Елбасы халықты байсалдылыққа шақырды

2020 жылғы 8 сәуірде Елбасы Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақалада Елбасы ұлт саулығы сынға түскен қазіргі уақытта барша қазақстандықтарды сабырға, байсалдылыққа шақырған.


Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жаңа бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызып, алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтап, көлік атаулының қозғалысы шектелгендігі, ел мен ел арасындағы шекаралардың жабылып, алыс-беріс тиылғандығын, мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отырғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Елбасымыз «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Біз біргеміз. Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз» деп ерекше тоқталып өтті.
Бүгінгі белең алған жағдай даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салып, соны бекем ұстануды талап етеді.