Медицина

Дәрумен бойға дәру

Бас ауыру, әлсіздік пен шаршау, көрудің нашарлауы, анемия, аяқ-қолдың ұюы, тіпті, тахикардия сияқты ауру белгілері ағзада дәруменнің жеткіліксіздігінен болуы мүмкін. Ағзада қандай да бір дәрумен тапшы болса, ол авитаминозға әкеп соғады.

Дәрігерлер авитаминозбен қатар, гиповитаминоз – дәрумен жеткіліксіздігі мен гипервитаминоз – оның мөлшерден тыс көбеюі жағдайларына назар аударады.

– Авитаминоз көптеген ауруларға алып келеді, – дейді Қарағанды қаласының №2 ем­ханасының терапеві Фотима Нышанова. – Ағзаның дұрыс дамуы мен қалыпты жұмысына дәрумендердің қажеттілігі зор. Оның түспеуі аса қауіпті. Мәселен, қазір адамдар газды сусындарды көп ішеді, ол ағзаға тағаммен бірге түскен пайдалы заттарды сіңдірмейді. Қант диабеті себебінен де авитаминоз пайда болуы мүмкін. Баланың туғаннан бастап ана сүтімен қоректенбеуі, жеміс-жидек, көкөністерді қажетті мөлшерде тұтынбау да ауруға себеп болуы мүмкін.

Әдетте ағзадағы дәрумен тапшылығын терапевт дәрігер анықтайды. Пациенттер айтатын ауру белгілері көптеген дерт түріне сәйкес келуі мүмкін. Дегенмен, олардың нақты себебі қан талдамаларынан кейін анықталады.

Дәрігердің айтуынша, дәрумендердің негізгі бес тобы бар. Олардың қайсыбірінің жетіспеушілігін адамның бет-әлпеті мен жүріс-тұрысынан байқауға болады екен.

Мәселен, көз көруінің нашарлауы немесе дерматологиялық мәселелер мазаласа, ағзада А дәрумені жеткіліксіз деген сөз. Бас жиі ауырып, адам үнемі шаршап, әлсіреп жүретін болса, В1 дәруменінің мөлшерін тексерту қажет. Терінің құрғауы, еріннің жарылуы, анемия, себепсіз жүдеу В2 дәруменінің жетіспеушілігінің белгілері. Невротикалық белгі­лер, тик, зейіннің нашарлауы көп жағдайда В6 дәруменінің тапшылығын білдіреді. С дәруменінің жеткіліксіздігін тіс қызыл иегінің жиі қанауы білдіреді. Мұндайда тіс түсіп қалуы да мүмкін. Сүйектердің әлсіздігі мен деформациясы кезінде D дәруменін тексерту қажет. Терінің салбырауы, шаш пен тырнақтың сынғыштығы Е дәруменінің жеткіліксіздігін көрсетуі мүмкін.

– Дәруменнің мөлшері адамның қалыпты жұмысына, оның психо-эмоционалдық жағдайына тікелей әсер етеді. Қазір авитаминоз үлкен кісілерден гөрі жасөспірімдерде жиі кездеседі. Бұл өсіп келе жатқан ағза үшін қауіпті. Дұрыс құнарлы тамақ жеу қажет. Әсіресе, осындай көктемгі уақытта, – дейді Фотима Нышанова.

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button