Руханият

Елбасымен бір сыныпта оқыған

    Желтоқсан айы қазақстандықтар үшін маңызды мереке – тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті күнімен басталады. Осы орайда, Елбасымен бірге бір мектепте оқып, балалық шағының, өмірдегі қалыптасуының куәгері болған сыныптасы, бүгінде Балқаш қаласында тұратын Раиса ПУПКОВАНЫҢ естелігін ұсынғымыз келеді.

Өте қарапайым, жылы жүзді Раиса Ивановна болашақ Мемлекет басшысымен Шамалған ауылында көрші тұрған. Балқаш қаласына отбасын құрған соң комсомолдық жолдамамен қоныс аударыпты.

«Зырылдаған уақыт-ай десеңші… 1957 жылы түсірілген осы бір ескі суретке қарап, мен бүгінде елімізді басқарып, Қазақстан халқына көшбасшылық етіп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлының мектептегі бейнесін жиі еске аламын. Бұл суретте Алматы облысының Шамалған ауылының Фурманов атындағы мектебінің белсенді жас натуралистері бейнеленген. Жоғарғы қатардағы ұзын бойлы, елден ерек сымбатты жігіт – Нұрсұлтан», – деп сарғайған ескі фотоға тағы бір үңіле қарап алды.

Раиса Ивановна Елбасы балалық шағынан-ақ ерек қасиеттерімен ерекшеленгенін айтады. «Ол оқушы кезінен-ақ жасындай жарқылдап, қатарластарынан оқ бойы озық тұратын. Оқу үздігі болып, мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүргенде-ақ ерекше зеректігімен, көшбасшылығымен көзге түсетін. Спортпен айналысып, домбыра, баянда керемет ойнайтын сегіз қырлы, бір сырлы бозбала еді. Біз бірге комсомол комитетінің мүшесі болып жұмыстар атқардық, түрлі үйірмелерге қатыстық. Менің жадымда, Нұрсұлтан әдептілігімен, әрі ұстамдылығымен, сонымен қоймай бастамашылдығымен сақталып қалыпты.

Раиса Ивановна үшін Елбасымен бір сыныпта оқу – зор мақтаныш.

«Елбасымен бірге бір мектептің табалдырығын аттап, қатарлас сыныпта оқығанымды іштей мақтан тұтсам да, жариялаған емес едім. Бірақ, жарыққа шыққан «Елбасы жолы» киноэпопеясын аса қызығушылықпен тамашалап, қатты толқыдым. Шынайы өмірден алынған туынды жайлы әсеріммен бөлісуді жөн санап, алғашқы рет журналистер қауымымен сұхбаттастым. Қарапайым ауыл баласының өзінің қажырлы еңбегімен, осындай үлкен дәрежеге көтерілуі шындық. Мен оның куәгерінің бірімін. Елбасының өмір жолы – бүгінгі жастарға үлгі алуға тұрарлық ерлік соқпағы», – дейді кейіпкеріміз.

Тіршіліктің заңдылығымен 1958 жылы Шамалғанның шағын мектебін аяқтаған 28 түлек шартарапқа тарап кеткен. Алтын ұядан түлеп ұшқандарына биыл 59 жыл болады екен. Содан кейін кейіпкерімізге Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесудің сәті түспепті. Әйтсе де, әрдайым теледидардан Президент қатысуымен болған жиындарды өткізіп алмай қарап жүреді. Оны өзіне іштей жақын тартып, ел өміріндегі маңызды шешімдер қабылдаудағы парасаттылығына талай мәрте тәнті болғандығын жасырмайды Елбасының сыныптасы.

 

Айнұр КЕНДІРБАЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button