Руханият

Дала дипломатиясының күретамыры

«Төртеу түгел, төрт босаға сау, төрт түстік өңірі толы болса, төртүшкіл неғайбыл дүниенің құпиясы да, төбедегісі де – біздікі» деген Майқы бидің тарихи түйінін бүгін Елбасы Н.Назарбаев сәтті түрде жүзеге асыруда. Ұлт Көшбасшысының бабалар аманатына адалдық танытқан игі бастамасы деп Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын айтуға болады. Үшінші он жылдыққа қадам басқан тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бұл бірегей институт Қазақстан халқын ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде елеулі іс тындырып отыр. Күн тәртібіндегі мәселе – интеллектуалдық мұраны реттеу, оны қорытындылау және «өткенмен» байланысты қайта қалпына келтіру ғана емес, сондай-ақ, жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасын қамтамасыз ететін шараларды да іске асыруда.

Қазіргі мақсатымыз – Тәуелсіздігімізді нығайту, яғни, жансауатын ашу, өнер өрісін өрбіту, өркениет көкжиегінен өз орнымызды айқындау. Ғылымы мен мәдениеті кенжелеп, рухы кемшін тартқан елдің ертеңі де – бұлыңғыр. Яғни, дәл осындай бәсекелік қабілеті төмен елге әлемдік өркениет өрісінен орын да жоқ. Ал, біздің Қазақстан экономикалық тұрғыдан қарыштай дамып қана қоймай, руханият саласында да көш бастап келеді.

XIX ғ. өмір сүрген орыс тарихшысы, Мәскеу Мемлекеттік университетінің ректоры, Санкт-Петербург Императорлық академиясының академигі Сергей Михайлович Соловьевтің «Тарихта ешнәрсе аяқ астынан аяқталып және ешнәрсе аяқ астынан басталмайды. Көне дәстүр жалғасқан уақытта ғана жаңа басталады», – деген пәлсапалық түйінінде түбегейлі ақиқат айтылған. Елбасымыз Н.Назарбаевтың күні кеше ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қамтылған ұлттық идея С.Соловьевтің осы ескертуін құп алғандай. «Өзгенің қаңсығын таңсық көретін» тоғышар дағдының уақыты өткенін, өзімізде бағзыдан бар құндылықтарымыздың өзі ұлттық рухымызды жаңғыртуға жарап тұрғанын айтты Елбасы. Ассамблея төңірегіне топтасқан жүздеген ұлттың өкілдері Елбасының бұл саясатына қызу қолдау көрсетіп отыр. Н.Назарбаевтың аталған мақаласы жарыққа шыққан күні жиын өткізіп, алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткен де – Ассамблея. Біз – ортақ шаңырақ астына топтасқан бір отбасының мүшелеріміз! Бірлік! Ынтымақ! Тұрақтылық! Бізде бұдан басқа идеология жоқ. Осы құндылықтарымыз әлі талай мыңжылдықтардың төрінде салтанат құратын болады.

Бахредден НҰҒМАН,

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті, философия

ғылымдарының

кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button