Діни ахуал – назарда

Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВТІҢ төрағалығымен діни бірлестіктермен байланыс кеңесінің отырысы өтті.

Отырысқа қатысушылар қатарында өңіріміздегі басқарма басшылары, жоғары оқу орны, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дәстүрлі дін қызметі басшылары болды.

Бүгін біз діни бірлестіктермен байланыс кеңесінің биылғы алғашқы отырысын өткізіп отырмыз. Бүгінгі күні мемлекеттік органдардың жұмысы Мемлекет басшысының «Төртінші өндірістік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және қоғамды жаңғыртуға бағытталған Бес әлеуметтік бастаманы орындауға бағытталған. Елбасы бастамалары қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың көптеген мүмкіндіктерін дамытуға ықпал етеді. Жастар өз елінде өмір сүріп, білім алады. Шағын несие беру – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берді. Халықтың әлеуметтік мәселесін шешу жұмысы біздің көпұлтты және көп конфессиялы қоғамдағы конфессияаралық келісімді, бейбітшілікті нығайтуға мол мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Жандос Әбішев.

Сонымен қатар, аймақ басшысының орынбасары бұл кеңес отырысы аса қажет әңгімелесу алаңына айналғанын және мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің басшылары өзара ықпалдаса отырып, қоғамымыздың маңызды мәселелерін шешуге ұйытқы болатынын тілге тиек етті. Кеңестің тікелей ұсынымен осы күні мешіттерде арнайы бөлмелер ашылып, мемлекеттік орган қызметкерлері келушілерді қызметке орналасу және жеке бизнес ашу бойынша мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, бағыт-бағдар беретінін де айта кеткен жөн болар. Ал, православтар және католиктер епархияларының қызметкерлері балаларға екпе егу туралы ата-аналарға және түсік жасауды көздеген болашақ аналарға ақыл-кеңес беру бойынша арнайы топ құрамына енгізілген. Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары православ және католик христиандарын Пасха мерекесімен құттықтап, бейбітшілік, ізгілік және өсіп, өркендеу тіледі.

Сөйтіп, күн тәртібінде зайырлылық қағидаларын қамтамасыз ету және тұрғындарды деструктивті идеологияның әсерінен қорғау, оқу мекемелерінде мектеп оқушыларын зайырлылық қағидаттарына баулу және діни догмаларды насихаттауға жол бермеу, Саран және Шахтинск қалаларындағы діни ахуал және конфессияаралық келісімді нығайту жұмысының өткізілуі туралы маңызды үш мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша облыстың дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов баяндама жасап, аймағымыздағы діни ахуал туралы ақпарат берді. Өз сөзінде Нұрлан Бикенов басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аймағымыздағы мешіттердің құрылысы мен олардың құжаттарын рәсімдеу, ауылдардағы имам тапшылығы мәселесін атап өтті. Расы керек, елді мекендерде құрылысы аяқталған мешіттердің құжаты рәсімделмеуіне немесе имам болмауына байланысты жұмыс жасамай тұрғанын да құлақ шалған еді. Ал, кей ауылдарда имам болмаса да ауыл ақсақалдары білген аяттарын оқып, діни рәсімдерді атқарып жүргенін де естідік. Имам болмаудың қандай заңға қайшылығы бар дерсіз?! Айтайық. Имамы жоқ мұндай ғибадат орындары әлгінде айтқанымыздай мүлде жұмыс жасамай тұр деуге болмайды. Ал, сол жұмыстарды оқыған-тоқығаны бар имам жүргізбесе, кім жүргізбек? Ауыл жастары кімнің сөзін тыңдап, кімге мойынсұнбақ? Кеңес мүшелерін мазалаған да осы мәселе болды. Бұл ретте аймақ басшысының орынбасары онлайн режимінде қатысып отырған аймағымыздағы қала және аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасап, олқылықтардың орнын толтырудың шектеулі мерзімін белгілеп берді. Яғни, белгілі бір мерзімде кемшіліктер түзетілмейтін болса, жауапты мамандардың жазалануы да ықтимал.

Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге екі мәселе бойынша да баяндамашылардың сөзі тыңдалып, өңір басшысының орынбасары жұмысты жеделдету қажеттігін тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.