Диагноз – үкім емес, болжам
Қатерлі ісік. Бұл дертке дүниежүзінде жыл сайын 8 миллионнан астам адам шалдығып, Қазақстанда 17 мың сырқат көз жұмады екен. Ал, Қарағанды облысында дәрігерлер күніне екі адамға ота жасайды. Адамды ажал тырнағына байлайтын дерт жас талғамайды. Әрі жыл сайын өсіп келеді. Жаһандық деңгейде өзекті мәселеге айналып отырған аты жаман аурумен күресуге бола ма, жеңгендер бар ма?
Қарағанды – алғашқы бестікте
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаяттың айтуынша, кенді аймақ– онкологиялық арулар бойынша алғашқы бестікте. Нашар экология онкологиялық аурудың өсуіне бірден – бір себеп екендігі нақтыланған.
Облыс орталығында орналасқан N3 көпбейінді аурухана дәрігерлері күніне онкологиялық дертке шалдыққан екі адамға ота жасайды екен. Бұл көрсеткішті күндер мен айларға көбейтудің өзі қорқынышты. Жылына жеті мыңға жуық науқас тіркеледі. Оның ішінде емделіп қатарға қосылғандары бар. Асқындырып, уақыт өткізіп өмірден өткендер қаншама. Аталмыш аурухананың онколог дәрігерлерімен пікірлескенімізде, олар онкологиялық аурулардың жасарып келе жатқандығын, ер адамдардың бұл ауруға жиі шалдығатындығын, науқастар ауырсыну белгілерін елемей, уақыт өткізіп алатындығын тілге тиек етті.
– Онкологиялық аурулардың ішінде өкпенің қатерлігі ісігі көш бастап тұр. Сәйкесінше, өлім – жітім бойынша да алдыңғы орында. Одан кейін тері және сүт безі обыры, ұйқы безінің қатерлі ісігі көптеп кездеседі. Аймақта 2019 – 2021 жылдар аралығында өкпенің қатерлі ісігімен ауыратын 7217 науқас анықталды. Зардап шеккендердің арасында ерлер басым. Мәселен, 2019 жылы 377 сырқатқа өкпенің қатерлі ісігі диагнозы қойылса, оның 301-і – ер адам. Жалпы, қатерлі ісік аурулары 45 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі және сырқат адамдардың 97,6%-ын құрайды. Облыста кеңінен тараған өкпе обырының уақыт өткізіп анықталуы екінші орында тұрғанымен, өлім көрсеткіші бойынша бірінші орынға шығып отыр, – дейді амбулаториялық-емханалық қызметтің басшысы Анатолий Красножен.
Ұйқы безінің қатерлі ісігі өлім – жітім көрсеткіші бойынша төртінші орында. Сырқаттың қаупі – жоғары. Диагноз қойылғаннан кейін өмір сүру деңгейі небәрі 5% ғана. Бұл дегеніміз бес жылдан кейін ұйқы безінің қатерлі ісігіне шалдыққан 100 адамның бесеуі ғана тірі қалады деген сөз. Бұл аурудың күдік тудыратын басты белгісі қатты тағамдардың тамақтан өту қиындығы. Бұл жағдай асқазан обырының да қаупін сейілтпей отыр. Асқазанның қатерлі ісігіне шалдыққандар науқастардың 8,7%-ын құрайды. Ал, осыдан 10 жыл бұрын сүт безі ісігі орта жастағы әйелдерде кездессе, бүгінде 18 жастағы қыз балалардан анықталуда.
«Алқымнан алып, алды-артыңа қаратпайтын аты жаман ауруларға себепші – қоршаған орта, адамның әлеуметтік жағдайы, созылмалы сырқаттар мен зиянды әдеттер»,– дейді онколог мамандар.
Обыр жасарып келеді
Жер бетіндегі өлімнің екінші себебі болып отырған онкологиялық аурулардың жасарып келе жатқандығын айтады мамандар. Мәселен 15 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігі лейкоз, ми ісігі, лимфомаға шалдығады. Балалары қатерлі ісікке шалдығып, емге қаражат іздеген ағайынның жанайқайын күн сайын естіп, көріп жүрміз. Әлеуметтік желіден де, ұялы телефоннан да. Көптігі соншалық, біріне қол ұшын созсаң, екіншісіне қауқарың келмей жатады.
– Баламда 5 жасында ми ісігі анықталды. Бастапқыда отандық медицинаға жүгініп, сырқаттың алдын алу ем-домдары жасалды. Жағдайы қиындай түскен уақытта шетелдегі мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс деп шештік. Ем қаражатын біздің қалтамыз көтермейді. Баламның шыбын жаны үшін ұятты жиып, халықтан көмек сұрадым. Айналайын халқымның арқасында қаражат жиналды. Екі рет шетелге шықтық. Бастапқыда көңіл қуантарлық өзгерістер болды. Екінші мәрте барғанымызда «елге оралған дұрыс» деді. Амал қанша, баламды құшақтап, үйге келдім. Ең жаманы – баламның көз алдымда сөніп бара жатқаны. Жанында отырып, оның тынысын аңдумен, алаңсыз ұйқыдағы түріне қарап, егілумен болдым. Одан айырылып қаламын дегенге мүлде сенбедім. Өмірімнің тас-талқаны шықты. Таңмен таласа тұрған балам, бетіме үнсіз қарап жатып, үзіліп кете барды, – деп еске алады Светлана Ыдырысова.
Енді ғана бүр жарып келе жатқан жеткіншектерді де осылайша обыр жалмап жатыр. Жанға бататыны елімізде қатерлі ісік ауруларына шалдыққан 20 мыңнан аса бала бар.
Ерік-жігер де емдейді
Иә, бұл ауруға дауа тауып, құлан таза айығуға болады. Тек дер уақытында дәрігерге қаралса. Аурудан айығудың басты жолы – диагнозды дұрыс қою, әрі қажетті ем-домды дер уақытында үзбей алу. Аурудың күрделілігіне байланысты ем жасау да әртүрлі. Біздің тәжірибеде тұрақты қолданылатыны – хирургиялық жол, химиотерапия және сәулелік терапия. Жергілікті мамандар сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек обырын ерте кезде анықтағанда заманауи технологиялық әдістерді қолдана отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатындығын жеткізді.
Онкологиялық ауруларға қатысты диагноз қойылғанда көбіне адамдар күйзелістің құрбаны болып жатады. Сынаптай сырғыған уақыттың әр секундымен санасуды санадан шығарып, сан соғып қалады. Дегенмен, рухы мықты адамдар «Диагноз үкім емес, ол тек болжам!» деп қабылдайды. Сондай жанның бірі – әріптесім Аяжан Кеңесбек. Тұрмысқа шығып, отбасылық өмірге жаңа қадам басқан жастар үшін маңыздысы ата-ана атану. Осындай ұлы мұратты мақсат тұтқан берекелі отбасында сәби күлкісінің естілмеуі еріксіз алаңдаушылық туғызады. Яғни, Аяжан арада екі жыл өтсе де, құрсақ көтере алмайды. Кінәратты анықтау үшін жолдасы екеуі мамандар көмегіне жүгінеді. Нәтижесінде Аяжанда аналық бездің қатерлі ісігі бар екендігі анықталады. Ауруханада ота жасалып, нақты диагноз қою үшін Алматыдағы зертханаға тексеріске жібереді. Қорытынды келеді. Сәби сүюге деген құлшынысы зор жас келіншек бұл «үкімге» сенер сенбестен «Бұлай болмайды!» деп шорт кетеді.
– Таңертең емдеуші дәрігерім келіп, «Сіз жассыз, бар өміріңіз алда, сізде бәрі жақсы болатынына сенемін» деп айта бастады. Мен мәзбін, сараптама нәтижесі жақсы екен деген ой орнықты. Бір уақытта «Сізде аналық безде қатерлі ісік ауруы анықталды». Мен «Жоға, олай болуы мүмкін емес!» деп бой бермедім. Қолыма зертханалық қорытындыны алып онкологиялық диспансерге бардым. Олар маған шұғыл ота жасауы керек деді. Егер ол қадамға барсам, өмірі бала сүйе алмайтынымды білемін. Келіспейтінім туралы қолхат жазып, шығып кеттім, – дейді Аяжан.
Қолында қағазы бар Аяжан бұдан құтылатын жол болуы керек деп, біраз жерге сұрау салады. Ақыры дертіне дауа тапты. Емге деген сенімі оған алғаш рет ана атану бақытын сыйлады. Бұл 2014 жыл болатын. Өмірге ИбраҺим есімде батыр келді.
– Денсаулығым қалыпты, күнделікті ем-домнан бөлек бақылауда болдым. Уақытқа ілесе жүріп, екінші балама аяғым ауыр болды. Дәрігер маманға барып, тексерілдім. Тағы да сол аты жаман ауру алдымнан шықты. Бұл жолы қабырға астындағы жұмсақ тіннен табылды. 2018 жыл. Уайым болды әрине. Періштенің көрер жарығы бар екен, кішкентайым Ислам өмірге келді. Мүмкін, менің бұл диагнозды жеңіл қабылдауыма жастығым әсер етті деп ойлаймын. Өмірге деген құлшыныс өрге сүйреді. Бауырымда балам жатыр деген аналық сезімім, балаға деген махаббатым, бастысы жарым мен отбасымның қолдауы менің бұл дертті «үкім емес деп» қабылдауыма себеп болды, – дейді әріптесім.
Шынымен де дәрігер мамандардың айтуынша, бұл диагнозды естіген бетте көп адамдар тез бой алдырып, ауруға беріліп қояды екен.
«Ауырып ем іздегенше…»
Қатерлі ісікке сананың сілкінісі қарсы тұруы керек. Өкінішке қарай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Технология мен медицинаның даму қарқынына қарағанда ол күндер де алыс емес. Әзірге, біздің қолымыздан келетіні – аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Мұның бәрі түптеп келгенде профилактика мен салауатты өмір салтына келіп тірелетін дүниелер. Бүгінде дәрігерлердің бас ауруына айналып отырған мәселе адамдардың жоспарлы скринингтен өтуге салғырт қарайтындығы.
Сағыныш ӘБІЛ