Деструктивті діни ағым – психологиялық қару

     Қарағанды қаласында деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсететін «Виктория» оңалту орталығы жұмыс жасайды. Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша жұмыс жасайтын орталықтың қызметі – әлеуметтік, психологиялық, дінитанымдық және заңды көмек көрсету.

 

Ақпараттың,  технологияның заманы өмірімізге ілгерілеу енгізді дегенімен, оның екінші – келеңсіз жағы да бар. Жеке басының қамын күйттеген теріс діни ағым өкілдері сананы жаулау, алдап-арбау арқылы қоғамға үлкен залал тигізіп отырғаны жасырын емес. Діни сауатсыздық салдарынан теріс ағымның ықпалына ерді деуге келмес. Ақпаратқа қолжетімділік заманында қалаған ақпаратты ғаламтордан тауып алуға болады. Мұнда бастысы – отбасындағы ахуалдың, ата-ананың балаға берер тәрбиесінің дұрыстығы. Тәрбиеде кеткен олқылық – адам өмірінде орны толмас өкінішке әкеледі.

Ал, табиғатта бәрі тепе-тең екенін ескерсек, адам да көңіліндегі бос орынды, олқылықты толтыру үшін жұбанышты басқадан іздейді. Бұл – баланың жас күнінде ата-анадан алмаған махаббатын өсе келе басқа дүниемен толтыратыны сияқты дүние. Осындай көңілі жарым жандарға жалған жанашырлық таныту арқылы қатарларын толтыруға тырысып, келе-келе басыбайлы құлына айналдыру – теріс діни ұғым өкілдерінің басты мақсаты. Психологияны қару ретінде қолданып, санасын тұмандап, өмірде орнын таппай сенделгенді өздерінің оңай нысаналарына айналдырады.

Психологтардың айтуынша, теріс жолға түсірудің жолын кезең-кезеңімен ойластырған оларға төтеп берудің өзі де қиындық туғызуы мүмкін. Бұл орайда, ең алдымен, көмекке келетін адамның жақындары. Әрине, кез келген отбасы бұған бейжай қарамасы анық.

Әлеуметтік және қоғамдық өмірден қалыс қалғандар осы орайда «Виктория» оңалту орталығынан көмек ала алады. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, теріс діни ықпалға қатты берілген адамды одан алып шығу оңай емес. Сол кезде, теріс жолдағы адамға ғана емес, оның отбасы мүшелеріне де психологиялық көмек қажет екен.

Орталық мамандары теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге әр түрлі психологиялық әдістерді қолданады. Адамның мықты және әлсіз жақтарын ескере отырып, оларға жеке бағдарламалар әзірлейді. Теріс діни ықпалдан зардап шеккендерге діни ғұрыптық табынушылықтан оңалуға және одан әрі деструктивті діни ұйымдарсыз қалыпты өмір сүру моделін құруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін демалыспен үйлесімді түрде құрылады.

Деструктивті діни ағым өкілдерінен жәбір көріп, «Виктория» оңалту орталығына көмек сұрап келген жалғыз басты ана осы жерде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша тегін оқыту курсынан өтіп, мамандық алуға болатынын білген. Сонымен қатар, орталық мамандарының кеңесі бойынша өзіне арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатынын да білген. Қазір Орталық мамандары оған баланың жәрдемақысын ресімдеу, бағдарлама бойынша аспаздыққа оқыту курсынан өтуге көмек көрсетуде.

«Виктория» оңалту орталығының директоры Виктория Кононованың айтуынша, орталықтың жұмыс тәжірибесі теріс діни ықпалдан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету қызметінің қажеттілігін дәлелдеді. Орталықтағы жұмыстың арқасында көптеген жастар теріс діни ағымдардың әсерінен алшақтатылған.

Салтанат Ильяшова.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.