Бас тақырыпРуханият

“Дала қоңырауы”

Қазақтың көрнекті ағартушысы, «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай АЛТЫНСАРИН туралы жазылған дүние аз емес. Қазақ жерінде мектеп ашқанын, мектеп оқулықтарын жасағанын, сонымен қатар, балаларға арнап өлең, ертегі, әңгіме жазғанын білмейтін жан жоқ.

Десек те, Ыбырай Алтынсарин туралы айтылмай жүрген, айтылса да күңгірт көрінген деректердің сырымен оқырманды Серікбай ОСПАНҰЛЫНЫҢ «Ұстаздың ұлы ұлағаты» аты еңбегі негізінде таныстырмақпыз.

ЫБЫРАЙДЫҢ «ШОҚЫНҒАНЫ» РАС ПА?

 Бұндай ойды айтушылар да жоқ емес. Кезінде Ыбырай туралы «шоқынған», «крест таққан», «орысқа берілген» деген сияқты өсек-аяңдар көп болған.

Ыбырайдың Еуропа мәдениетіне жол салуы, «қазақ өз алдына ел, қазақ еш уақыт ноғай болмайды», – деп ноғай ағайындардың «мұсылмандар ноғай болуы керек» дегеніне қарсы шығуы, Ыбырай кітаптарының орыс графикасымен (кириллицамен) басылуы және орыс достарының арасында Ыбырайдың абыройының биіктеуі – кейбіреулердің «шоқынды» деуіне себеп болса керек. Бұл туралы М.Әуезов айтады: «Ол заманда орысша оқып, қанжығаласып, ел билеу ісіне қатынасқандар төре тұқымдарынан болған. Бұлардың ішінде бақталастық, күндестік туды. «Жуан қоныш, сасық қазаққа не қылған адамишылық», – дегені бар. Өз облысына Ыбырай атағының дүркіреп, ел оны әулие қыла бастағаны қазақ елін билеп, меншіктеп қалған шонжарларға ұнамапты. Сонымен қатар, шеттен келген молдаларға ұстаздың қарсылық білдіруі де Ыбырайдың «орыстанып кеткендігін» айғақтаса керек. Ал М.Әуезов ол өсектің орынсыз екендігін айтады:

«Ильминскийдің Ыбырай қолымен от көсеп, қазақ балаларын шоқындыру ниетінен түк шықпағанын, Ильминскиймен қазаққа пайда келтіру үшін ғана достасқанын, Ильминскийге Ыбырайдың жазған хаттарында, істеген істерінде патша хүкіметіне жылы сөз, қолайлы іс болса, Ыбырайдың хайла-шарғысы. Ол Ильминскийлерді алдап, адастырған әдісі деп қараудан басқа орын жоқ», – деп ақтайды.

Ыбырай өлгеннен кейін сандығын Васильев деген орыстың алып кеткенін, бір сандық крест дегендері бір сандық қағаз екені, айтуға жеңіл болсын деп орыс жолдастарының орысша ат қоюы «шоқынды» деп санауға жатпайтынын айтады ұлы жазушы.

Шындығында, орыс зиялыларымен аралас-құралас болған Шоқанға да, Абайға да ұқсамайтын Ыбырайдың басты ерекшелігі – келешегі зор істі өз қолымен жасап, жаңа үлгідегі мектеп ашып, қазақтың қара домалақтарын оқытқандығы, оларға арнап мектеп оқулықтарын жазғандығы, аңыз-әңгімемен сусындатқаны. Осындай ұлт қайраткерін «шоқындыға» санау қалайша ақылға сыяды? Шоқынған адам «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деп жазбаса керек-ті.

 АБАЙ МЕН ЫБЫРАЙ БІРІН-БІРІ БІЛГЕН БЕ?

Қазақтың қос алыбы Ыбырай мен Абай – бір заманның өкілі. Екеуінің өмірінде де, шығармашылығында да үндестік пен ұқсастық бар.

Біріншіден, екі алыптың азан шақырып қойған аты – Ибраһим, екіншіден, аталары – «шынжыр балақ, шұбар төс» ірі шонжар болған. Ыбырайдың атасы – Балғожа би болса, Абайдың өз әкесі – Құнанбай, атасы – Өскенбай, арғы атасы – Ырғызбай – ру ішінде үстемдігін жүргізген адамдар еді. Үшіншіден, қазақ әдеби тілінің негізі Ыбырай мен Абайдан бастап қаланды.

«Саны көп сапасы жоқ, сапырылысқан,

Он үйге бір би болған келді кезге», – деген Ыбырай өзі өмір сүрген заманның кемшілігін айтса, Абай:

«Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын», – деп надандықты сынаған.

Ыбырайдан Абай төрт жас кіші. Бір заманда өмір сүріп, елдің мұңын жоқтап, қазақтың қамын жеген ұлылардың бірін-бірі білмеуі мүмкін емес деген ой туындайды.

Иә, расында да, Ыбырай мен Абай бірін-бірі білген. Әйтпесе, қазақ жеріне мектеп ашып, қалың қазақтың көзін ашу жолында игілікті іс жасаған Ыбырайды Абайдың білмеуі мүмкін емес қой. Абайдың:

«Интернатта оқып жүр,

Талай қазақ баласы», – деп жазғаны осының айғағы болса керек. Ыбырай ашқан оқу орны Абай өлеңінде «Интернат» деп аталатынын жазады М.Әуезов өз зерттеулерінде.

Тағы бір байланыстыратын жайт – Абайдың «Жаз» өлеңі 1889 жылдың ақпанында «Дала уәлаяты» газетінде жарық көрген. Бұл тұста Абайдың да, Ыбырайдың да көзі тірі. Бұл кезде ұлт ұстазы Абай өлеңін оқуы ғажап емес.

«1884 жылы «Оренбургский листок» газетінде Ыбырай шәкірттері мен ізбасарлары «Біз Алтынсариннен бүтіндей бір халықтың, оның бүкіл өмірінің ақыл-ойын, рухын, мінез-құлқының бейнесін көреміз», – деп жазды. Сондай-ақ, бұл газетте Ыбырайдың мақалалары жиі жарияланып тұрды. Орысша-қазақша бірдей сауатты Абайдың бұл материалдарды оқымауы мүмкін емес. Оның үстіне Абайдың елі – Семей Торғаймен аралас-құралас. Торғайдан Ырғызбайлар туған. Мұны өмірден ертерек кеткен Ыбырай білмесе де, Абай білген болар?» – дейді ұлы жазушы.

«Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қайраткері» аталатын мақаласында Мұхаң Абай қолжазбаларында Пушкин, Лермонтов, Крыловтан аударған шығармаларымен бірге Ыбырай өлеңдерінің де көшіріліп жазылып жүргенін айта келіп:  «Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек. Бұл тегіннен тегін емес. Бұқар, Дулат, Шортанбай, Абайдың қолжазбаларына жалғыз ауыз өлеңмен тұмсық сұғып кірмегенде, Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таралуы бұл екеуінің үні бір, үміті бір, арман-бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді… Олар кейде баяғыдан бері өткен шөл ғасырлардың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі, бағыты бірлікпен айқасып аққан қос өрімдей, шөл өлкені суарып, дән бітіріп айқасып ағып келе жатқан қос өзендей танылды» , – деп баға береді.

Бүкіл қазақ жұртына білімнің, ізгіліктің нұрын шашып, өлмейтін, өшпейтін мұра қалдырған Ыбырай мен Абай – парасат пен пайымның, ұлылық пен ұлағаттың дәнегіндей тұлғалар болып қанша ғасыр өтсе де қазақ жадында қала бермек.

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ЫБЫРАЙДЫҢ ІЗБАСАРЫ

Ахмет Байтұрсынұлы – Ыбырай ашқан Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқыған. Ахмет – халық ағарту ісінің негізін салған Ыбырайдың ізін жалғаған ізбасары десек, артық айтқандық емес.

Алты Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханов 1925 жылы Ахметке былай деп хат жазыпты:

«Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде оның ісін жасарың хақ», – деп екеуінің рухани үндестігін, жақындығын, мақсаттарының да бір екендігін айтып, Байтұрсын баласына үлкен сенім артқан.

Ыбырайдың ізін жалғап, Ахаң да мектеп салу, дамыту мәселелерін көтерді. Бұл туралы газет-журналдарда мақалалары жиі жарияланып тұрды. Ағартушылық қызмет атқара жүріп, оқу-білім, оқулық, оқу жүйесі, мұғалім туралы көбірек сыр толғады.

Ыбырай Алтынсарин:

Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар, –

деген өсиетті Ахаң да әрі қарай жалғастырып:

Балалар, бұл жол басы даналыққа,

Келіңдер, түсіп, байқап, қаралық та.

Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,

Соларды көре тұра қалалық па?!

Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,

Жүріңдер, іздеп тауып алалық та! – деп, бүкіл ғылым-білімнің басы – оқудан басталатынын, соңы – даналыққа жеткізетінін айтып, даналықтың өшпейтін жарық, кетпейтін байлық екенін ұғындырады.

Осындай ұлтымыздың ұлы ұстаздарынан қалған өнеге – оқу, білім алу, мәдениеті дамыған елдерден қалмау, замананың көшіне ілесу болды. Өнегенің өрісі кең. Кейінгі ұрпақ осы бабалар айтқан өнегені ойға тоқыса болғаны…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button