Эко-үйлер бой көтереді
Балқаш қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасын орындау аясында елімізде көпбалалы отбасыларға тұрғын үй беру жұмыстары жүзеге асырылуда. Көпбалалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі алға қойылған міндеттерді іске асыру барысында қала әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ құрылыс жұмысын жүргізетін кәсіпкермен меморандумға қол қойды.
Сәуір айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша Қоңырат ықшамауданында 10 эко-үй салынатын болды. Тұрғын үйдің сапасына қатысты айтар болсақ, оған тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы өздері жауап береді. Бұл туралы Балқаш қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Саятбек Мусин мәлімдеді.
– Жаңа эко-үйлер Қоңырат ықшамауданындағы Балқаш көшесінде салынады. Сәуірде Қарағанды фирмасы жұмысты бастап кетуді жоспарлап отыр. Ғимаратты салу кезінде полистиролдан жасалған блоктар қолданылады. Үйлердің арнайы конструкциясы Lego ойынындағыдай блоктарды қосуға мүмкіндік береді. Мұндай үйлер жылуды жақсы сақтайды, сыртқы шулардан оқшаулануы жоғары және көп жылдар бойы қызмет етеді. Ауданы 200 шаршы метрден асатын бір үй екі отбасыға арналған. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 1500-ден астам балқаштық тұр. Тұрғын үй проблемасын шешу үшін өткен жылдан бастап жеке құрылыс салушылар белсенді түрде тартылуда. 2021 жылға инвесторлармен 6 меморандум жасалды. Олардың қатарында Ленин көшесіндегі 2 қабатты 8 пәтерлі үй, Сейфуллин көшесіндегі бір қабатты үй, Бөкейханов көшесіндегі 2 қабатты 8 пәтерлі үй, Қоңырат ықшамауданындағы 10 екі басты үй құрылыстары бар. Сондай-ақ, Мұхамеджанов шағын ауданындағы бос тұрған орынды 20 пәтерге реконструкциялау және Балқаш станциясында 2 қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді Саятбек Мусин.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ қаласы.