Чемпиондар ауылда қанаттанады
Бұны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Бірақ, спорт кешені жоқ ауыл балалары қайтпек керек? Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып, жолға қойылған. Бәрі бірден қамтылмаса да, шағын ауылдардың өзінде біртін-біртін түрлі спорт кешендері салынып, пайдалануға берілуде. Мәселен, жуырда ғана Бұқар жырау ауданының Қарақұдық ауылында спорттық кешен ашылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Кешен жергілікті атқарушы биліктің, облыстық мәслихат депутаттарының, сондай-ақ, бала болашағына бейжай қарамаған бұқаржыраулықтардың ортақ күш-жігерімен бой көтерген. Дәл осы жерден еліміздің Көк Туын желбіретіп, Әнұранын әлем төрінде сан мәрте шырқататын атақты спортшылар шығатынына сенімді ауыл тұрғындары.
Шағын ауылдың төрінде бір мезетте 150-ге жуық адам спортпен айналыса алатын зәулім ғимараттың ашылуы тұрғындар үшін үлкен мерекеге айналды. Жалпы ауданы 950 шаршы метр болатын спорт кешені толығымен жабдықталған. Яғни, облыс орталығындағы спорт кешендерінен еш айырмашылығы жоқ. Мәселен, электрмен және сумен жабдықталған, кәріз жүйесі орнатылған ғимарат үшін жеке қазандық та қарастырылған. Тіпті, құрылыс салу барысында қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмағанын көруге болады. Атап айтқанда, өрт жағдайында эвакуациялық шығу жолдары қарастырылған.
Небары 654 тұрғыны бар Қарақұдық ауылында бұған дейін дәл осындай спорт кешені түгілі, мектепте де спорт залы болмағанын айту керек. Енді айналасындағы ауылдармен салыстырғанда нағыз спорт орталығына айналған Қарақұдыққа көршілес жатқан Доскей, Үштөбе және Тоғызқұдық ауылдарынан да келіп, спортпен айналысамын дегендерге үлкен мүмкіндік ашылды.
Спорт кешеніндегі ойын залының биіктігі – 8 метр, ал, жекпе-жек залының биіктігі – 4 метр. Мұнда спорттың 9 түрі – футбол, волейбол, баскетбол, бокс, дзюдо, ММА, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ бойынша секция ашу жоспарда. Одан бөлек, спорт кешенінің базасында аудандық деңгейдегі спорттық жарыстарды да өткізуге болады.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына арнайы келген облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов ғимаратқа бірлесе атқарған жұмыстың арқасында қол жеткенін айтады.
– Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жергілікті атқарушы органдардың, депутаттардың, сәулетшілердің, сондай-ақ, аудан тұрғындарының бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Бұл жерде кез келген адам жасына және дайындық деңгейіне қарамастан денсаулығын нығайтып, спорттық рухын шыңдай алатын кеңістік құрылды. Спорт кешені Қарақұдық пен оған іргелес елдімекендердің тұрғындары үшін тартылыс нүктесіне айналатынына күмәнім жоқ. Мұнда тек сабақтар мен жаттығулар ғана емес, сонымен қатар, жарыстар, шеберлік сағаттары және түрлі шаралар өтетін болады. Бұл – жаттығу жасайтын жер ғана емес, еліміздің болашақ чемпиондарын дайындайтын орта. Нысанды пайдалануға беру арқылы саламатты өмір салтын одан әрі насихаттауға, ең маңызды міндет – ұлтты адамгершілік және физикалық сауықтыруға жәрдемдесуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Нұркен Кобжанов.
Спорт кешенінің ашылуына «Қазақстан Барысы-2018» жеңімпазы, қарағандылық балуан Ерлан Шынкеев те қатысты. Ауыл балалары үшін қуанышын жасырмаған спортшы дәл осындай қамқорлық болса, еліміз талай жүлделі орындардан көрінетініне сенімді.
– Бала кезімізде осындай спорт кешендері болған жоқ. Ауылда үй арасында күресіп, алысып жүріп, қалаға келгеннен кейін ғана спортқа ден қойдық. Бірақ, сол кезде қаланың дәл осындай зәулім ғимарат болмаған еді. Ауыл балаларының спортқа деген құлшынысы ерекше болады. Тек соны көріп, біліп, қамқорлық көрсете білсек, талай Олимпиадада Көк Туымызды желбіретеміз! – деді балуан.
Шынында да, спорткешеніндегі заманауи құрал-жабдықтар сабақтарды жоғары деңгейде өткізуге және маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали өскелең ұрпақ үшін дәл осындай маңызды қадам жасалғанына қуанышты.
– Елдің экономикалық өркендеуін қамтамасыз ету үшін білім беру және денсаулық сақтау мәселелерін шешу, азаматтардың физикалық және рухани дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет екені белгілі. «Спорт – саулық негіз, саулық – байлық негізі» дейді халық. Осы бағытта тағы бір қадам жасадық, табысты болсын, – деді Абылай Сұлтанғали.
Ал, білім беру ардагері Сағат Шадыкенов депутаттар мен жергілікті атқарушы органдарға ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді.
– Елімізде спорттың алатын орны ерекше. Ол, алдымен, адамның денінің саулығы болса, еліміз үшін – абырой мен бедел әкеледі. Сондықтан, Қазақстанда дене шынықтыруды дамытуға көп көңіл бөлінеді. Тәуелсіздік жылдарында біздің жаттықтырушыларымыз Олимпиада ойындарының, әлемнің және Азияның талай чемпиондарын тәрбиеледі. Соның арқасында әлемдік ареналарда Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалып келеді, – деді ардагер.
Орталық жастың да, үлкеннің де жиналатын орнына айналмақ.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО