Біздің сұхбат

Дәурен ҚАНАЕВ: Жат ағым жарылқамайды

Бүгінде әлемді алаңдатқан экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып емес. Облыс бойынша жат ағымның шырмауына түскен жандарды оңалту шаралары қалай жүзеге асуда. Редакция сауалдарына «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Қанаев жауап қатты

– Дәурен Шегениязұлы, алдымен адамдар жат ағымға қалай ұрынады деген сұраққа тоқталып өтсек.

– Иә. Сұрағы салмақты естілгенімен, жауабы – қарапайым. Біз тіршілік етіп жүрген ортада сандаған әлеуметтік топ бар. Әдетте барлығы үй ішіндегі сенім мен көзқарастан бастау алып жатады. Кейінірек сол біржақты көзқарастар жиынтығы әлгіндей қатерлі жағдаятқа ұрынған соң, біз бен сіз соның салдарымен соңында күресіп жатамыз. Көбінесе бұл қатарға аз қамтылған, жұмыссыз, яки, психологиялық, медициналық көмекке мұқтаж жандар жатады. Бұрнағы уақытта араққұмар немесе нашақор болған жандардың қатары көптеп кезігетін еді ғой. Өкінішке қарай, бұл қалыпты жағдайға айналып кетті. Осы арада бізге жүгінген әлгіндей жандардың дін түсінігі тұрғысындағы ауытқып кеткен көзқарастарына түзету шараларын орталықтың кәсіби теологтары атқарады. Айта кетерлігі, ата-анасының діни сауатсыздығы кесірінен жастарымыз адам сенгісіз жағдаяттарға ай-күннің аманында ұшырап жатады. Жат ағым жарылқаған емес…

– «Нұрлы білім» оңалту орталығы жылына тұспалмен қанша жанның түзу жолға түсуіне септігін тигізеді?

– Алдымен орталықтың атқаратын жұмыс көлеміне тоқталып өтсек. Бірлестік құрамында 22 кәнігі маман қызмет істейді. Бұл Қарағанды сынды аумақты облысқа аз ба, көп пе? Алдағы мақсат – жат түсінікпен ойы мен бойы былғанған жанды реабилитациялау. Яғни, қайтадан зайырлы қоғамның толыққанды мүшесі қылу. Ал, ол жандар діни экстремизм үшін қамаудан босап келген болса ше? «Жусан» операциясын естуіңіз бар шығар. Бұл категорияны І топқа жатқызалық. Мұндай жандармен біз күнделікті оңалтумен айналысып қана қоймай, оларға әлеуметтік көмек көрсетілуіне септігімізді тигіземіз. Бір ғана жергілікті атқарушы органдармен қоян-қолтық жұмыстың өзі неге тұрарлық. Пробация қызметі бар. Жұмыспен қамтылуы. Бұл бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, қыруар жұмыс.

– Ондай жандардың бәрі сіздерге өз аяғымен келмесі анық...

– Иә. Жағдаят әртүрлі. Біздің осы саланы тікелей бақылауында ұстайтын облыстық дін істері басқармасымен, Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен жасасқан келісімдеріміз, кешенді жоспарымыз, меморандумдарымыз сынды жоспарлы құжаттарымыз бар. Бұдан бөлек, аймақ ерекшелігін сіз бізден жақсы білетін боларсыз. Облыста біз білетін онға тарта түзеу мекемелері бар. Ол мекемелерден жыл сайын ондаған жандар еркіндікке шығып жатады. Ішінара «экстремистік, террористік идеологияны насихаттады, шетелге заңсыз өтіп кеткен, діни сектаның мүддесіне сай қылмыс жасаған», деген баптармен қамалғандары да жетерлік.

– Сектаға шырмалған жандарды қалай ажыратасыздар?

– Көзқарасынан. Адам бойындағы қалыптасып қалған діни наным-сенімдерін біреуге таңғысы келіп тұрады. Сонымен өмір сүріп кетеді. Тіптен, анти-әлеуметтік әрекеттерді жасай бастайды. Сенесіз бе? Елімізде радикалды отбасылар қатары бар. Ол дегеніміз – кез келген үйде экстремистік көңіл-күйдегі, қоршаған ортаға қауіп төндіретін элементтер бар деген сөз. Олардың бетін бері қарату кейде мүмкін болмай жатады. Бір сөзбен айтқанда, радикалдың портретін көз алдыңызға елестетер болсаңыз, алдымен жеңіл жол көксеген көлденең көк аттының бейнесі келеді. Көрдіңіз бе… Мәселе біз ойлағаннан әлдеқайда әріде жатыр. Дін деген сөз желеу ғана. Әлбетте, ненің жақсы, ненің жаман екенін әркім әрқалай түсінеді. Сөйте тұра, болмашы пайда мен кеудемсоқ пиғылы үшін бәріне баруға даяр. Тұтастай алғанда, діни ахуал өңірімізде қалыпты. Ақпараттық тұрғыда жұмысты күшейту қажет деп санаймыз. Мәселен, ауыл халқы телісі мен тентегін өзі жөндеп алуға қауқарлы, ал қалалық жер қауіптірек… Сондықтан, осы жолы қалаға жіті мән бергенді жөн көрдік. Бүгінде профилактикалық шараларды күшейтудеміз. Бұл бастамаларымызға мешіттеріміз зор қолдау білдіруде. Діни басқарма өкілдері жан-жақты көмек қолын созып жатады.

– Араб тілін оқыту туралы жарнамалық хабарлама көзімізге ұшырасып жатады. Мұның астарында…

– Мұның астарында ойға шырмалған жандарды жазбай тану әдісі жатыр. Яғни, ислам дініне немесе араб тілі арқылы әлдеқандай ой-ниеті бар жандар хабарласады. Біз ондай жандардың аяқ алысын байқап, хал-қадірімізше көмектесеміз. Қазір жамағаттар жанжалы аракідік ұшырасып жатады. Оның алдын алу үшін осындай ағарту жұмыстары ауадай қажет. Бір қызығы, өзге ұлт өкілдері де жиі хабарласып тұрады. Аракідік университет студенттері тіл ұстарту мақсатында жүгініп тұрады. Бұл жұмыс – жастар арасындағы ахуалды бағамдап отыруға тамаша мүмкіндік. Кез келген ақпаратты дұрыс жеткізуге үгіт етеміз. Ақпарат адамды алдамауы қажет.

– Қарағандыда осы тектес орталықтар саны қанша?

– Мұнда үш-төрт орталық барау. Біз білетін. Жіліктеп өтетін болсақ, «AQNIET» ақпараттық-насихаттау оңалту орталығы» қоғамдық қоры – белсенді. «Victoria» рухани сауықтыру орталығының да бұл орайда айтары мол. «Діни-құқықтық орталығы» өкілдері Д.Мырзахметов, Н.Мерзляковтер еңбек ұжымдарына татымды дүниелер сіңіріп, еңбек етіп келеді. Кешенді істе бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен, бәріміз бірбірімізді танимыз. Әрине, мұндай орталықтардың көбірек болғанын қалаймыз. Әр мекеменің шаруасы шаш етектен.

– Сөз соңына жақындаған іспеттіміз. Жұртшылыққа айтарыңыз…

– Облыс тұрғындары мен қонақтарына қайрылар болсақ, алдымен media сауатқа мән берелік дер едім. Қазір – ақпарат ғасыры. Бір сағат ішінде бір жылдық мәлімет топанына қарық болар меже. Ал, ол деректер қаншалықты шынайы. Гәп – осында. Денсаулығы сыр берсе, біреу емшіге, енді біреуі дәрігерге қаралады. Бұл да осы тақылеттес дүние, қысқасы. Бастысы – рухани денсаулығымызға көбірек көңіл бөлу. Бір тарапқа көшпес бұрын, эмоцияға салынбай, бәрін салмақтап алмақ ләзім. Бұхар жырау заманында «баяғыдай баршындап, бірауызды болмады: қас тұрпайы болған жұрт» деп кейіді ғой. Үлкендеріміз «ақылың бар еді ғойды» жиі айтпаушы ма еді. Ақылды болайық. Дінде зорлық жоқ!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button