Біздің сұхбат

Руслан БОТАҒАРИН: “Әр өзгеріс – бүгінгі күннің сұранысы”

Еліміз үшін саяси елеулі оқиғаларға тұнған биылғы жыл тарихта кейін қалай аталарын білмейміз. Бір анығы бар. Ол – 2022 жылдың Қазақ тарихында әлі талай зерттеуге азық болатындығы. Жаңа Қазақстан идеясы дүниеге келді. Дүдәмал дақпырт кеміді. Нақты әрекет басталды. Бұқараның жанын жегідей жеген ақиқаттардың астарына үңілу артты. Сол үшін де соны саяси қадамдар жасалды. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізудегі маусымда ғана өткен жалпы халықтық референдум – соның бір дәлелі. Заңдардың атасы туралы Қарағанды университеті Конституциялық және халықаралық құқық кафедрасы меңгерушісі, PhD докторы, доцент Руслан БОТАҒАРИНМЕН әңгімелескен едік…

Руслан БОТАҒАРИН

Біз бүгін сізбен Ата Заңға түбегейлі дерлік өзгерістерге халық жаппай дауыс берген тарихи жылда сұхбат құрмақпыз. Расымен, осы жыл ел үшін саяси оқиғаларға толы болды. Соның ең сүбелісі Конституцияға 50-ден астам өзгеріс пен толықтырулар енгізілуге қатысты референдум. Әңгіменің әлқиссасын осы өзгеріс пен толықтырудан бастасақ. Бұл өзгерістер жылдар бойы пісіп-жетілген бе, әлде саяси әлеуметтік-экономикалық ахуалдан күрт туындаған өзгеріс пе?

– Жалпы республикалық референдум – ол Қазақстан Республикасы Конституциясына, конституциялық заңдарға және мемлекетіміздің өміріндегі шешуші маңызы бар сұрақтарды жалпы халық болып дауыс беру арқылы шешуді білдіреді. Президентіміздің өзі «Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын», – деген болатын. Қазіргі әлем өте жылдам қарқынмен дамығанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл үрдістен Қазақстан Республикасы да шет қала алмайтыны белгілі. Бүгін біз жаңа Қазақстан құру жолында тұрмыз. Демек, болашаққа әрі қарай дамыған мемлекеттермен тереземіз тең болсын десек, өз бірегейлігімізді сақтап, мемлекет өмірінің жан-жақты дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті, референдумда маңызды мәселелер шешімін тапты. Бұл дәл бүгінгі күнгі саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалды реттеп, болашақ бағдарды айқындаудан туындаған талап.

– Жалпы, бүгінгі таңда Ата Заң кейінгі өзгерістермен кемеліне келді ме? Я әлі де толықтыруды қажет ететін тұстары бар ма?

– Кез келген құқықтық акт белгілі бір кезеңдерде, уақыт талаптарына сай, мемлекеттегі саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне қатысты толықтырылып, жетілдіріліп отырады. Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Ата Заңымызды, сіз айтқан, кемеліне келтіру мақсатында жасалған. Ал, «Әлі де толықтырулар туындауы мүмкін бе?» деген сұрағыңызға айтарым – ол болашақтағы мемлекетіміздің даму бағытымен, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттік билік жүйесіне деген қажеттіліктер туындап, бүкіл халық болып дауыс берген жағдайда ғана орын алуы мүмкін.

– Сарапшылардың айтуынша, осы өзгеріс бірқатар билік өкілеттілігін қайта бөлуді, мемлекетті басқаруда халықтың үлесін арттыруға жол ашады. Бұл тұрғысында сіздің пікірді білсек…

– Расымен де, бұл өзгерістер уақыт талабына сай. Сондықтан, дұрыс деп айтуға негіз бар. Конституцияға енгізілген өзгертулердегі бағыттардың бірі осы бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталды. Нақты айтсақ, Сенаттағы Президент квотасы, Конституциялық соттың құрылуы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің жоғары аудиторлық палата болып өзгеруі. Жасалған әрбір өзгеріс – бүгінгі күннің сұранысы. Яғни, мемлекеттік билік тармақтарының, органдар жүйесінің тиімді жұмыс атқарып, халық үшін тиімді қызмет көрсетуімен тікелей байланысты.

– Мемлекет пен қоғам арасында Негізгі Заңда айқындалатын жаңа қатынастар қалыптасты деуге бола ма?

– Әрине, кез келген қабылданатын құқықтық акті қоғамдағы қандай да бір қатынастарды реттеуге бағытталғанын айта кетуіміз керек. Жаңа өзгерістер – жаңа қатынастардың пайда болатынын білдіреді. Бұл жерде басты қатынастар суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдірумен және тағы басқа да қатынастар.

– Конституцияның жиі өзгеріске түсуі ел сеніміне селкеу түсірмей ме? Қалай ойлайсыз?

– Әр мемлекет өзінің даму жолын, басқару нысанын, билік тармақтарының сипатын өздері таңдайды. Ал, әр қатынас өзінің нормативтік реттелуін талап етеді. Бұл жерде жоғары заңды күшке ие маңызды құжат ол сол елдің негізгі заңы – Конституциясы. Мемлекеттегі басымдық берілетін қатынастар сол Конституцияда көрініс тауып, бекітіледі. Сол себепті әр мемлекет өздерінің негізгі заңдарын туындаған қажеттіліктерге сәйкес өзгертіп отырса керек. Егер нақты мемлекеттік маңызды мәселелер халықтың сұранысы мемлекеттің қажеттілігімен сәйкес келіп, тиімді шешімін тауып жатса, ондай өзгерістер ел сеніміне селкеу емес, сенім ұялатса керек.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Әңгімелескен Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button