Бас тақырып

Ел сенді, Ер жеңді. Енді?

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа 6 млн. 456 мың 392 сайлаушы дауыс беріпті. Мұны Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Əбдіров мəлім етті.

Фото akorda.kz сайтынан алынды

Сайлау қорытындысы белгілі бола салысымен Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады. Бүгінде көп сарапшының бұл қабылдаудың мәнісін ұғына алмай, түрлі болжамның жетегінде кетіп, шарасыз күйге түскендей болғанын да айта кеткен жөн. Ресми ақпарға сенсек, Президент облыс басшысына өңір экономикасын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген.

Ал шын мәнісіне келсек, Қарағанды облысы сынды еліміздің индустриялық тірегі болып саналатын өндірісті өңірді Мемлекет басшысы ұдайы жіті назарда ұстайды. Мысалы, Президенттің осы жылдың 5 қазанында кеншілер астанасына келіп, жұртшылықпен кездескен кезіндегі «Облыс еліміздің өнеркәсіп секторында жетекші орынға ие. Аймақ қарқынды дамып келеді және экономиканың барлық саласы бойынша тұрақты өсім көрсеткішін сақтап отыр. Біз «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын нақты ұстанып келеміз», – дегені есте. Біле-білген адамға бұл жоғары баға және оны жауапкершілік жүктейтін жаңа меже деп те пайымдауға болады.

Сол кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Соның бірі – «Saran» индустриялық аймағына қатысты. «Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр, – деген Президент. – Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға да айнала алады және айналуға тиіс. Ол үшін лайықты жағдай жасалуы керек. Үкіметке «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырамын».

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының облысымызды көктеп өтетін күре жолдар құрылысына да назар аударып, нақты тапсырмалар бергені белгілі. Олардың қатарында «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал», «Қарағанды – Жезқазған» және «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолдары бар.

Қарағанды облысы дегенде, осындағы алпауыт кәсіпорын – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын айналып өту мүмкін емес. Сол кездесуде Президент осы кәсіпорынға қарасты нысандарда жұмысшылар қаза тапқан оқиғалардың жиі қайталанып отырғандығына алаңдаушылық білдірген болатын. Сол себепті ол ірі компаниялардың өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құйып отыруы керектігін еске қатаң түрде салған еді. «Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Иә, бұл біздің облысқа ғана қатысы бар шаруалардың бір парасы. Ал ел бойынша шешімін табуы тиіс мәселелер, атқарылар жұмыстар қаншама десеңізші?!

Қазақстан халқы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап кеткен реформалардың елдің саяси реңін өзгертерлік күш-қуатқа ие екенін сезініп отыр. Және басталған істің орта жолда тасталмағанын да қатты қалайды қаймана жұрт.

Осы орайда Арқа топырағының біртуар перзенті Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», деген айбынды сөзі еске түседі. Ал жаңадан сайланған Президент осы Ұлы миссия жолында нартәуекелге бел буып, ел басқару тізгінін өз қолына толығымен алды.

Иә, Ел сенді, Ер жеңді. Енді, отандастарымыздың бір атаның баласындай, тонның ішкі бауындай тату-тәтті тірлікпен Президент маңына топтасып, алдағы жеті жылда жеті жұрттың қамын жеген зор жауапкершілікпен жаңа, әділетті Қазақстанды құру ісіне белсенді түрде ат салысуы ғана қалды.

Қайрат ӘБІЛДА

ҚАРАҒАНДЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button