Руханият

“Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін…”

«Ер жігіт арының құлы» демекші, туғанына 150 жыл толып отырған Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – «Елім!» деп еңіреп өткен біртуар қайраткер. Ол – Ыбырайдың ұстаздығын, Абайдың ақындығын, Шоқанның ғалымдығын лайықты жалғаған кесек тұлға. Биыл құрылғанына 105 жыл болған «Алаш» партиясынан Ахметті бөліп қарай алмаймыз. Өйткені, Ахаң – қазақ халқының XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Биылғы қос мерейтойға орай «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Ахмет.Ұлт ұстазы» атты телехикая да түсіріп үлгерді.

ҚАРҚАРАЛЫДА ІЗІ ҚАЛҒАН

Ахмет Байтұрсынұлы 1905-1908 жылдары Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі қызметін атқарған. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған қасиетті Қарқаралы топырағында XX ғасыр басында елеулі өзгерістер орын алған. Атап айтсақ, 1905 жылғы қазақ халқының арман-мақсатын толғап, құқығын қорғаған «Қарқаралы» петициясын жазуға да Ахаң белсенді түрде атсалысыпты. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалып, 1910 жылы 9 наурызда Орынборға жіберілген.

«Ал, петицияны жазушылардың бірі – Жақып Ақбаевқа тағылған айыптың ауырлығын айтпай-ақ қояйын. Ол сот үкімімен 1906 жылғы тамызда ақталса да, 1909 жылы 19 наурызда генерал-губернатордың пәрменімен Семей облысының, оның ішінде Қарқаралы уезінің шегінен аластатылып, Жетісу облысының Қапал уезіне жер аударылды. Тіпті, «Шешемнің ауырып жатқаны туралы хабар алып отырмын, Қарқаралыға барып қайтуға рұқсат беріңіз» деген өтінішіне: «Жоқ, жіберуге болмайды. Қарқаралыда оның жақтастары аман қалып отыр, солардың ішіндегі ең көрнектісі Ахмет Байтұрсынов – орыс-қа зақ училищесінің бұрынғы меңгерушісі» деп бұрыштама қойылған. «Ақбаевтың Қарқаралыда бір күн болуының өзі – қауіпті!» – деп жазылған» – дейді 2021 жылдың мамыр айында «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған «Ахмет және Қарқаралы» мақаласында белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай ағамыз.

Осы деректен-ақ, Мәскеу билігінің Алаш көсемі Ахметтен қалай сескенгенін, Ахаңның саяси абырой-беделін байқаймыз. Ахаң Қарқаралыда бала оқытумен қатар, мұндағы білім саласын жіті қадағалап, оны дұрыс бағытқа бағдарлап отыруға әлеуеті жететін үлкен ағартушы болғанын, ел тағдыры үшін жанын шүберекке түйіп, кез келген заңcыздыққа көзқарасын ашық айтатын жүрегі түкті азамат болғанын аңғарамыз. «Өнер адамына мінез керек» десек, Ахаң да мінездінің бірі еді. Бастысы, ол мінезін керек жерінде көрсете алатын рухты бола білді…

АЛАШ ПАРТИЯСЫН ҚҰРУҒА АТСАЛЫСУЫ

Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздықтан басталған қызығы мен шыжығы мол қайраткерлік өмір жолын дағы көзқарасы қалыптасып, қоғамдағы беделді тұлға ретінде сол дәуірдің саяси оқиғаларына белсенді атсалыса бастайды. Түрлі мақалалар жазып, қазақ арасында қордаланған мәселелерді шешуге тырысады. Осындай ұлт ертеңіне алаңдаушылықтан «Қазақ» газетін шығару идеясы пайда болып, көптеген қиындыққа қарамай оны жарыққа шығарады. Жыл сайын оған жазылушылардың саны артып, елдің дүниетанымына әсер етуге оң ықпал етеді.

Осы кезеңдегі өзекті мәселенің бірі – 1917 жылы Алаш партиясының құрылуы. Қазақ зиялылары саяси партия құруды алғашқы орыс революциясы кезінде қолға алғаны белгілі.

Бұл тарихи оқиғаның басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев сынды алыптар тұрды. Осы ұлылардың арасында көшбасшы ретінде Ахметтің жөні бөлек болғанын тарихи деректерден көреміз. Өйткені, Ахаң мен Әлихан осы Алаш арыстарының адаспауын, қателікке ұрынбауын қадағалап оты рған жас жағынан да, білім-білік жағынан да озығы еді. Байқасақ, Алаш партиясы құрылып, Алаш-Орда үкіметі бекігенге дейінгі дайындықтың барлығын сатылап, Ахаңдар реттеп, жүйелеп отырған.

Жалпықазақ съезін шақырып, ірге бекітіп, Мәскеуге дейін барып, Ленинмен кездесіп, Алаш арысы Әлімхан Ермеков ел шекарасын қорғап қалғанын тарихтан білеміз. Елді Тәуелсіздікке бастаған осындай әр игі қадамда Ахмет Байтұрсынұлының үлесі барын көреміз.

«АХМЕТ. ҰЛТ ҰСТАЗЫ»

«Ахмет. Ұлт ұстазы» сиыр жылындағы ерекше туынды болды, әрі Ахаң жайлы түсірілген тұңғыш телехикая. Режиссері – Мұрат Есжан. Сценарийін Мұрат Есжан мен ақын Ұларбек Нұрғалым жазса, көркемдік кеңесшісі – ғалым Ұшқын Сайдырахман. Бұған дейін «Абай» сериалын түсіріп, жұрттың ықыласына бөленген топтың бұл – екінші ірі жобасы. Соңғы жылдары отандық кино өндірісі дамып, күн сайын түрлі жанрдағы фильмдер түсірілуде. Ал, бұл телетуынды солардың ішіндегі көрерменнің көңілінен шыққанын әлеуметтік желідегі сала мамандары мен көрерменнің пікірінен байқадық. Бір деммен қарап шығып, бір ғасыр бұрынғы күрделі кезеңге барып қайтқандай күй кештік. Өйткені, туынды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесімен қатар, сол кезеңдегі тарихи-әлеуметтік, мәдени ахуалды толық қамтыған. Актерлер де сәтті таңдалыпты. Ұлт ұстазы бейнесін актер Байғали Есенәлиев сәтті сомдап шықты. Диалогтары да жатық, көңілге қонымды. Бұрын қазақты қазаққа аңдытқанын естуші едік.

Фильмнен соған анық көз жеткіздік. Әйтпесе, Ахаңның жарының татар емес екендігін, ұлты орыс бола тұра отбасына қауіп төнбесін деп, татар қызының құжатымен жүргенін, қажет болса, мұсылман дінін қабылдағанын сауатсыз ояз қайдан білсін? Фильм жалықтырмайды. Костюмдары, жұмыс орындары, жүріс-тұрысы, сөз саптауы, сол кездегі халықтың жағдайын дөп басып жеткізуі бәрі орынды. Көнерген, көп қолданылмайтын сөздердің өзін көмекші сөздермен жеңіл жұтылып кететін қылып өрген.

«Қазақ газетінің» жарыққа шығуы, Ақ патшаның құлауы, Ахаңның бір өлімнен қалуы, Алаш партиясының құрылуы, алғашқы қазақ съезінің өтуі сынды ел тарихындағы маңызды оқиғалар сәтті, орнымен қамтылған.

Әлихан, Міржақып, Халел, Әлімхан, Жүсіпбек, Мағжан сынды Алаш арыстарының бейнесі де сенімді шыққан. Ахаңның «Мәдениет тарихы» атты көлемді еңбегінің жоғалып кетуі жанымызды ауыртты.

Фильмнің өзінде орыстың оқығандары Ахаңның сұңғылалығын мойындап бағасын береді, 50 жылдығында. Әсіресе, Кеңес үкіметінің КСРО жұртын латын тіліне көшуге мәжбүрлегені де бізді ойландырып тастады. Шындығында біз қазір төте жазумен жазылған кітаптарды оқи алмаймыз. Одан кейін латында қалды қаншама рухани байлығымыз. Кейін «Білімнің кілті – орыста» деп кириллицаға ауыстық. Қазір латынға қайта оралмақшымыз. Бірақ, бұл жолы біз шовинистік көзқарастағы көршінің ықпалынан құтылып, тұтастай даму жолына, әлемдік дамуға аяқ ілестіру мақсатында көшпекпіз. Осының бәрін ойлап отырып, қазіргі біздің қоғамға да Ахаң сынды сұңғыла ғалымдар керек екен деген ойға келдік. Өйткені, бұл – тарихи қадам.

«Ахмет. Ұлт ұстазы» бірнеше мақсатқа жеткен деп ойлаймын. Алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының байыпты мінезі, мықты ішкі тегеуріні, ауыр тағдыры – өте сәтті ашылған. Атқарып кеткен жұмыстарын көрсетуден бөлек, Әлихан мен Міржақыптың Ахаңа деген құрметінен бастап, ең ақыр аяғында тергеушінің өзі ол кісіні қалай сыйлап кеткенін сәтімен бейнелеген. Әйелі екеуінің арасындағы трагедия, қосымша еріп отыратын кейіпкер Нұрилә, осы үшеуінің арасындағы сөзі аз, тебіренісі мол эпизодтар – фильмнің басынан аяғына дейін тартылған», – дейді жазушы Арман Әлменбет телехикая туралы.

Сондай-ақ, сөз таптары мен сөйлем мүшелерінің және басқа да лингвистикалық атаулардың қалай пайда болғанын көріп, ғылымға деген ынтамыз да оянды. Ахаңдар сынды елімізге егіле жүріп қызмет еткіміз келді. Жазықсыз дарға асылып, алдауға еріп құрыққа түскен қайран қазақтың оқығандарын көріп, іштей қынжылдық. Қалғып кеткен рухымыз дүр сілкінді. Ахаңның қазақ әнін жанымен сүйіп, бір кісідей ән салатын қырын да білдік.

ТҮЙІН

«Алаш» партиясы – Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген арқауы. Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын тыйым салынған – Алаш қозғалысы тақырыбы отандық тарихымыздың маңызды құрамдас бөлігі. Алаш-Орда көсемдерінің бірі һәм бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы қай қырынан алсақ та, саналы ғұмырын халқына арнаған қайталанбас қайраткер. Ұлт ұстазының елге белгісіз қалған, зерттелмей жатқан еңбектерін жарыққа шығару, ел кәдесіне жарату, оның қайраткерлік тұлғасын, шығармаларын кеңінен насихаттау кезек күттірмейтін мәселе дер едік. Еліміздің білім саласындағы өзгерістер де Ахаңның еңбектеріне сүйеніп жасалса, адаспасымыз анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button