Басты тақырыпЖезқазған

Дәстүрлі турнир – дәрменді қимыл

     Жезқазғанда Ауған соғысы алапатында қыршын кеткен боздақтар Асылбек МАМАЖАНОВ пен Виктор ТАРАДАЙДЫ еске алуға арналған бокстан 2000-2001 жылдары туған жастар арасындағы XXVI республикалық турнир жалауын желбіретті. «Ұлытау» спорт сарайын бес күн бойы үздіксіз дүбірге бөлеген бәсекелі сайыста ел аумағындағы он бір өңірдің үкілі үміттері тоғыз салмақ дәрежесі бойынша өзара күш сынасты. 

Жарыстың ашылу салтанатына қала әкімі Батырлан Ахметов, Асылбек Мамажановтың апасы, ардагер ұстаз Рая Нұрбалақызы, Жезқазған аймағындағы Ауған соғысының ардагерлері, «Қазақстан Республикасы спортына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, белгілі бокс жаттықтырушысы Рүстем Сейітов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, танымал бапкер Мұханбет Әлиакпаров бастаған спорт саласының майталмандары және жанкүйер қауым қатысты.

Салтанатты сап құрып, спорт залына енген жас боксшылардың жарқылдаған жанарларынан отты жігер, алаулаған жүздерінен селкеусіз сенім аңғарылып тұрды. Міне, осының өзінен-ақ бәсекенің аса тартысты болары айқын сезілген еді.

Өзінің құттықтау лебізінде қала басшысы металлургтер мекенінде спорттың қанат жая түсуі мен жас буынның боксқа бет бұруына дәстүрлі негізде өткізілетін турнирдің айтарлықтай ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сол арқылы келешек кепілі саналатын жастардың бойына отансүйгіштік пен елжандылық қасиеттерін сіңіру ісі де пәрменді бола түскенін тілге тиек етті. Бәсекеге қатысушы спортшылар мен олардың бапкерлеріне сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні шырқалып, турнир ашық деп жарияланған соң жұртшылықты құттықтау кезегі жарыстың супервайзері, халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі, Ауған соғысының ардагері Ерболат Әшімовке тиді.

Қала әкімі Батырлан Ахметов Рая Нұрбалақызының иығына зерлі камзол жауып, қаржылай сыйақы мен гүл шоғын ұсынды. Дәл осындай құрметті Ерболат Әшімовке  «Жезқазған қаласының Ауған соғысының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақылбек Аманов көрсетті.

Ринг төрінде аса қарқынды басталған алғашқы жұдырықтасулардан-ақ боксшылардың бір-біріне есе жібергісі келмейтіні байқалды. Бұл – кез келген сайыстың бұлжымас шарты, қалаберді, табиғи заңдылық. Жарысты басынан соңына дейін бақылаған спортқұмар жандардың бағамдауынша, турнирде текетіреске түскендер – кіл мықтылар. Солай дегенмен, қарсыластардың бірі жеңіп, екіншісі тізе бүгуі – айнымас ақиқат. Шынында да, дәстүрлі турнирде дәрменді қимылымен ерекшеленгендер екшеле бастады. Іріктеле келе, әр салмақ дәрежесіндегі мықтылардың мықтылары ақырғы сында бас жүлде үшін бәсекеге түсті.

Қорытынды нәтижеде елордалықтардың ерлегені, қарағандылықтардың қарымдылық

танытқаны айқындалды. Нақтылай түссек, Астана қаласының айдарлы ұлдары үш салмақ  дәрежесінде (46 келі – Диас Беріков, 64 келі – Дінмұхаммед Өміров, 75 келі – Аят Маржықбаев) чемпион атанды. Облыс орталығынан келген сайыпқырандар да үш салмақта (52 келі – Кәрім Серкебаев, 60 келі – Әмір Дүйсембаев, 91 келі – Нұртай Төлебеков) басымдық танытты. Ал, 49 келі салмақтағылар арасынан қостанайлық Мұханбетәли Жандостың бағы жанса, Сәтбаев қаласының саңлағы Нұрболат Сапарбай 56 келі салмақта сынға түскен бәсекелестерінің бәрін қапы қалдырды. Жезқазғандық жас өрен Ерсұлтан Назарқұлов 69 келі салмақ дәрежесінде топ жарып шықты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты қаржылай сыйақыларды еншіледі, арнайы дипломдармен марапатталды.

Турнирде сондай-ақ, «Ең үздік боксшы» аталымына тиесілі жүлдені Ерсұлтан Назарқұлов иеленсе, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына бөлінген сыйлықты қостанайлық Ермахан Бақытов қанжығасына бөктерді. Ал, «Ең үздік төреші» атағы Мақсат Қалыбековке (Шымкент қаласы) бұйырды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суреттерді түсірген

Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button