыздың кез келген аймағында қызмет етуге, арнаулы мемлекеттік органдағы қиыншылықтары мен кемшіліктерін бастан кешуге дайын болуы қажет.

Қызметіміз қиыншылықтарға толы және ауыр. Күнделікті ақылға салып шешетін мәселелер көп болғандықтан, психологиялық және физикалық жүктемелерге төзу үшін табандылық пен сабырлық қасиеттер керек.

Аталған талаптарға сай келетін және өз өмірін Отанымыздың игілігіне арнайтын азаматтар үшін есігіміз ашық.

Қызметке тұруға ниеті бар үміткерлер тұрғылықты мекен-жайы бойынша ҰҚК аумақтық органына барып, тиісті құжаттар тізімін тапсырып, қызметке жарамдылығын анықтау үшін арнаулы тексеру, психофизиологиялық, әскери-дәрігерлік комиссиясының медициналық куәләндіруінен, полиграфологиялық зерттеулерден өтуі керек.

 

– Биыл Сізге генерал-майор атағы берілді. 25 жыл ішінде Департаменттің қанша басшысы осындай жоғары атаққа ие болды?

Генерал погондары – бұл тек қана менің жеке еңбегім емес. Бұл Департаментіміздің және барлық қызметкерлердің атқарған қызметінің жоғары бағалануы деп есептеймін. Бұл атақ – барша әріптестеріме ортақ.

Жеке құрамға Отанға деген игі қызметі үшін алғыс білдіремін.

Менен басқа, 2002 жылы генерал атағы Қабдұлкәрім Ратайұлы Әбдіқазымовқа берілген.

Ол 2-дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерінің және ҰҚК Құрметті қызметкері атағының иегері болып табылады. ҰҚК Төрағасы орынбасары лауазымында және көп жылдар бойы Комитеттің басшы құрамы қатарында қызмет атқарған. Қазіргі кезде зейнеткер.

 

– Кендебай Сарыбайұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне бір-екі ауыз жылы лебізіңізді білдірсеңіз…

– Ұлттық қауіпсіздік органдарының барлық қызметкерлері мен ардагерлерін отандық арнаулы қызметтің құрылғанына 25 жыл толу мерейтойымен құттықтаймын. Оларға мықты денсаулық, амандық, ашық аспан және ортақ Отанымыз – Қазақстанның игілігін асқақтатуда жаңа жетістіктер тілеймін.

– Рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button