Экономикада өсім бар
Қарағанды облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң көрсеткіші сақталуда. Төрт айдың қорытындысы бойынша барлық бағыттарда өсім байқалады. Кеше облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен селекторлық режимде өткен аппарат жиынында болжамды нәтижелер талқыланды.
– Өнеркәсіпте өсім 4%-ға дейін болады деп күтілуде, көлем 840,9 млрд. теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығында күтілетін өсім – 2%, құрылыста – 13,2%. Негізгі капиталға инвестициялар 156,3 млрд. теңге көлемінде, 8% өсіммен болжануда, – деді облыстың экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Өңірде темір және мыс кендерін өндіру, жалпақ илем, мыс, тазартылған алтын мен күміс өндірісі ұлғайды. Тау-кен өнеркәсібінде өсім кемінде 7%-ды, өңдеу өнеркәсібінде 2%-ды құрады.
Жаңадан ашылған қарағандылық кәсіпорындарда ферроқорытпалар мен құрамында алтын бар доре құймалар өндірісі дамитын болады.
Төрт айда облыста 142,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,1%-ға артық. Болжамды мәліметтер бойынша, сыртқы сауда айналымының көлемі 1 млрд. АҚШ долларынан асты.
Жалпы, 2020 жылға облыс экономикасының өсуі 3% деңгейінде жоспарлануда.
Аппарат жиынында, сондай-ақ, егіс барысы туралы ақпарат берілді. Алқаптардағы жұмыс қызу жүріп жатыр.
Облыс әкімі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – Ел бесігі» жобалары бойынша келісім-шарттар жасау туралы есепті тыңдады. Көптеген нысандар бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды және жақын арада жұмыстар басталуы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, облыста дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша биыл 63,7 млрд. теңге сомасына 625 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталмыш жобалар арқылы 16 мың жаңа жұмыс орындары құрылады. Оның жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылады.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыратын 47 жобаға қаражат бөлінді. Ауылдық мектептер, мәдениет үйлері, кентішілік жолдар, су құбырлары және басқа да нысандар жөнделетін болады.
Облыс әкімі кестені сақтауды және жұмыс сапасын бақылауды тапсырды. Ол әкімдердің және басқарма басшыларының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда жауапты болатынан еске салды.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, экономикалық өсімнің оң серпінін сақтау және жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.