Жаңалықтар

Екі тарап – бір мүдде

   1-қадам. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ РЕСІМДЕРІН ЖАҢҒЫРТУ. Мемлекеттік қызметке қабылдау ТӨМЕНГІ ЛАУАЗЫМДАРДАН басталуы тиіс.

   8-қадам. Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ҚҰҚЫҒЫНСЫЗ ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕРЛЕРДІ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ БЕРУ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұсынған Ұлт жоспары – шын мәнінде тарихи құжат. «100 қадамның» жүктеген жүгі – ауыр, мазмұны – терең, межесі – биік…

Стратегиялық бағдар өткен жылдың басынан бері жүзеге асырыла бастады. Құрғақ сөзбен немесе қағаз жүзінде емес, іс жүзінде..!

Ұлт Көшбасшысы айтқандай, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру – негізгі мақсат. Яғни, елімізді дамыған отыз елдің қатарына қосу. Ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төтеп беру. Даңғыл жолдан адаспай, нығайған мемлекет құру. Сайып келгенде, қуатты Қазақстанның – Мәңгілік Ел екендігін жаһанға паш ету!

Құжаттағы бес реформаның бірі – Кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Бұл бөлімге алғашқы 15 қадам тиесілі. Әр қадамның түйіні – тамырын әріден алады. Әрине, ресми жоспарды әзірлеу барысында озық елдердің тәжірибесі ескерілген.

Мәселен, мемлекеттік қызметке қабылдаудың үрдісін жаңғырту, жетілдіру – күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі еді. «100 қадам» Ұлт жоспары жария етілген тұста! Оның түйіні 1-қадамдағы мақсат-міндетті қолға алған сәттен-ақ тарқатыла бастады.

Жаңа Әдеп кодексін қабылдадық, мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу жүйелі жүргізілуде.

Біздің өңірде де Әдеп кеңесі құрылып, жоспарға сай жұмыс істеп келеді. Кеңес мемлекеттік қызметкерлердің сүрінген тұсы болса, ақыл-кеңесін береді. Өрескел кемшілік жібергеніне тиісті шара қолдану үшін шешім шығарады.

Мамандар кешенді аттестаттаудың жемісті боларына сенімді.

«100 қадамның» қадау-қадау міндеттері мұнымен шектелмейді. Мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құжат мазмұнынан тыс қалмаған. Жалпы, қоғамның жегі құрты – жемқорлықтың жолын кесу – жалпыға ортақ міндет емес пе?!

Темірдей тәртіп талап етілгенімен, мемлекеттік қызметкер де темір емес. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі Ұлт жоспарында ескерілген. 8-қадамға зер салыңыз…

Кез келген мамандық сияқты, мемлекеттік қызметтің де қадіріне жете білген абзал. Қоғам мемлекеттік қызметтің иммиджін көтеру жолына жұмылды. Нәтижесіз емес сияқты. «Жас келсе, іске» дегендей, Қарағанды облысындағы мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы – 38 жасты құрап отыр. Бұл қатардағы әйел адамдардың үлесі – 55%-дан асады. Облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің жалпы саны – 92203 адам.

Қарапайым халықтың түсінігінде – мемлекеттік қызметкерлер – «биліктегілер».

Осы арадағы, бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір – «100 қадам» Ұлт жоспары.

Яғни, екі тарап – бір мүдде!

Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген «100 қадамды» жұрт осылай түсінсе, игі!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Back to top button