Руханият

Дайындық ойдағыдай

Арқа өңіріндегі білімнің қара шаңырағы Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың 90 жылдық мерейтойына орай дайындық жұмыстары өткен оқу жылынан басталған болатын. Осында оқып, тәрбиеленіп жатқан әрбір шәкірт мектеп шежіресін, мектеп мақтанышына айналған белгілі тұлғалар – мемлекет, өнер-мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, Отан соғысының, тыл майданының батырлары туралы білуге тиісті деген мақсатпен жүйелі түрде тәрбиелік іс-шаралар өткізіліп, кездесулер ұйымдастырылды.

Қазақ халқының ғасырлар бойы басынан өткен қасіретті кезеңдері, ел бірлігін сақтап қалған әйгілі хандар мен кемеңгер Қазыбек, Әйтеке, Төле билер, Әлихан Бөкейхановтың – 150 жылдығы, Алаш қозғалысының – 100 жылдығы туралы өткізілген патриотизмге толы шығармашылық жұмыстар – шын мағынасында оқушылардың белсенділігін, білімділігін айқындайтын шаралар болды. Мемлекеттік деңгейде іске асып жатқан айтулы іс-шаралардың аясында өткізілген осы аталған жұмыстардың барлығы өз нәтижесін берді. Осы мәселелер жөнінде және жаңа оқу жылының басталуына байланысты өткізілген отырыста мектеп басшысы Қ. Илимбаев егжей-тегжейлі баяндап берді.

Әсіресе, мектеп абыройын асқақтатқан білім сапасының жоғары деңгейі және үстіміздегі оқу жылының ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Облыстағы барлық мектептер арасында ҰБТ көрсеткіші бойынша орта балл 111 болып, мектебіміз облыста ІІ орыннан көрінді. Бұл алдағы жылдары бұдан да жоғарыға көтерілу мүмкіндігіміздің мол екендігін дәлелдейтін фактор екендігі даусыз. Мектеп ұжымы бұл межені игереді деген сенімдемін.

Мектеп бітіруші 47 оқушының 43-і, яғни 93%-ы жоғары оқу орындарына грантпен түсті. Бітірушілердің осалы жоқ. Оның ішінде ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке жеткен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары да бар. Олар: ҰБТ-дан жоғары Абылай Напталов,  Аманкелді Сарай.  Бұлар жоғары оқу орнының гранттарын жеңіп алды. Сол сияқты қазақ тілі және әдебиеті пәнінен Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың  жеңімпазы Айнұр Арыстанбай, Ахмет Яссауй атындағы университетте өткен олимпиаданың  І орын иегері Толғанай Ойрат, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінде өткен олимпиаданың жеңімпазы Диана Рахметаева жүлделі орындар алып, ЖОО-ның гранттарына ие болды. Оқушы Жұлдыз Байкен республикамызда тұңғыш рет өткізілген  Алаш партиясы басшыларының бірі Ә.Ермеков атындағы  республикалық математикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды.

Басталған оқу жылының  ерекшелігіне байланысты былтырғы оқу жылынан бастап білім саласында жаңартылған мазмұн енгізіліп жатыр. Осыған байланысты биылғы оқу жылында 5, 7 сыныптар осы жаңарту мазмұнына көшіп, олар үшін жаңа оқу бағдарламалары, оқулықтар және сыни тұрғыдан ойлау мәселелері қарастырылды. Олар, яғни, 5 және 7-сынып оқушылары жаңа мазмұндағы кітаптармен оқитын болады.

2017-2018 оқу жылында «Қазақстан тарихы», «География» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша  мектепте «Туған ел» кең ауқымды  мақсатқа бағытталған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру барысында сабақты мұражайларда, мәдени ұйым салаларында, тарихи ғимараттарда өткізу жоспарланды.  Вариативті компоненттен «Дінтану негіздері» курсы енгізілді. Бұдан бұрынырақ ашылған «Робототехника» шеберханасының қатысушылары облыстық байқауларда біраз жетістіктерге жетіп, тәжірибе жинақтап үлгерген еді. Қазір базасы кеңейді. Кең көлемде ауқымды түрде шығармашылық жұмыстарын жалғастыратын болады. «Үштілділік» бойынша математика, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін меңгеру курстарында оқып жатыр. Олар осы пәндер бойынша ашылатын іріктелген сыныптарға үш тілде сабақ беретін болады.

«Ауыл-Қала» жобасы биылда өз жұмысын жалғастыратын болады. Өткен оқу жылында Ақтоғай, Жаңаарқа, Шет аудандары білім мекемелерімен бірлесе жұмыс жасалынған. Негізінен мектеп бітірушілерін ҰБТ-ға дайындау мақсатында. Оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілетін дамыту мақсатында «Электроника», «Тілтаным», «Тұлғатану»,  «Жағрапия білгірі», «Алгорифм», «Биология ғажайыптары», «Жас химик» сияқты зертхана-шеберханалар ұйымдастырылды. Даму бағадарламалары жасалып, жұмыс жасап жатыр.

«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрменің «Болашақ энергия»  жобасы аясында 10-сынып оқушыларынан құралған мектептің ғылыми-зерттеу командасы «Ауылдық жерлердегі су тасқынының алдын алу және оның энергиясын пайдалану» тақырыбындағы ізденіс жұмыстары облыстық көрме-форумда Экология номинациясы бойынша  І орын алып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды және Орал қаласында өтетін республикалық жобалар байқауына жолдама алды.

«Болашақ энергиясы» жобасы жұмысын жалғастыра береді. Бұл бағытта қажетті материалдар жинақталуда. «Ата-ананың жұмыс орнындағы он күн» жобасының бағдарламасы жасалынып, іске кірісті. «100 кітап оқу» жобасы бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Білім мазмұнының өзгеруіне байланысты бұдан басқа да басталған іс-шаралар жалғасын тауып, іске асып жатыр. Сайып келгенде мектептің 90 жылдық мерейтойына дайындық ойдағыдай жүруде.

Мектептің 90 жылдығына арналған салтанатты жиын қыркүйек айының 30 жұлдызында сағат 11-00 де Майқұдық мәдениет үйінде өткізілмек. Барлық түлектер мен мектепте жұмыс істеген ұстаздарды мерейтойға қатысуға шақырамыз.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button