Басты тақырыпТеміртау

Елбасының өміршең әндері

    Теміртау қаласында өткен мерейлі мерекені қала тұрғындары қазақ елінің Тұңғыш Президентіне арнады. Тәуелсіздік тойы қарсаңында Елбасы сүйіп шырқаған әндер айтылды.

   Сейсенбі күні Теміртау қаласының мәдениет үйінде ине шаншар орын болмады. Қала халқы Елбасы күніне орай ұйымдастырылған фестивальге қатысып, шараны жоғары деңгейде өткізген өнерпаздарға қошемет білдірді. Елбасының өмірінде әннің аса маңызды орын алатынын ескерген теміртаулықтар Мемлекет басшысының авторлығымен жазылған Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады.

Фестивальді мемлекеттік қызметкерлер салтанатты ант қабылдау рәсімімен ашып, Мемлекет басшысының авторлық әндері, сонымен қатар, сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де туындылар шыр­қалды. Жиналғандар сол әндер арқылы өткенге көз жүгіртіп, бейнекөрсетілім арқылы тарихи сәттерді еске алды. Елбасы түлеп ұшқан мекен суреттелген «Дарын» балалар вокалдық ансамблінің орындауындағы «Үшқоңыр» әніне қосылған бишілердің өнері сахнаның сәнін келтірді. Қазақ әндерінің арасында айрықша орын алатын шоқтығы биік туындыны жас өнерпаздар халыққа ұсынды.

Елбасының Теміртау қаласында қызмет жолын бастап, сол шақта шырқаған әндерін Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің студенттері әсерлі көрініспен жеткізе білді. Қарағанды металлургия комбинатының құрылысы салына бастаған жылдардан бейнеүзік көрсетіліп, Елбасының серіктестеріне «Заречная көшесіндегі көктем» әні арналды. «Калинка» ансамблі орындаған «Едем мы друзья» әні көрерменді көтеріңкі көңіл-күйге бөледі. Бұл әнді – сол жылдары жүздеген жастардың арасында жүріп, құрылысқа аттанған он сегіз жасар Нұрсұлтан Әбішұлы қосыла шырқаған. Сондай-ақ, фестиваль барысында халыққа кеңінен тараған «Ничья ка мисична», «Достар әнін» қала жастары көрермендермен бірлесіп орындады.

Қала тұрғындарын Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов Президент күнімен құттықтады. Облыстың қоғамдық-саяси өміріне атсалысқан «АрселорМиттал Теміртау» Металлургиялық комбинаты АҚ-ның кәсіподақ төрағасы Виктор Щетининді, сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» Металлургиялық комбинаты АҚ-ның экология жөніндегі директоры Галина Дроздованы, «Халықтар достығы» ҚБ-нің басшысы Ілияс Баймұрзаевты, Теміртау қаласы әкімінің аппараты құжаттармен қамтамасыз ету бөлім басшысы Ирина Иванованы, «Халықтар достығы» ҚБ төрағасының орынбасары Сайлаубай Айтбаевты Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Кештің көрігін қыздарған өнерпаздарға Теміртау қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Фестивальде әсерлі көңіл күйге бө­ленген теміртаулықтар Елбасының жастық шағына арналған «Жас ұландай жайнап өскен, Теміртаудың қаласы» әнін шырқап тарасты.

Аяулым СОВЕТ

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button