Дастарқанда – табиғи өнім
Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ дәстүрлі «Ауыл береке» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне барды.
– Қалалықтар үшін мұндай жәрмеңкелер қысқы уақытқа сапалы азық-түлік өнімдерінің қорын жинап алу үшін өте жақсы мүмкіндік. Осындай жәрмеңкелерді өткізе отырып, біз Елбасының азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру және тұрғындарға, оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға қолдау бойынша берген тапсырмасын орындап отырмыз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Жәрмеңкеде 530 тонна ауыл шаруашылығы өнімі саудаланды, құны нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан болды. Сонымен қоса, облыс орталығы тұрғындары үшін 53,5 тонна ет, 9 тонна балық өнімі, 100 тонна көкөніс, 17 тонна сүт өнімі, 320 тонна картоп, 175 тонна жұмыртқа әкелінді. Сондай-ақ, дәстүрге айналған бауырсақ және қымыз фестивалі де өткізілді.
Фестиваль аясында фермерлер облыс әкіміне қымыз ұсынды.
– Арқаның қымызына бірде-бір қымыз жетпейді. Әрі табиғи, әрі бір ерекше дәмді. Негізі, денің сау, әрі үнемі сергек жүру үшін қымызды жиі ішу керек, – деген аймақ басшысы жұртшылықты бірге отырып, сусыннан дәм ауыз тиюге шақырды.
Жыл басынан Қарағанды облысында 354 жәрмеңке өткізіліп, 1957,4 млн. теңге өндірілді.
«Ауыл Береке – 2016» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 22 қазанда басталып, 12 қарашаға дейін жалғасатын болады деп жоспарлануда.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.