Руханият

Делегаттар лебізі

Жаңғыру–бірлік бастауы

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша «100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты бірқатар жобаларды атады. Жобалар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер қойды. Елбасы еліміздің болашағына бағыт беретін, әрбір тұлғаның өзін және айналасын тануға жол ашатын, қазақстандықтардың рухани санасын жаңғыртатын басым бағыттарға кеңінен тоқталды. Атап айтсақ, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы айтылды. Әлбетте, бәсекелік қабілет пен прагматизм, сананың ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруы бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін береді. Бұған жалпы азаматтық қоғам өкілдері, оның ішінде жастардың ықпалы мол болуы тиіс. Олар өткен тарихымызды мұқият жадында сақтап, ел мәдениетінің әлемдік кеңістікке шығуы жолында ізденуі міндетті.

Вилен Молотов-Лучанский,

ҚХА мүшесі, Қарағанды еврей мәдени

орталығының төрағасы.

Ырыс – ынтымақта

Елордамыз Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы болашаққа байыпты бағдар түзеген байрақты еліміздің татулығын тұрақтандыра түсті. «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбын ту еткен кезекті сессияның кемеліне келген елге берері аз емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ордалы жиынның өзегіне айналып, қазақстандық жаңғыру мен халық тұтастығын көксеген үлкен бастаманың бағдарын айқындады.

Бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр, мерекелі өмір кешіп жатқан сан ұлыстың салты мен санасына, діні мен тіліне, тарихы мен дәстүріне ерекше мән беріліп, қай этнос өкілі болсын, қысастық көріп жатқан жайы жоқ. Керісінше, дәстүрін жаңғыртып, тілін тірілтіп, тарихына сәуле жүгіртіп, мәдениетін мәйегіне айналдырып келеді. Осы ынтымақтың барлығы мерейтойлық сессия кезінде айтылып, Елбасының ерекше назарында болды. Әрине, татулықтан асқан құндылық, бейбіт өмірден асқан байлық жоқ. Көшбасшымыздың көреген саясаты осы бағымызды басымыздан тайдырмауға барын салып келеді. Қашанда бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

Рымбала ОМАРБЕКОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.

Сенімге – серпін

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХV сессиясына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өзек болды. Ұлт көшбасшысы ұсынған «100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жəне басқа да маңызды жобалар ұлттық санаға серпін берді. Сан ұлттың өкілдері бас қосқан сессия біздің мемлекетіміздің қуаты бірлікте, өзара сыйластықта екендігін тағы бір аңғартты.

Тəуелсіздік жылдары рухани жаңғыру жолында бірнеше ауқымды іс-шаралар атқарылды. Ұлан-асыр жерді ұрпаққа аманаттаған жауынгерлік жəне ерлік рухымен қатар, Қазақ даласы ежелден қонақжайлылық, даналық, парасат пен татулықтың баламасыз үлгісін көрсетіп келеді. Тағдыр жазуымен біздің аталарымыз осы қасиетті жерде ошақ құрды. Ал, бүгін біз бір тудың астындағы біртұтас Қазақстан азаматтары екенімізді мақтанышпен айтамыз.

Мəселен, 2003 жылы Қарағандыда облыстық литва «Литуаника» ұйымы құрылды. Рухани жаңғырудың алғашқы қадамдары осы уақытта басталған. Ал, облыс орталығында Достық үйі ашылғалы мүмкіндіктеріміз еселене түсті.

Виталий Ионо ТВАРИОНАС,

ҚХА Кеңесінің мүшесі, облыстық литва этно-мәдени

бірлестігінің төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button