Елдіктің ерен белгісі
Елдіктің белгісі болып есептелетін құндылықтарды қастерлеп, оларды болашақ буынға еңселі қалыпта жеткізу – жалпы қоғамның, қалаберді, елдің әр азаматының қасиетті парызы. Осынау бірегей борышты терең сезініп, ұлттың басты құндылығы – Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету және насихаттау шаралары Сәтбаев қаласында мақсатты түрде жүйелі жолға қойылған. Соның негізінде аталған бағыттағы жоспарлы жұмыстар Тәуелсіздіктің төл нышандарының 25 жылдығына орай, кең мағыналы сипатқа ие болуда.
Жоғарыдағы тұжырымға ҚР Мемлекеттік рәміздері күні кеншілер шаһарында бұқаралық мәні бар іргелі іс-шаралардың ұтымды ұйымдастырылуы айшықты айғақ бола алады. Рухы биік мерекеде ел мерейін өсірген мағыналы һәм мазмұнды бағдарламалар жалпықалалық жеңіл атлетикалық марафонмен басталып, одан әрі тартымды безендірілген автошеруге ұласты. Осы орайда, жалпықалалық марафонға қатысушылардың қатары мейлінше қалың болғанын және олардың арасынан жас шамасы алуан түрлі адамдардың бой көрсеткенін атап өту артықшылық етпейді. Ал, автошерудің сыртқы келбеті көрген жанның көзін қуантып, әркімнің көңіліне мақтаныш сезімін ұялатқаны хақ. Мемлекеттік Туды желбіреткен жеңіл автокөліктер қаланың Комаров – Ұлытау – Қалмағамбетов – Тәуелсіздік даңғылы секілді басты көшелерінің бойымен жүріп өтіп, Кеншілер алаңындағы салтанатты митинг өткізілетін тұсқа аялдады.
Сәні келіскен, жұртшылық өз жүректерінің түкпіріндегі ой-пікірлерімен бөліскен жалпыхалықтық митингке қала әкімі Асқар Ыдырысов, қалалық мәслихат депутаттары, қаланың Құрметті азаматтары, мекеме-кәсіпорындар басшылары, тұрғындар мен қала қонақтары қатысты. Мемлекеттік рәміздер салтанатты жағдайда сахна төріне шығарылған соң қалың қауым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін қосыла шырқады.
– Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығы – қазақстандықтар үшін аса маңызды мереке. Ұлтымыздың бет-бейнесі іспеттес болған бұл рәміздер еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін, қазақстандық патриотизмді айғақтайды. Сондықтан, біз жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, оларды ел рәміздерін құрметтеп, байыпты бағалауға тәрбиелеуіміз керек. Азаттығымыздың алдаспанына айналған рәміздерге қазақ халқы қандай қиындықпен қол жеткізгенін қазіргі жастар естерінен ешқашан шығармауы тиіс, – деді қала басшысы Асқар Абылайұлы өзінің жүрекжарды құттықтау лебізінде.
Ілкімді іс-шара барысында қала әкімі Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдық мерейлі мерекесіне орай, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіне қосқан жеке еңбек және шығармашылық үлесі үшін әр салада еңбек ететін бір шоғыр майталман тұлғаларды лайықты марапаттады.
Митингте сондай-ақ, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук пен ел келешегінің кепілі – жастар қауымының атынан сөз алған Амангелді Құрақбай барша халықтың қуанышын бөлісіп, құттықтау лебіздерін білдірді.
Сол күні көрермендер назарына үгіт-насихат тобының әсерлі қойылымы мен қала өнерпаздарының күшімен әзірленген театрландырылған көрініс ұсынылды. Олардың барысында елдіктің ерен белгілері – Мемлекеттік рәміздердің мағыналық ерекшеліктері кең тұрғыда ашылып көрсетіліп, қастерлі құндылықтардың маңыздылығы дәріптелді. Тақырып аясын қамтитын өлең-жырлар оқылып, патриоттық мазмұндағы әндер шырқалды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
СӘТБАЕВ қаласы.
Суретті түсірген М.ШАХАЕВА.