Егін орағы Қарқаралы ауданында да басталды. Биыл көктемде жерге дән сіңірген елдің осы күзде бір жарылқанары сөзсіз. Жаз жайлы болды: егінге керек жауыннан да, күннің шуағынан да кенде болған жоқпыз. Сондықтан, бабы келіскен егістіктер енді ел ырзығына айналғалы тұр.
Шаруалар үшін маңызды науқанның барысын көру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Берік Тоқмурзин мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Қасымов Бақты, Балқантау, Қырғыз және М.Мамыраев ауылдық округтерін аралады. Осы округтердегі «Бірлік», «Ерлан», «Сәт», «Талды», «Абзал», «Берік», «Ерлан» шаруа қожалықтарында болып, диқандармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Қарқаралы негізінен мал шаруашылығына, төрт түліктің жем-шөбіне басымдық берген аудан болғандықтан, егістіктер көлемі аса көп емес. Биыл өзі аудан бойынша он жеті ауылдық округтегі 52 шаруа қожалығы 30 мыңнан астам гектарға тұқым сіңірген болатын. Оның ішінде бидайдан бөлек егілген арпа мен сұлы дақылдарының да аумақтары бар.
Күзгі жиын-терімге кіріскен шаруашылықтардың алды әзірге 4 мың гектардан астам аумақтан егін орып үлгерді. Аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы жұмыс барысындағы қажеттіліктерді, әсіресе жанар-жағар маймен, техникалық қажеттіліктермен қамтамасыз етілу жағдайын қадағалап, диқандардың егінді шығынсыз жинап үлгереріне көз жеткізді.
Ендігі міндет – бітік шыққан егінді жауын-шашынға ұрынбай, ысырапсыз жинап алу. Шаруа адамының алдағы қыста алаңсыз болуына да керегі осы.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Суреттер автордан