Далам толды қоқысқа…
Жаз мезгілі аяқталғанымен, уақытын таза ауада, демалыс орындарында не жағажайда өткізген ел тұрғындарының шашып тастаған қоқысын тазалау жұмысы әлі жалғасуда. Мысалы облыс аумағында жазда мыңнан астам заңсыз қоқыс орны анықталса, қазір соның 160-сы ғана тазаланған екен…
Айып көлемі – 145 мың теңге
Жақында экологтар арнайы рейд жүргізді. Қарағанды қаласындағы Фёдоров су қоймасына барып, бір ай бұрын волонтерлер тазалап кеткен аумақтың қайта ластанғанын анықтады. Айта кеткен жөн, Федоров су қоймасы – қала тұрғындарына демалуға рұқсат берілген екі орынның бірі. Пандемияға байланысты 12 шілдеде облыстағы барлық ашық және жабық жағажайда демалуға тыйым салынған болатын. Алайда, бұл тыйымға қарамайтындар көп. Олар карантиндік тәртіпті бұзып қана қоймай, аумақта қоқысты да көбейтіп отыр. Өйткені, отырған орындарын жинамайды. «Енді мұндай оңды-солды қоқыс тастағандар үшін айыппұл көлемі біршама өсті», дейді экологтар.
– 1 шілдеден бастап жаңа Экология кодексі күшіне енді. Яғни, әкімшілік айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін өсті. Бұл шамамен 145 мың теңге. Енді азаматтар қоқыс лақтырар алдында ойланатын болады дейді, – дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Ісжанов. Әркім өзі демалған жерін тазалап кетсе несі айып?! Тазалауға мойыныңыз жар бермесе, қалтаңызға 145 мың теңге салып шығыңыз….
Сонымен қатар…
Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы елдегі заңсыз үйінділерді анықтау үшін ғарыштық мониторинг жүргізіп келеді. Тапсырыс беруші – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Қарағанды облысында 2018 жылдан бастап жерді қашықтықтан зондтаудың, рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының орналасуын ғарыштық суреттермен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды. Былтырғы ғарыштық мониторинг нәтижесі бойынша облыста мыңнан астам стихиялық қоқыс орны анықталып, жойылды. Биылғы жылы Қарағандыда рұқсат етілмеген 200-ден астам қоқыс орны анықталды. Олардың координаттары ғарыштық бақылау көмегімен орнатылды. «Биыл мониторинг Қарағандыда өтті. Қазіргі уақытта қалалар мен аудандардың әкімдіктері қоқыс полигондарын жоюға кірісті. Жақын уақытта Қарқаралы ауданының аумағын қашықтан зондтау жоспарланып отыр», – деп хабарлады Қарағанды облысының экология департаменті.
4 763 үйінді
Мына қызықты қараңыз. Мүмкін шыжық дерміз. Маусым-шілде айында арнайы жүргізілген рейдте еліміз бойынша 4 763 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған. Рейд 24 маусымда басталып, бес ірі өңірде: Қарағанды, Павлодар, Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өткен. «Рекреациялық аймақтарға экология департаменттерінің, әкімдіктердің, жергілікті полиция қызметінің өкілдері және 30-дан астам эковолонтерлер шықты. Бір күндік жұмыс нәтижесінде 20 заңсыз қоқыс орны анықталды, олардың 13-і сол күні жойылды. Сонымен қатар, 6 ескерту беріліп, 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», деп жазылған ведомство таратқан ақпаратта. Министрлік бұл рейдтік іс-шаралардың бастамасы ғана деп отыр.
Орман мен дала өртіне қоқыс сеп…
Биылғы жылы далада өрт көп болды. Мұның көбісі қоқысты оңды-солды шашып тастау мен темекі тұқылын сөндірмеуден. «Орманда өрт шығу себептерін сараптағанда, ол көбінесе адамдардың өз кінәсінен болатыны анықталған. Орман ішінде болған саяхатшылар, демалушылар, ауыл шаруашылығының жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге от жағады. Орман алаңдарына жақын жерлердегі егістің орнын өртейді. Күн сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кетеді. Ал ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып, құрғақ шөптерді тұтандырады. Орманда шаруашылық жұмыстарын (жарылғыш құрал мен тамырынан жұлу, қоқысты жағу, жолдарды, электр желілерін, құбырларды салуы кезінде сақтық шараларын алмау) дұрыс жүргізбеу салдарынан орман өрті жедел өтеді және тез таралады. Қалың ағаш ішіндегі өрт минутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып, 10-14 сағатта үлкен өртке айналды. Оның ішіне кіру де, өрт сөндіру техникаларын енгізу де қиын шаруа. Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан, оған жол бермеудің алғышарттарын қатаң сақтау қажет», – дейді орманшы Гүлнұр Көзтаева.
Қоқыс, қоқыс, қоқыс… Көктем шыққаннан қыс түскенше айтылар сөзіміздің бірі. Өйткені, қыс даланы қарымен жауып, жазығымызды сәнге айналдырса, жазғытұрым қоқыспен бірге «тазалық» деген әнге ұласады. Кім кінәлі? Түсінетін уақыт әлі жетпегендей. Бүгін тағы демалысқа көл жағасына бардық, ластадық, ішкен-жегеннен қалғанды тастадық… Осылай жалғаса бере ме, ағайын?!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.