Дәрігерлерге де жыр – дауа…

    Сахна шымылдығы қаққа айрылғанда, Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ даусы саңқ етті де, Алтын қорда қалған «Есіңе мені алғайсың» өлеңі оқылды. Жазу үстеліндегі жігіт те ақынның өзінен аунымай қалыпты. «Поэзия, меніменен егіз бе едің?» өлеңін жазып болды да, муза-арудың елесіне еріп, арбалып кете барды. Дүниеге қаратпаған өлең-құдірет!

Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің қазақ тілі кафедрасы ұйымдастырған «Есіңе мені алғайсың» атты Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш дәл осылай басталды. Тән жарасын жазатын ақ халаттылар жан жарасының дауасындай рухани кеште үлкен акт залында иін тіресіп, бір жарым, екі сағаттай тапжылмай отырғанынан-ақ, кеш деңгейін парықтай беріңіз. Болашақ дәрігерлер жан дауасын жырдан тапты, ендеше. Ақынның сөзіне жазылған бірнеше әнді республикаға танымал өнер жұлдыздары шырқады. Бишілер қазақтың ұлттық билерін билеп, сахнаның «шаңын қақса», Алаш даласын асқақ рухқа бөлеп жүрген ақындар күркіреп өлең оқыды. Поэзия мұзбалағының «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы желісімен қойылған көрініс те сәтті сомдалды. Медициналық университеттің студенттері де қарап қалмады. Ақынның әр түрлі тақырыптағы өлеңдерін жатқа соқты.

Мұндағы кеш қонақтарын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен бастап келіпті. Мұқағали ағасы жайлы естелік айтып, ақынға арнаған өлеңін оқыды. Халық­аралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, ақын Руслан Нұрбайдың өлең оқығаны керемет әсерлі еді. Даусының десі басым, сесі айбынды. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ақын Ілияс Мұқай да шығармашылығынан өлең ұштады.

Әншілерді қазақ эстрадасында за­манауи орындаушылықққа ұлттық ұстын үстеп жүрген, халықтың күміс көмей, жез таңдай ұлы Сейіл Аяған мен қазақтың классикалық ән (дәстүрлі ән емес) өнерін асқақтата шырқайтын әнші Дәуренбек Әркенов бастап шықты. Сондай-ақ, республикалық ән байқауларының жеңімпазы Арайлым Жүкенова, осындағы қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Марина Әбілжанқызы, әнші Айзада Аханова мұзбалақ ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді тамылжыта салды. Жан жадырады, көңіл көтерілді. Мұқағали шығармашылығын зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қазанбаева сөз сөйлеп, ақынның өлеңдері мен күнделіктерінен сыр тартты.

Абзал Бөкен, ақын:

Біз әдебиетке алғаш келе бас­таған 1970 жылдардың басында Алматыдағы әдеби ортаға жылына екі-үш мәрте барып-келіп жүрдік. Мұқағалиды көру бақыты маған сонда бұйырды. Халық оның атын қайтыс болғанан кейін, бірақ, көтеріп әкетті. Тірісінде мұндай құрмет пен сыйды көре қойған жоқ. Өмірінің соңғы кезінде ауыр күйзелісте жүрді. Қоғам оны қабылдамады немесе ол қоғамды қабылдамады. Өйткені, ол кісінің еркін ойлауға құрылған өжет өлеңдері сол кездегі қасаң жүйенің қалабына сыймайтын еді. Мұқаңның ұлылығын біз енді танып жатырмыз. Кемеңгерлігіне жүгініп, өлеңдерінің қадір-қасиетіне бас ұрып, осылай атап өтіп, есімін құрметтеп жатырмыз. Ал, ақын осы құрмет пен марапаттың титтей бір жұқанасын тіршілігінде көріп кеткенде, қандай ғанибет болар еді деп ойлаймын. Өзінен кейінгілерге Мұқаңның «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай» дегені бар. Тап осы өлеңін ақынның өзіне де арнап айтуға болады. Мұқағали ағамыздың бақыты – жүрегінің түбіне кір жасырмай жырлап өткенінде.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.