Жаңалықтар

Дара да өзі, дана да өзі

Арқаның мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды қаласы мен облысының және Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызын көп жұрт «Мәдениет министрі» деп атайды. Ол шындығында, Мәдениет министрі де болар еді. Кезінде белгілі сыншы, өнертанушы, профессор Әшірбек аға Сығай марқұм өзі министрдің бірінші орынбасары болып тұрған кезде министрлікке қызметке шақырғанда, Рымбала Кенжебалақызының қазыналы Қарағандысынан қозғала қоймағанын үнемі айтып жүретін. Рекеңе «Өнердің Ұлпаны» деп ат қойып, ерекше құрметтеген де сол сырбаз да, сұңғыла Әшірбек аға еді. Бұл күндері міне, сол дара да, дана Рымбала Кенжебалақызының мерейлі мерейтойын атап өтіп жатыр барша жұрт.

Дара дейтініміз, ол – билік тізгінін ұстаған өзі құралыптас және өзіне дейінгі, өзінен кейінгі азаматтар мен қыз-келіншектер буыны арасында бірден-бір айтулы тұлға. Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастап, комсомол, партия қызметінде шыңдалған Рымбала Кенжебалақызы алдымен, аймақтың мәдениет саласына басшы болып келді. Одан соң облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Бес жылдан кейін облыс мәдениетін басқаруға қайта ойысқан Рекең осы қызметті 20 жылдай атқарып, «Омарбекова десе, мәдениет, мәдениет десе, Омарбекова» деген егіз ұғым қалыптастырды. Кешегі кеңестік кезеңнен бастап, тәуелсіз еліміздің қалыптасу жылдарында қоғамға, ұлттың өнері мен мәдениетінің дамуына азды-көпті қызмет атқарған, ел үшін еңбек еткен қыз-келіншектердің бәрі Рекеңді өзіне ұстаз-үлгі тұтады.

Аймақтың ғана емес, барша еліміздің, ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін өркендетуге аянбай тер төгіп, қажырлы еңбек еткен Рымбала Кежебалақызын Қазақстанның рухани әлемінде жүрген өнер жұлдыздары, қарымды қаламгерлері мен жазармандарының күллісі бас иіп, қадірлеп-құрметтейді. Олардың қай-қайсысының да Арқаға келген өнер сапары Рекеңнің ұйымдастыруынсыз өтпейтін. Өз кезегінде қазақтың бұлбұлы Б.Төлегеновадан бастап, небір өнер мен мәдениет майталмандары Рекеңнің бір ауыз сөзін сыйлап, қай кезде болсын Арқадан табылады. Ал, Сарыарқаның өнер айдынына қанат қағып ұшқан балғын өнерпаздарынан бастап, елімізге, әлемге әйгілі болған небір мәдениет майталмандарының қай-қайсысы да Омарбекованың «шекпенінен шығып», қазақ руханиятының қызғыш құсы Рекеңнің қамқорлығын көріп, батасымен көркейген.

Қарағандыдағы бірден-бір мемлекеттік «Сарыжайлау» кинотеатрына жетекшілік етіп отырған соңғы жылдары Рекең дамып келе жатқан қазақ киноиндустриясының өнімдерін, қазақ фильмдерін насихаттап, таныстыруға айрықша үлес қосып жүр. Қазір «Сарыжайлау» жәй кинотеатр емес, көпшіліктің келіп демалатын, орта тауып, сырласатын, тіпті, ардагер апа-аталардың көңіл көтеріп, би билеп, ән шырқайтын шуақты шаңырағына айналған. Бұл да Рекеңнің даралығының кейбір көрінісі ғана…

Дана дейтініміз, сабырлы да, салмақты, әрі асқақ, әрі қарапайым қалпынан ешқашан айнымайтын, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп хакім Абай айтқан сипаттың бәрі Рымбала Кенжебалақызының тал бойынан табылады. Рекеңді алғаш көргендер тым қатал адам деп ойлап қалуы да мүмкін, үнемі жинақы жүретін, киген киімі мен қысқа қиылған шаш үлгісі келбетіне жарасқан, талғамы жоғары осынау жанның мысы кімді де болсын басып тұрар еді. Мысы мен сұсы басқанымен, тереңдігі мен парасаты адамды өзіне тартып тұратын ерекше қасиеті бар тұлға Рекеңмен бірге жұмыс істеудің өзі – үлкен өмір мектебі.

Рымбала Кенжебалақызы алдында аға-апалары, соңында бауыр-сіңлілері бар үлкен әулетте – Қарқаралы орман шаруашылығының құрметті қызметкері – әкесі Кенжебала мен анасы Айтбанудың аялы алақанында өсіп, бойжетті. Қарағанды педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдап, Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясында оқыған, тарих ғылымдарының кандидаты.

Облыстағы мемлекеттік және жауапты қызметтерде болған жылдарында аймақтағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғындарды әлеуметтік қорғау салаларының барша мәселесіне белсене араласты. Оның табандылығы мен жігерлі бастамашылдық қасиет-қабілеттері арқасында бюджет қаржысы әлеуметтік сала нысандарының құрылысына тартылып, көптеген ғимарат бой көтерді. Ол қашан да адамдарға жақын және алдына келген жанды қай уақытта болса да қабылдап, мәселелерін шешіп отыратын аймақтағы санаулы басшылардың бірі болды.

Рымбала Кенжебалақызы – аймақтағы ұлттық-мәдени орталықтарды құру ісінің бастауында тұрған тұлға. Қазір де этномәдени орталықтардың өмірі мен қызметінен шет қалмай, олардың түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуіне қолдау көрсетіп отырады. Алғаш 1995 жылы Рымбала Кенжебалақызының бастамасымен, ұлттық-мәдени орталықтардың облыстық фестивалі ұйымдастырылып, ол бүгінге дейін салтанатты да, мазмұнды шаралардың біріне айналды. Рекеңнің облыстық мәдениет департаментіне жетекшілік кезеңі ықшамдау жылдарына тұс келді. Мәдениет пен өнердің қызғыш құсының орасан күш-қайраты мен іскерлігінің арқасында облыстағы кітапханалар мен клубтар желісі барынша сақталып қалды. Олардың халыққа қызмет етуі үшін Рымбала Кенжебалақызы «кітапхана-клуб» тәсілін ойлап тапты, соның нәтижесінде облыстың ең алыс ауылдарындағы мәдениет ошақтары жұмыстарын тоқтатпады. Оның ендігі бастамасы, ол кезде республикада баламасы болмаған, қазіргі заманғы аудио-видео құрылғылармен жабдықталған, мәдениет мекемелерінің қолдары жете бермейтін тұрғындарға қызмет ететін «Зерде» видеомобильдерін енгізуі еді. Оның ауылды дамыту турасындағы аймақтық бағдарлама аясында қазіргі заманғы, соңғы үлгідегі музыкалық-дыбыстық аппаратура алып, ауыл клубтарына тегін беру бастамасы облыс басшылығы тарапынан қолдау тауып, солай жүзеге асырылды да.

Өз уақытында Рымбала Кенжебалақызы Тәттімбет атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрін құруға бастамашы болды, кейіннен оркестрге «Академиялық» деген атақ берілді. Сондай-ақ, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ұжымының, Теміртау қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың дүниеге келуі, бәрі де оның қажырлы еңбегінің арқасы болатын. Рымбала Кенжебалақызының тынымсыз еңбегі мен күш-жігерінің арқасында облыстың кәсіби шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылар аймақтық, республикалық, халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысып, жүлдемен оралып жүрді. Таяу шетелдер ғана емес, басқа да әлем елдеріне гастрольдік сапармен барды. Франция, Голландия, Швеция, Венгрия, Болгария, Түркия, Иран және өзге де мемлекеттердің көрермені қазақ өнерімен танысты. Рымбала Кенжебалақызының қолдауының арқасында «Әуенді Сарыарқа» облыстық фестивалі халықаралық мәртебеге ие болса, Ж.Елебеков атындағы облыстық әншілер байқауы республикалық, ал, «Театр балалар әлемінде» фестивалі аймақтық дәрежеге көтерілді. Ол эстрада әндерін орындаушылардың «Жұлдыз» республикалық байқауын өткізу, мүмкіндігі шектеулі жандардың жыл сайын өткізілетін «Творчество души» облыстық фестивалі, ұлттық-мәдени орталықтардың, отбасылық ансамбльдердің, соғыс және еңбек ардагерлері хорының «Ардагерлер ән салады» байқаулары, үрлемелі аспаптар оркестрлерінің, «Еркетай» балалар шығармашылық ұжымдарының, «Жаңа есімдер», «Сарыарқаның жұлдызды аспаны» байқау, фестивальдерін алғаш ұйымдастыруға бастамашы болған тұлға.

«Жұлдыздар аллеясы» тәрізді ауқымды жобаны, «Қарағанды – менің жастық шағымның қаласы» атты ретро-фестивальді ұйымдас­тырып, өткізу – Рымбала Кенжебалақызының идеясы. Оның тікелей жетекшілігімен облыс кітапханаларына жаңа технологиялар енгізілді, ол жаңа жоба «Модельді ауыл кітап­ханалары» деп аталып, бұл кітап­хана ісіндегі үлкен қадам болды. Республикада бірінші болып, ауыл кітапханалары қызметкерлерінің форумы, одан кейін ауыл мәдениет қызметкерлерінің форумы, «Ауыл энциклопедиясы» табысты өткізілді. 2001 жылдың қорытындысы бойынша «Қарағанды – Қазақстанның бірінші кітапхана астанасы» деген мәртебеге ие болды. Рымбала Кенжебалақызының табандылығы мен іскерлік, біліктілігі арқасында облыстың кітапханалар қорын қаржыландыру жыл сайын өсіп отырды. Мәдениет басшысының назарынан тарихи архитектуралық ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру мәселесі ешқашан шет қалған емес.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ол тарихи-мәдени мұраны сақтап, қорғау жөніндегі облыстық инспекцияны құрды. Инспекцияның міндеті – ғылыми экспедицияларды ұйымдастырып, тарихшыларды тарту арқылы ескерткіштердің қазіргі жағдайын зерттеп, оларды қалпына келтіру мәселелерін шешу. Рымбала Кенжебалақызының тікелей араласуымен облыстық тарихи-өлкетану музейінде компьютерлік анимация залы және тарихи картиналардың «Dolbi» дыбысты кинозалы ашылды. Оның бастамасымен облыстың танымал мәдениет және өнер қайраткерлеріне, театрдың аға буын актерлеріне тұрған үйлеріне мемориалды тақта орнатылып, олардың есімдері мәңгілікке қашап жазылды. Мәдениет басқармасының басшысы болған жылдары жас мамандарды даярлау және қайта дайындықтан өткізу мәселесіне үлкен көңіл бөле отырып, Рымбала Кенжебалақызы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде халық аспаптары және театр артистерін даярлау бөлімдерінің ашылуына ықпал етті. Осы оқу орнын бітірген түлектер бүгінде облыстың шығармашылық ұжымдарының белді өнерпаздары.

Рымбала Кенжебалақызы бүгінде жай қатарда жүрген жоқ, әрдайым мәдениет пен өнер саласының алдыңғы шебінен табылады. Ол облыстағы бірден-бір мемлекеттік кинотеатрға басшылық етеді. Кинотеатр – Қазақстанның киноөнерін, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі заманғы картиналарын қазақ тілінде насихаттайтын жалғыз мәдениет ошағы. Кинотеатр қызметкерлері ауылдар мен аудандарды аралап, тұрғындарға кино көрсетуді дәстүрге айналдырған. Қазақ киногерлері де «Сарыжайлау» кинотеатры басшысының шақыруымен Арқаға атбасын жиі бұрады. Олармен өтетін қызықты да мазмұнды кездесулерді көрермендер әрдайым асыға күтеді.

Арқаның ардақтысы, ұлт руханияты мен мәдениетінің қызғыш құсы – өзі дара, өзі дана Рымбала Кенжебалақызы осындай жан!

Сағат БАТЫРХАН,

Қазақстанның Құрметті ­журналисі

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button