«Дарынды бала» – бүлдіршінге тарту
Сейсенбі күні кеншілер шаһарында 150 орынды «Дарынды бала» жекеменшік балабақшасы ашылды. Қарағандыда отыз мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұрғанын ескерсек, жаңа балабақшаның жалпыға берері көп.
Жалпы, «Дарынды бала» балабақшасы көпбалалы ана, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Талант менеджмент» жобасының үйлестірушісі Айнагүл Хамитованың бастамасымен ашылып отыр. Кәсіпкер алғаш 2014 жылы бүлдіршіндерге арналған «Талант менеджмент» жобасын жасады. Балалардың қабілетін арттыру мақсатында мемлекеттік грант негізінде 2015 жылы 45 орынды «Дарынды бала» балабақшасы жұмысын бастады. Кейін «Дарынды баланың» филиалдары Қарағандының бірқатар аумақтарында ашыла бастады.
Әлия БАЗАРБАЙ, Қарағанды қаласы жалпы және орта білім беру секторының бас маманы:
– Жалпы, кеншілер шаһарында балабақша ашу – кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Балабақша ашу төңірегінде ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама жұмыстарының нәтижесі осыны меңзейді. Қазіргі таңда Қарағандыда осы мақсатта ата-аналар сұранысына орай жекеменшік балабақшалар бой көтеруде.
Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда «Дарынды бала» жобасы – балабақшалар желісі арқылы бүлдіршіндердің білім көкжиегін дамытуда ауқымды жұмыстар атқаруда. Балалар психология ғылымдарының докторы Айжан Изақованың «Талант менеджмент» авторлық бағдарламасы арқылы тәлім алады.Талантын ашу мақсатында әрбір бүлдіршінге жіті көңіл бөлінеді. Осы орайда балабақшада музыкалық үйірмелер, шахмат, актерлік шеберлікті дамыту, вокал сыныптары және футбол ойнайтын алаңдар қарастырылған. Қазіргі таңда жоба аясында отыз адам жұмыс жасайды. 2017 жылы 100 орынды жаңа балабақша ашуды жоспарлап отыр.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.