Денсаулық. Кадр. Дəрі
Балаларды қорғау күніне қарсы облыстық балалар клиникалық ауруханасы ашылады. Қазір 45-орамдағы ауруханадан көшу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Instagram əлеуметтік желісінде тікелей эфир өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова айтты. Ал, қазіргі ғимарат қайта жөнделіп, дəрігерлерге пəтер ретінде берілмек.
Аймақта дəрігер тапшы. Оны шешу үшін кадр стратегиясы да жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр масымен медицина лық қызметкерлердің еңбекақысы да кезең-кезеңімен артып келеді. Бұдан бөлек, облыста алғаш рет жас мамандар үшін əлеуметтік қолдау шаралары қолға алынып жатыр. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына қосымша ауылдық жерлерде жəне аудандық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін дəрігерлерге көтерме жəрдемақылар беріледі.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев басқарманың бұл бастамасын қолдады. Атап айтқанда, жалпы практика дəрігері, педиатр, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог 5 млн. теңге, кардиолог, хирург, невропатолог жəне офтальмолог 3 млн. теңге, колледж бітіріп, ауылға барған акушерлер мен фармацевтер 1,5 млн. теңгеден ала алады.
– Оған медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері жəне үш жылға дейінгі жұмыс өтілі бар дəрігерлер мен орта медициналық персонал қатыса алады. Бұл жоба ауылдарға бірінші рет баратындар үшін. Мəселен, қазір Бұқар жырау ауданында істейтін маман басқа ауданға, ауылға ауысып, қатыса алмайды. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» Ұлттық жобасы аясында аймақтың 42 ауылында емдеу мекемелері ашылады. Бұлар – дəрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункт пен медициналық пункттер. Соған мамандарды шақырамыз. Оған Қарағандының ғана емес, республика бойынша басқа оқу орындарының түлектері қатыса алады. Жобаға қатысу конкурсын біз жүргіземіз. Жеке бас құжаты, диплом мен еңбек кітапшасы қажет, – деді Бибігүл Райханқызы.
Ұлттық жоба аясында Балқаш пен Теміртау қалалық ауруханалары да модернизациялауға жатады. Олардың базасында көпбейінді орталық аудандық ауруханалар ашылып, жақын маңындағы аудан тұрғындарына қызмет көрсететін болады.
– Балқашта бұрын балалардың туберкулезге қарсы санаторийі болған ғимарат бар. Биыл ол күрделі жөндеу жұмыстар жоспарына енгізіледі. Жөндеуден кейін қалалық аурухананың бір корпусы ретінде бірыңғай балаларға арналған бөлім болып ашылады. Ана мен бала орталығы деуге де болады, – деді Бибігүл Райханқызы.
Кадр мəселесі аясында оларды баспанамен қамту жұмыстары да бар. Қазіргі 45-орамдағы балалар клиникалық аурухананың ғимараты дəрігерлерге арналған пəтерге айналатынын айттық. Онда барлығы 94 пəтер болмақ.
– Одан бөлек, біз Отбасы банкімен бірлесіп, медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несие беру мəселесін қолға алдық. Бастапқы жарнаны басқарма беретін болады, – деп атап өтті басшы.
Қолға алынған шаралар аймақтың жас мамандары үшін қолайлы əрі тартымды болуын қамтамасыз етуі тиіс. Десе де, мамандардың кəсіби білімімен қатар, адами қарым-қатынас жасай білуі де маңызды. Басқарма мұндай мəселеден хабардар. Сондықтан да енді аттестация, оқыту курстары жиілейді. Мəселен, қазірдің өзінде Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана, облыстық клиникалық аурухана базасында медбикелер мектебі қолға алынады.
Бибігүл Райханқызының айтуынша, фельдшер, акушерлер, кіші медициналық персонал, облыстық жоғары мейіргерлік колледжінің түлектеріне оқыту жүргізіледі. «Олар өз кезегінде науқастың туыстарын əрі қарай күтім жасау үшін үйретуі керек», – деп атап өтті ол.
Оқыту симуляциялық манекендер арқылы да жүргізілетін болады.
– Медициналық қызметкерлер күні қарсаңында жедел жəрдем подстанциясы базасында оқыту басталмақ. Оған облыстық бюджеттен симуляциялық манекендер алынды. Жақында тағы бір түрі келуі тиіс. Оны əуелі медициналық қызметкерлер, фельдшерлер, жедел жəрдемде істейтін жүргізушілер оқиды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сəйкес, жедел жəрдем жүргізушілері парамедик болуы тиіс, – деді Б.Төлегенова.
Тегін дəрі-дəрмек алу жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Əлеуметтік желіде «ана дəрі жоқ», «мына дəріге қол жеткізе алмай жүрмін» деп, сұрағандар болды. Олардың барлығының байланыс номерін алып, мəселені жеке қарайтын болды басқарма басшысы.
Бұрыннан диспансерлік есепте тұрған науқастардың тегін дəрі-дəрмек алуға берген өтініші бірден келеді. Ал, жаңадан анықталған науқастар 2-3 айдың мұғдарында күтуі керек болады.
– Себебі, қажетті препаратты сатып алу шарасына осынша уақыт кетеді. 3-4 ай қажет болады. Егер сол емханада басқа біреулерден қалғаны болса, беріледі, – деді ол.
Дəрігерге шұғыл көрінуі керек адам учаскелік дəрігерді күтпей, шұғыл қарала алады. Сол сияқты, диспансерлік есепте тұратын адам бір маманға бару үшін жолдаманы учаскелік дəрігерге бармай-ақ ала алады.
– Бұл норма былтыр енгізілген. Оны емханалар да біледі. Бұл жайында алдында да айттым, – деді Бибігүл Райханқызы.
Сонымен қатар, ол емхана директорларының ротациясы мəселесі қаралып жатқанын жеткізді.
– Білім саласында енгізілгендей, денсаулық сақтау саласында да қолданылуы мүмкін. Қазір қаралып жатыр, – деді ол.
Медициналық-əлеуметтік сараптама тағайындау, бас тартуға қатысты да біршама сұрақ қойылды. Бұған спикер тиісті басқармамен бірлесіп жұмыстар жүргізіліп жатқанын, құжат рəсімдеуде олқылық жіберген дəрігерлер оқудан өтетінін айтты.
– Екі мекеме арасындағы жұмыс жақын күндері нəтижесін береді деп ойлаймын. Жалпы, болашақта мүгедектікті рəсімдеу, дəлелдеу шараларының барлығы электрондық форматқа ауысады. Ол үшін бармайтын боласыздар, – деді Б.Төлегенова.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz