Руханият

Диктор

Хабар жүргізудің хас шебері – Ескендір Тишмағанбетов есімі облысқа жақсы таныс. Аға буын өкілдері оны «Қарағанды теледидары мен радиосының Байжанбаевы, тіпті Левитаны!» – деп атайды. Өйткені, атақ-даңқы әлемге әйгілі осы ұлы тұлғалардан дәріс алып, көп үйренді. Арнайы Алматы мен Мәскеуге барып, тәжірибе жинап, хабар жүргізудің тылсым сырына қанығып, көңіліне көп нәрсені түйіп қайтты. Тәжірибелі диктор – 40 жылға тарта қасиетті қарашаңырақта жемісті еңбек етті. Екі тілде еркін сөйлейтін ағамызбен ұзақ жыл телеарнада қызметтес болдым. Ескеңнің қоңыр да ашық дауысын көрермендер мен радио тыңдаушылар әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Ол көбіне «Жаңалықтар» мен «Соңғы хабарларды» жүргізді.

Биыл тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Жуырда «Сарыарқа» телеарнасындағы әріптесім Жанбота Рахметоллаұлына сұхбат беріп, бірге істеген жылдардан сыр шертіп, естеліктер айттым. Облыстың басты арнасы – ағамыз туралы арнайы хабар дайындау үстінде екен.

Ескең, облыстық радиодағы орыс және қазақ тіліндегі бірнеше бағдарламаның тартымды, әрі эфирге сәтті шығуына өлшеусіз үлес қосты. Оған талай куә болдық. Күнделікті берілетін соңғы хабарлар мәтініндегі кісілердің аты-жөні мен қаптаған цифрларды бір оқығаннан жаттап алатын. Осындайда Шерхан Мұртазаның: «Диктор – көгілдір экранның көркі. Ол сымбатты кескін-келбетімен ғана емес, оқу мәнерімен де әдемі болуы керек» – дегені Ескеңе қарата айтылғандай.

Ағамыз қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, біраз жыл қоғамдық негізде партия ұйымының хатшысы және 9 жылға тарта кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Сол уақытта 30-дан астам қызметкерге тегін баспана алып берді. Бұған қоса 500-ге жуық азамат шипажайда тегін денсаулығын түзеп қайтты.

Ескендір Тишмағанбетов – үлгілі отбасының иесі. Жеңгеміз Нюся екеуі 8 бала өсіріп, қатарынан қалдырмай жоғары оқу орындарында оқытты. Хабар жүргізуді жете меңгерген ардақты ағамыз, кезінде «КСРО телерадиосының үздігі» атанды. Сондай-ақ, ол бірнеше рет Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан телерадио комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жоғары санатты диктор, зейнеткерлікке шыққан соң, біраз уақыт «Орталық Қазақстан» газетінің коммерциялық жарнама бөлімінде менеджер болып қызмет атқарды. Кешегі 1990 жылдардың орта тұсында, тосыннан соққан тоқыраудың салқыны – облыс айнасын да айналып өтпеді. Оқырманы саябырлап, қаржылай қиындыққа кезіккен кезде, елге сыйлы, сөзі өтімді Ескендір ағамыз құзырлы мекемелердің табалдырығын аттады. Олармен тіл табысып, басшылардың батасын алып, газеттің материалдық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосты. Еңбек еш кетпеді. Сондай-ақ, ақылы жарнамалар іздестіріп, ақша табудың оңтайлы жолдарын ойластыра білді. Бұл саладағы ағамыздың сіңірген еңбегі аз болған жоқ

Ескендірге кеткен есіл ақшамыз-ай! (Қаз-қалпында)

Бұл оқиға 1985 жылдың жаз айында болған еді. Бүгінде есімі Республикаға жақсы таныс Айтбай Сәулебеков ол кезде Қарағанды облыстық радиосында редактор еді. Мен – бас редактордың орынбасарымын. Қазақ редакциясына басшылық етемін.

Бір күні түстен кейін Айтбай ауыл шаруашылығынан әзірлеген «Дархан дала» хабарын алып келді. Оны қарап шығуға үлгермей, амалсыз «Рұқсат!» – деп жазып бердім.

– Байқа, мәтінінен қате кетпесін, өзің жақсылап, тағы бір рет қарап шық, – дедім де, ақ үйдегі алқалы жиынға кеттім. Ол кезде КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшылығына М.Горбачев тағайындалып, әлемге әйгілі – Кеңес Одағында қайта құру процесі кеңінен жүргізіліп жатқан еді. Коммунистік партияның дүрілдеп тұрған уақыты. Келесі күні таңертең бір таныс жігіт үйге телефон соқты.

– Әли-ау, кеше кешкілік радиодан «Дархан дала» хабарын тыңдадым. Әлгінде ғана сол бағдарламаны қайталап берді. Масқара ғой, масқара! Аса үлкен, «саяси қателікке» жол беріпсіңдер! Жоғарыдағылардың біреуі білсе, сендерді оңдырмайды! Түрмеге тоғытады, – деді де тұтқаны тастай салды. Құстай ұшып, жұмысқа келдім.

Жұмысқа келген бетте эфирге шыққан хабарды тездетіп таспадан тыңдасам, «…КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Сергей Михайлович Горбачев былай деді…» – деп, редакторым Айтбай Сәулебеков саңқылдап сөйлеп тұр. Айтбай асығып жүріп, Михаил Сергеевич Горбачевтың аты-жөнін «Сергей Михайлович» деп ауыстырып алыпты. Бас хатшының есімін дұрыс айтпау, «кешірілмейтін» кемшілік еді. Оның үстіне, аталмыш хабар шетелге де тарайтын болғандықтан, «Кеңес Одағының журналистері өз басшысын білмейді!» – деген жағымсыз пікір әлемдік деңгейде қалыптасатыны сөзсіз.

Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ, хабарласа қоятын. Содан, студияда басымыз қатып тұрғанда, Құдай айдап, Айтбайдың өзі келіп қалды. Жеделдете хабардың түпнұсқасын алдырып, радиоочерктің мәтінін тексерсем, өзі оқығандай «қате» жазылыпты. Енді, не істеген жөн?! Қалайда, тездетіп бәрін ретке келтірмесек болмайды! Әйтпесе, басшымыз да, бәріміз түгел құримыз. Уақыт өткізбей жұмыла іске кірістік.

Алдымен, радионың негізін қалаушылардың бірі, тәжірибелі монтажшы Нұрғайын Әліпбекованы шақырып, құлағына сыбырладық. Содан соң, әлгі қате жазылған Бас хатшының аты-жөнін пленкадан кесіп, білдірмей алып тастадық. Айтбай әріптесім мәтіннің жігін білдірмей қайта оқыды. Радионың дыбыс режиссері – Сәуле Мұстафина болса, бағдарламаны жаңадан ән әуенімен әрледі. Микрофон папкадағы қате кеткен бетті машинкаға қайта бастырып, сол орынға жаңасын салып қойдық. Осылайша, жүрек орнына түсіп, «Ух..! Жақсы болды!» – деп бөлмемізге кіріп, отыра бергенімізде, ақ телефон безілдеп сала берді. Бұл, алдағы «сұрақ-жауап» дүрбелеңінен… хабар бергендей…

Телефон тұтқасын көтерсем, тікелей бастығым Федор Кузовков екен. Шұғыл түрде кабинетіне шақырды. Эфирден өткен «тосын жағдай» ақ үйге де жетсе керек. Облыстық партия комитетіндегілер телефон соғып, жоғарыдағы мәселенің мән-жайын анықтауды тапсырыпты. Көп кешікпей қасымызға Қарағанды облыстық телерадио комитетінің төрағасы Дмитрий Телегин және ақ үйдің арнайы өкілі жетіп келді. Қасында бөтен бір адам жүр, шамасы «үндемес үйден» болса керек. Сұрақты қоя бастады, мен болсам «олай болуы мүмкін емес!», – деп, қайта-қайта басымды шайқаймын. Болмаған соң, бәріміз жиналып, сол жерде пленкаға жазылған таңертеңгілік радиохабарды екі-үш рет тыңдадық. Қателік кетпеген сияқты… Тіпті, радиоочерктің тексін көрсеттім. Орыс ұлтының өкілдері қазақ тілін онша білмейді екен. Бірақ, Бас хатшының аты-жөні «дұрыс» жазылғанын әріптеп оқып шықты. Олар да аң-таң, «біз де аңтаң»!

Мұнымен сұрақ-жауап біткен жоқ. Бір кезде облыстық газеттен екі тілге жетік журналисті жедел шақыртып, мәтіннің сөзбе-сөз орысша аудармасын өз құлақтарымен естіді. Мен болсам жетім бала сияқты жәутеңдеп, олардың жүзіне қайта-қайта қараймын. «Е… Алла! Бізді… құтқара көр!» – деп іштей Құдайға жалбарынып, қасымда тұрған аудармашы жігіттің қолын білдірмей қысып қоямын. Ол, бір нәрсенің болғанын ептеп сезетін сияқты. Бойында ұлттық рухы, қазақи намысы бар екен, сырт көзге сыр берер емес. Не керек, ең соңында ақ үйден келгендер ешқандай саяси қателіктің болмағанына көздері жеткеннен соң, бастарын шайқап, Бас редактордың бөлмесінен шығып кетті.

– Бәрі дұрыс болды! – дедім, бөлмеде манадан бері тағатсыздана тосып отырған редактор Айтбай Сәулебековті құшақтап.

– Енді, мұны ешкім естімесін! Дегенмен, әліптің артын күтейік! – деп орындыққа жайғаса бергенде алдымызда тұрған телефонның шырылы шырқымызды тағы бұзды. Көтеріп қалсам, диктор – Ескендір Тишмағанбетов ағамыз.

– Әли, сен не бүлдіріп жүрсің? Бұл масқара ғой! Мен бәрін «жазып» алдым. Оны аяқсыз қалдырмаймын. Қолымда нақты, бұлтартпас дерегім бар. Ертеңгі болатын партия жиналысында осы мәселені міндетті түрде көтеремін, – деді бірден амандық-саулық жоқ. Алдымдағы Айтбайға Ескендір екенін «ыммен» жеткіздім. Ол болса, екі тізесін қолымен ұрып, «Ендігі жетпегені осы еді!» – деп шалқасынан түсті.

– Еске, кешіріңіз! Бізден бір білместік өтті. Өмірде не болмайды дейсіз. Өзіңіз радионың жағдайын жақсы білесіз. «Жазғаныңызды» өшіріп тастаңызшы. Айтбай да қасымда отыр, айыбымызды өтейік. Үйде күтіңіз, қызметтік көлікті жіберемін! – дедім сасқанымнан.

Жасыратыны жоқ, Ескеңнің кейде коммунист ретінде жұмыстағы кейбір кемшіліктерді түзетіп, жауапты азаматтарды партия жиналысында жөнге салып жүретін «пысықтығы» болатын. Біздің бұл өтініш-ұсынысымызды ағамыз аз-кем үнсіздіктен кейін құп көріп, біршама сабасына түскендей болды.

– Шақыруын шақырдық, енді ақшаны қайдан табамыз? – деп Айтбайым алақанын жайып отыр.

– Ақшасы құрысын, бәрінен де келіскенін айтсайшы. Әлгі «жазып алғанын» қалайда құрту керек! – деймін мен қуанышымды жасыра алмай. Содан не керек, әрдайым «әмияны» қалыңдау жүретін әріптесіміз Сәуле Мұстафина, Нұрғайын Әліпбекова және Раушан Бәстемиевадан қарыз сұрап, біраз ақшаны жинадық-ау. Ресторанға келсек, ағамыз бізді күтіп отыр. Үстел басында ағамызды армансыз мақтап, ағымыздан ақтарылып, тілек атаулының «ең тәуірін» тіледік. Жақсылап тамақтанып, әңгіменің тиегін ағыттық…

Есік алдынан такси ұстап, ағамыздың бетінен кезек-кезек сүйіп, үйіне шығарып салдық. Сол күні ресторанда қызмет көрсеткен қыздың да ұпайы түгел болды. Дастархан үшін 21 сом 50 тиын төледік. Бұл – ол кезде керемет ақша. Бүгінгі күннің бағасымен бағамдасақ, бір жалақыңыздың «жартысына» пара-пар.

Осылайша, көңілдегі күдік сейіліп, жиналыс жайында қалды. Арада екі апта өтті. Айтбай екеуміз алдағы бағдарламалар туралы бөлмеде әңгімелесіп отырғанбыз. Бір уақытта диктор Ескендір Тишмағанбетов елпелектеп, «радио хабарларын оқимын» деп қасымызға келіп қалды. Қарап отырғанша әңгіме болсын деп, өткенді… бір сәт еске алдық.

– Еске, сол күні телефонмен сөйлескенде амандық-саулық жоқ, бірден неге өктем сөйледіңіз? – дедім, ағамызға еркелеп.

– Е..е… Ол күні сендерге ашуланатындай болдым. Таңертен пошташы келіншек үйге 2 сом 25 тиын түбіртек қағаз әкелді. Қарасам, радиодан өткен хабарларыма төлеген сенің гонорар ақшаң екен. Бұл масқара емес пе?! Мен бұрын ай сайын Журналистер одағының мүшесі ретінде 10-12 сом алатынмын. (Ол кез үшін бұл тәп-тәуір қаржы). Өткен материалдарымды түгел жазып алдым да, бағасын есептесем, сен жіберген ақша ауыз шаюға келмейді, мазақтағандай. Содан қатты ренжіп, өзіңе телефон соқтым.

– Ой, Құдай-ай!.. Сіз не деп тұрсыз?!.. Осыған бола ашуландыңыз ба?! Сол күні телефоннан: «…Жазып алдым, «фактым» жетеді, мұны мен аяқсыз қалдырмаймын. Ертеңгі партия жиналысында көтеремін!» – деп өктем сөйлеген соң, «ашуыңызды» басайық деп ресторанға апардық емес пе!? Айтбай екеуміз қатты қорықтық қой! – дедім.

– Қап, Еске-ай! Бәрін бүлдіріпсіз ғой! Есіл ғана есепсіз кеткен ақшамыз-ай! – деп Айтбай сылқ-сылқ күліп, екі қолымен тізесін ұрумен әлек. Ескендір ағамыз болса: «Не болды, айтсаңдаршы?!» – деп, бала сияқты аң-таң болып, кезек-кезек бетімізге қарайды.

– Білгіңіз келсе, енді сіз бізді ресторанға қайтадан апарыңыз, сол жерде не болғанын бастан-аяқ айтып береміз, – деп Айтбай аяқастынан жол тауып кетті.

– Молдау «гонорар» қойсаңдар апарамын, онда тұрған не бар! Сол күнгі отырыстың орны бөлек болды ғой, шіркін! – деп Ескең ерекше тамсанып қойды. Кейінірек араға айлар салып, ағамызға әлгі Бас хатшы – Горбачев туралы болған шынайы оқиғаның жай-жапсарын бүкпесіз айтқанымызда, рахаттана күлгені бар.

«Өмірде не болмайды?» деген осы екен-ау…

Әли ТОЙЖІГІТ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Ақпарат саласының үздігі

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button