Жаңалықтар

Дәрігерлер біліктілігі шыңдалды

Қарағандыда «Коронавирус инфекциясының өзекті мәселелері: заманауи ағымның ерекшеліктері, диагностика, фармакотерапия» тақырыбында оқу семинары өтті. Оған облыстық клиникалық аурухананың қызметкерлері, жалпы тәжірибе дәрігерлері, инфекционистер, хирургтер және жедел жәрдем қызметкерлері қатысты.

Қазіргі таңда елімізде қауіпті дертке тосқауыл қою шаралары қабылданған. Бұған дейін әлеуметтік желіде «Қарағанды облысында коронавирус дертін жұқтырған адам анықталды» деген ақпарат тараған болатын. Бұл – жалған ақпарат. Десек те, дәрігерлер вирусқа қарсы күресуге тастүйін дайын. Облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығының базасында қосымша төсектер қойылып, арнайы оқшаулағыш бокстар ашылған, дәрілік жабдықтар қоры толықтырылған. Сондай-ақ, дәрігерлер індетті анықтау алгоритімін де әзірлепті.

 – Бұл дерттің алғашқы белгілері өзге вирустық инфекциялармен ұқсас. Адамның дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады және бас ауру, жүрек айну, диарея, әлсіздік белгілері байқалады. Бұл ретте адамның қай жерде болғанын анықтаудың маңызы зор. Вирусқа күдікті науқастар бірден оқшауланады және облыстық денсаулық сақтау басқармасына және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне шұғыл хабар беріледі, – деді облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығының басшысы Ержан Жүнісов.

Дәрігерлер қауіпті дерттен сақтану үшін жеке бас гигенасын қатаң сақтауға шақырады. Сонымен қатар, адам көп шоғырланған жерлерге бармауға тырысу қажет. Тіпті, ондай қажеттілік туындаған жағдайда медициналық бетпердені тұтыну керек. Алайда, мұндай бетперделерді екі сағаттан кейін ауыстыру қажет.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button