Жаңалықтар

Елбасы жолдауы-тарих талғамы

Келешекке зор үмітпен

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Бес негізгі басымдық», «Маңызды кешенді үш міндет» сияқты бағыттар халық көңілінен шығып отыр. Елбасымыз осы жолы да көрегендік танытты. Жолдауда көрсетілген міндеттер мен басымдықтар арқылы дағдарыс заманында тығырықтан шығатын жолды көрсетіп отыр.

Әлемде түрлі өзгерістер болып жатқан заманда, қиын-қарбалас кезеңде елімізге серпіліс беретін және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында келесі қадам болып осы жолдау табылады. Тек ең бастысы, енді осы бағыттарды жүзеге асыруда асығыстық жасамай байыптылық танытсақ. Асығыс істелген істің олқылау болатындығын уақыт көрсетіп отыр. Үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басқан уақытта мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арт­тыру арқылы оның халықтың қажеттілігіне, сұранысына мойын бұруына ықпал жасалуы тиіс. Елбасымыз бұл жолдауында әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық, агросектор салаларын да ұмыт қалдырған жоқ. Осы салаларға ден беру арқылы хал­қымыздың жағдайын тезірек жақсартуға болады. Атап айтқанда, денсаулық саласында шұғыл түрде барлық дәрі-дәрмектің ба­ғасын реттеу, зейнетақыны, бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақыны 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, 20 пайызға дейін өсіру, жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болу жұмыстары болмақ.

Үкіметке әзірлеуге және қабылдауға тапсырылған «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасы еліміздің алдағы жылдары өрлеуіне зор септігін тигізеді деген үміттемін. Әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына кірудегі басты жолдың бірі де осы ақпараттық технология деп білемін. Өндірісті, агро­секторды, білім саласын ақпа­раттандыру арқылы көптеген жетістіктерге жете аламыз. Деген­мен, осыларды дамыту үшін ірі көлемде қаражат қажет. Ал, қаражатты тек инвестиция тарту арқылы аламыз. Сол себептен, елбасымыз Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырды және ол технопарк әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуы керек екенін ескертті.

Қазіргі бәсеке заманында ең басты міндет алға жүктелген тапсырмаларды сапалы, уақытылы орындау. Жолдаудағы аталған барлық міндеттер, басым бағыттар халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында және жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыстар. Сондықтан да, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз жұмыла ат салысуға тиіспіз. Атқарылған жұмыстар арқылы ғана Үкімет халықтың сеніміне ие болады. Алда күтіп тұрған зор белестерге зор үмітпен қарай отырып, әрбір Қазақстандық алдағы жүзеге асырылуға жататын жұмыстарға өз күшін салуға тиіс. Бұл жаһанда кез келген қиыншылыққа, бәсекелестікке қарсы тұру үшін уақыт талабына лайық шешім қабылдап, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндет­терді орындаудан басқа жол жоқ.

Еркін Шаймағанбетов,

Қазақстан Республикасы

Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті Қарағанды облысы бойынша қазынашылық департаментінің

Октябрь аудандық қазынашылық

басқармасының басшысы.

Сенімге серпін берді

Мен өндіріс саласында жұмыс жасайтындықтан, ел экономикасына бағытталған өзгерістерге баса мән беремін. Ел Президентінің 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында «Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс. Жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс. Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын»,- деген сөзі осы істерге серпін берері анық.

Бұған қоса Елбасы тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеу қажеттігіне тоқталды. Мен трансұлттық компанияда жұмыс жасайтындықтан, еліміздің қай саласының болмасын дамып-жетілуіне осы трансұлттық компанияларды көптеп тарту қажеттігіне қосыламын. Бұл елімізде жаңа-заманауи өндіріс орындарын көптеп ашуға, жұмыс орындары санын арттыруға септігін тигізеді.

Тағы бір басты мәселе – ол білім. Балаларымның болашақта Қазақстанның білімді де білікті азаматтары болып қана қоймай, дамып-жетіліп, елінің өркендеуіне өз үлестерін қосқанын қалаймын. Жолдаудағы төртінші басымдықта адами капитал сапасын жақсарту жайында толықтай баяндалады. Елбасы білім беру жүйесінің рөлі өзгеру тиіс дегенді айтты.

«IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет», – деген сөзі білім сапасын жоғары сатыға көтеру қажеттігін тағы бір айғақтайды.

Жолдау елдегі басты деген салалардың барлығын қамтыған. Халықтың жағдайын ойлап, баянды болашағымызға сенім білдіріп, сансыз жетістіктерге жететінімізді нықтады. Көшбасшымыздың биылғы Жолдауы – әлемдік маңызды тақырыптарды қамтып, әрбір отандасымыздың жүрегіне өз еліне деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтыра білді, сенімін нығайта түсті.

Сырым ҚАЗТАЕВ,

«Қазмарганец» кен басқармасы «Тур» кеніші кәсіподақ комитетінің мүшесі (Еуразиялық Топ құрамындағы «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы).

ЖОЛДАУ ЖОЛЫМЕН –

БІЛІМ БИІГІНЕ

Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздік алған жиырма бес жылдың ішінде экономикасы қарқынды дамыған, рухани дүниесі берік орныққан, саяси бағдары айқындалған, өркениеттік демократиялық жолмен дамып келе жатқан жасампаз мемлекеттің іргесін қалады.

Президентіміз өзінің ел халқына арнаған Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруының 5 негізгі басымдықтарын айқындап берді.

Әлемде кезекті, Төртінші өнер­кәсіптік революция басталғанын атап өткен Елбасы, экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келетінін айтты.

«Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет», – деп атап өтті.

Келешегі кемел Мәңгілік Елімізде бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгу қажырлы еңбекті қажет етеді. Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік.

Жаңажол МағзҰмов,

Сарышаған кенті ардагерлер

ұйымының төрағасы.

Ақтоғай ауданы.

Жаңғыртудың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру, қамту және ұлғайту мәселелерін басты назарға алды.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында негізгі бес басымдылықты атап көрсетті.

Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Cтратегиясының, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және мемлекеттің экономикалық жаңғыруына бағытталған басқа да бағдарламалардың маңыздылығы көрсетілген. Әзірленетін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жаңа индустрияларды қалыптастыруда әкімшілік-бюрократиялық тосқауылдарды және сыбайлас жемқорлықты төмендетіні сөзсіз.

Сонымен, биылғы Жолдау экономиканың барлық салаларын қамти отырып, Қазақстанның жаһанданған экономикадағы бағыт-бағдарын ашып берді.

Бауыржан ЕСЕНГЕЛДИН,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды

мемлекеттік университеті

экономика факультетінің деканы,

экономика ғылымдарының

докторы, профессор.

Мақсатқа апарар жолда

Елбасының 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын зор ықыласпен, қызығушылықпен тыңдадым. Себебі, бұл еліміздің дамуындағы тарихи кезеңдердін бірі.

Президентіміз бүгінгі таңда батыл қадам бастап, Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отыр. Жолдауда айтылған басымдықтар бойынша экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын 3D – принтинг, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету – еліміздің көштен қалмай одан әрі нығая түсуіне ықпалы зор екенін аңғарамыз. Айта кететін болсақ, төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Бұл орайда білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру, білім жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруі тиіс екендігі, әлеуметтік қамтамасыз ету саласы мәселелеріне аса көңіл бөлінді. Осының бәрі «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсатына апарар жол болмақ.

«Бегі әділ болса, елі бақытты,

Халқы түзу болса, бегі бақытты» – деп Жүсіп Баласағұн данамыз айтқандай, Елбасының жолдауын ел болып қолдауға шақырамын!

Д.Балабаева,

Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттамасы

жөніндегі мұрағатының мұрағатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button