Бас тақырыпРесми

Дамудың жаңа парадигмасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді» деп нығыздап айтты. Бұл бәсекелестікті арттыруға бағытталған, отандық өнім өндірушілерге негізгі тапсырма десек те болады. Қарағанды қаласында жұмыс істеп тұрған «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС – нарықта өз бәсекелестерінен биік тұрған кәсіпорын.

400-ге жуық өнім түрі шығады

«Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС 2014 жылдан бастап қайта құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған акционерлік қоғам таратылып, одан қалған зауытқа осы кәсіпорын заңды түрде ие болды. Бүгінгі күні Қазақстанның нарығында электр техникалық өнімінің отандық тауар өндірушісі, әрі энергетикалық нарықтағы көшбасшы компаниялардың бірі.

– Бүгінгі күні зауыт дамудың жаңа сатысына көтерілді, технологиялық құрал-жабдықтың 70%-дан астамы бағ­дарламалық қамтамасыз етуі бар заманауи технологиялық құрал-жабдыққа алмастырылды, бұл өнім дайындаудың прогрессивті технологияларын қолдануға, өнімнің үш жүзден артық жаңа түрін игеруге мүмкіндік берді. Жылдар бойындағы жұмыс нәтижесінде біз орнатқан электр тіректер мен флагшток тұғырлары ірі қалалар мен барлық облыс орталықтарында орнатылды, біздің өнімдермен Қазақстан мен ТМД елдерінің мыңдаған энергетикалық нысандары жабдықталды, – дейді «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС бас директоры Александр Ларионов.

Қазіргі кезде зауыт өнімнің 400-ге жуық түрін шығарады.

24 сағат жұмыс істейді

Жыл бойы күніне 24 сағат жұмыс істеп тұрған зауытта 3 цех бар. Кронштейнге арналған құбыр, 3-6 милли­метрлік қалыңдықтағы металл негізінен «АрселорМиттал Теміртау» ак­ционерлік қоғамынан алынады.

– Ал, зауытта дайындалған тірек пен тұғырларды тот баспас үшін ыстық мырыш тотығымен қаптауға Ресейге жіберуімізге тура келеді. Бізде, Талдықорған қаласында бұл іспен шұғылданатын компания бар. Бірақ, шындықты айтуымыз керек, олардың өнімінің сапасы сын көтермейді және бағасы да қымбат. Астанада да осындай бір кәсіпорын болды, мұнда да сол жағдай қайталанғаннан кейін Новосибирск қаласына жүгінуге тура келді. Әзірге сол жаққа өнімдерімізді тасудамыз. Онсыз болмайды, өйткені, мырышпен қапталған өнімді жылдар бойы тот баспайды. Жарты ғасыр­ға дейін кепілдігі тағы бар, – ­дейді зауыт басшысы.
Зауыт Қазақстандағы 3 ірі «Kcell», «Билайн», «Теле 2» ұялы байланыс операторларымен тығыз байланыста. Оларды арнайы тірек жабдықтарымен қамтамасыз етіп отыр.

Саранда зауыт ашылады

Саран қаласында РТИ аумағында «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС тағы бір зауыт салуда. Ол жерде мырыштау жұмыстары жүргізіледі. Сол уақытта дайын өнімді Ресейге тасымайтын болады.

– Саранда өндіріске арналған алаң бөлінген болатын. Ол арнайы экономикалық аймаққа жатпайтындықтан, индустриалдық орын болғандықтан мемлекет бізге газ, жарық, коммуникацияны тартып беруде. «Бәйтерек» холдингімен қаржылай келісімге отырғаннан кейін зауыт салу басталады. Осы айдың аяғында құрылыс бастаймыз деп отырмыз. Келесі жылдың ортасында өзіміздің ыстық мырыштау орталығымыз болады деген ниеттеміз. Мырышты біз қазақстандық өнім өндіруші «КазЦинктен» аламыз.
Соның арқасында келесі жылы 100 пайыз өз еліміздің шикізатымен өндірісті қамтимыз, – дегенді қосты Александр Викторович.

Флагшток тұғыры – зауыт өнімі

Қалаларда, аудан орталықтарында халықтың рухын асқақтатып тұрған, мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі – Ту желбіреп тұр. Осы флагштоктардың тұғыры – ­зауыттың өнімі. Бүгінгі күні 30-ға тарта елді мекенде орнатылған.

Сонымен қатар, Астана, Бурабай, Шортандыдағы тасжол бойындағы жарықтандыру бағандарының тіректері – зауыттың алғашқы ірі жобасы. Қарағанды қаласындағы орталық баққа жарық шашып тұрған шамдардың 70 пайызы осы серіктестікке тиесілі.

– Біздің зауытта 120 адам жұмыс істейді. Дегенмен, басқа кәсіпорындардағыдай бізде де кадр жетіспеушілігі бар. Әрдайым мемлекеттік «Еңбек» сайтына бос орындарды ұсынып келеміз. Иә, жұмыс істеймін деп келушілер көп, орнығып қалушы жоқ десек те болады. Мысалы, соңғы екі-үш жылда еңбекке аралассам деген ниетпен 100-ге тарта адам келді. Оның 2-еуі бізде қалды. Қалғанына жұмыс ұнамады немесе айлық аз дейді. Негізі, біз статистикаға қарап отырып, орташа жалақыны қоямыз. Қанша техникум бітіріп келдім деген маманның өзі бірден өз ісін алып кете алмайды. Сондықтан оқытамыз, үйретеміз. Жастар бірден креслоға жайғасып, бастық болсам дейді. Олай болмайды ғой, – дейді Александр Ларионов.

Өнімдерінің сапалылығы арқасында энергетикалық нарықтағы көшбасшы компаниялардың біріне айналған «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС-нің басшысы Александр Викторович бәсекелестік біздің нарық үшін өте керек екендігін айтады. «Бәсеке бар жерде бизнес те жүреді. Өйткені, сен, олардан оза шабуың үшін сапаға да, санға да мән бересің. Тұтынушының үдесінен шығу үшін жарысқа түсесің. Кім алда, сол қашанда биікте болады», – дейді ол.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button