Жаңалықтар

«ЭКСПО» – әлем назарында

         Жаһандық проблемалардың оңтайлы шешімдерін ұсынатын елдер көшбасшылар қатарынан екені белгілі. Ұзақ мерзімді перспективалар ұсынып, жаңа реформалар бастауға дайын елдерді де үздіктер қатарынан деп білеміз. Энергетикалық қауіпсіздік, энергияны тарату, сақтау және пайдалану технологиясын ұсынып отырған, мұнайға бай елдер қатарындағы мемлекеттің бірі – Қазақстан. Жер көлемі жағынан 9-орынды иеленетін Қазақстан мемлекетінде бүкіләлемдік бірегей «EXPO» көрмесінің өтуі – бұл көшбасшылықтың белгісі.

экспо - 2 (1)

«EХРО» сөзі әмбебап экспозиция, әлемдік экспозиция немесе халықаралық көрме деген ұғымға саяды. «EХРО Astana – 2017» интегралды жобасының басты тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Энергетика тақырыбы – таза күйінде ғана емес, сонымен қатар экологиялық, әлеуметтік, мәдени перспективалары арқылы ашыла түсіп, қоғамның қызметі мен күнделікті тіршілікті көпшілікке паш ету. Бізбен қатар қатысушы елдер де өздерінің энергия саласындағы техникалық жетістіктерін көпшілікке тәнті ете алады.

Ғаламдық климат өзгерістері, ауадағы зиянды қалдықтарды азайту жолдарын да қарастырған бұл жобаға тек алып мемлекеттерді емес, жекеменшік инвестицияны да тартуға мол мүмкіндіктер жасалған.

«Болашақ энергиясының» негізгі миссиясы – институттар, ұйымдар, корпорациялар, жеке тұлғалар арқылы халықаралық қоғамдастықтың назарын энергетикалық басқарудың адам өміріне, тіпті, планетаға тигізетін әсері жайында пікірлерін жеткізу, проблема жайлы мәлімдеу.

Әдетте, шақырушы жақ өз қаражатына ғимараттар мен павильондарды тұрғызады, кейін олар мемлекет меншігінде қалады. 174 гектарды құрайтын алаңда 100-ге жуық елдің көздің жауын алатын тақырыптық, халықаралық, коммерциялық, корпоративтік павильондары, ал қақ ортасында Қазақстанның ұлттық «Нұр Әлем» сфералық ғимараты орналасқан.

БАҚ және оған теңестірілген фейсбук әлеуметтік желісін қолданушылар павильондардың үздік ондығының тізімін жобалап отыр: олардың арасында Ресей, Өзбекстан, Үндістан, Әзербайжан, Африка плазасы, Мысыр, Қытай, Түркия, Сауд Арабия Корольдігі, Малайзия бар.

Мәселен, блоггер Өркен Кенжебек павильондардың үздік рейтингісін ғана анықтап қоймай, «Мұндағы павильондарды сықиған көрнекі, жалт-жұлт шоу және таңсық экзотикалық деп үшке бөліп тастауға болады. Экзотикалықтың ішінде абайсызда ұнағаны Алжирдікі болды. Ресейдің Арктикадан кесек айсбергті алып келіп таң қылғаны секілді, бұлар Сахараның құмын бөтелкелеп тасыпты мұнда. Себебі территориясы бізден сәл ғана аз алып елдің 80 пайызын Сахара алып жатыр. Бұған дейін құм десе, әйтеуір бір құм ғой деп жүрсем, мұнда құмның кемі 12 түрі қойылған. Әр құмның текстурасы, температурасы әртүрлі. Бұдан бөлек құммен салынған картиналарын қарап, Алжир құрмасынан дәм ауыз тиіп кетсеңіз болады. Иә, сосын бұл елдің балама қуатты пайдаланудағы мүмкіндігі жайлы презентациялық ролигі қатты ұнады – алақан пішіндес дәстүрлі айнасын әдемі пайдаланған», – дей келе, 20 елдің павильонын байыппен аралап, әсерлі әңгімелеуі арқылы таңғажайып соны дүниелерді көз алдыңыздан жүгіртіп өткізеді.

3 ай немесе 93 күнге созылатын «EХРО» көрмесін елден естігенше, бір рет барып тамашалап қайтқаныңыз жөн, әрине!

Бұл халықаралық көрмеге барып тамашалаудың басты себебі: біріншіден, мұндай әлемдік деңгейдегі салтанатты көрме енді ғана аяғына нық тұрып келе жатқан Қазақия елі үшін жүз жылда бір-ақ рет туатын мүмкіндік; демек, сіздің өміріңізде бір-ақ рет тамашалай алатын, қайталанбайтын құбылыс, екіншіден, кешегі Кеңес Одағы мемлекеттерінің ішінде алғаш болып көрме өткізу – әрбір қазақстандық азамат үшін зор мақтаныш әрі басқаларға үлгі; үшіншіден, экспонаттарды көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы Қазақ елінің әлемдік нанотехнологияларға қосып жатқан азды-көпті үлесін де байқап, көңіліңіз бір марқайып қалады; төртіншіден, көрмеге келген әрбір баланың бойында ғылым-білімге деген талпыныс, жаңа дүниелерді білсем, игерсем деген қызығушылық пайда болып, ел жетістіктеріне қуана келе, бойында патриоттық сезім оянады; бесіншіден, жақсыны көрмек үшін дегендей, дүниежүзінің 115 елінің сан алуан жетістігін тамашалай келе, алдағы 50-60 жыл мұғдарындағы болашақты болжағандай әсерде боларыңыз анық. Тағы да айта кетер болсақ, бізді бұған дейін жат жұрт сайқымазақ Борат арқылы теріс жағынан білсе, бүгінгі күні қазақ елі халықаралық рингте топ жарып жүрген жеңімпаз GGG–Геннадий Головкин, Қанат Ислам, кеше ғана әлемді ғажап даусымен мойындатқан Димаш Құдайбергендер арқылы танылып, енді міне дүниежүзілік деңгейдегі «EХРО» көрмесі арқылы жаһан жұрты Қазақстанды шынайы мойындауда!

Монреалда өткен «EХРО – 67» көрмесі тақырыбы адамның әлеуметтік жауапкершілігі мен экологиялық санасына арналған көрінді. 50 миллион адам жинаған көрме қабырғасында: «Прогулка в наших мокасинах – след из нашего прошлого» – «біз серуендеген мокасиналар – өткен шақта қалған із», – деген жазба қалдырылған екен. Ал, сіз өз естелігіңізде елімізде өткен «EХРО Astana –2017» жайында қандай жазба қалдырасыз?

 

Жанар РАМАЗАНОВА,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік  университетінің

оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button