Cөз өнеріне сүбелі салым
Арқада қырыққа жуық кітап шығарған еңбекқор, жазуына адал қаламгер бар. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің құрметті ардагері Сүйіндік Жанысбай. Жалаң жарнамамен емес, адал еңбекпен қадірлі болған ақсақал Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Әлихан – Алаш көсемі» атты шығармашылық кеш берді. Кеште «Әлемге әйгілі Әлихан» атты деректі романның тұсауы кесілді.
Әлихан Бөкейхан туралы жазылған еңбек көп. Зерттелмей, жазылмай, айтылмай жүрген тұлға емес. Сүйіндік Жанысбайдың өзіндік жаңалығы бар. Бұл кітап – нақты тарихи деректерге сүйене отырып жазылған көркем туынды. Роман турасында зиялы қауым өкілдері де осы пікірде. Қаламгер «бұл тақырыпқа баруыма нақты себеп бар» дейді.
– Әлихан Бөкейхан – қазақ ұлтының заңғар тұлғасы. Оның ұлттық мүдде жолында атқарған қызметтері, ерліктері ұрпаққа үлгі-өнеге. Өзім Ақтоғай ауданының тумасы болғандықтан, бір топырақтан шыққан Әлихан бабамызға осы еңбекті жазу арқылы құрмет көрсеткім келді. Бұл роман – туған жерге, елім деген ерге жасаған тағзымым, – деді Сүйіндік Жанысбай.
Деректі романның тұсаукесерін өткізуге Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдігі ұйытқы болыпты. Аудан әкімі Досбол Күлекеев сахнаға шығып, қадірлі қаламгерге тілегін, лебізін айтты.
– Жаңа Майқұдық мәдениет үйі кейінде ұлттық руханияттың шаңырағына айналып келеді. Бүгін де, міне, Әлихан Бөйкейхан атындағы ауданның төрінде «Әлихан – Алаш көсемі» деп аталған ғажайып кештің куәсі болып отырмыз. Арқаның игі жақсылары осында жиналыпты. Сіздерді көріп қуанышқа бөленіп тұрмын! «Әлемге әйгілі Әлихан» атты деректі романыңыз өз оқырманын табатынына сенімім зор. Себебі, Әлихан бабамыздың өнегелі ғұмырына жүрек назарын бұрғысы келетіндер көп. Арқада сіздей қаламгер барына мақтанамыз! Деніңізге саулық, қаламыңызға қуат тілейміз! – деді Досбол Күлекеев.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін жасауға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым, академик, Қарағанды журналистерінің атасы атанған Зарқын Тайшыбай, ұлағатты ұстаз, әлихантанушы Тілеуғалы Әміртай, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда және Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев шықты. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, самбодан әлем кубогының иегері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанат Байшолақов, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Дархан Серікұлы, Қараменде би ауылдық округінің әкімі Қайрат Әзіров игі тілектерін жеткізіп, кеш иесіне құрмет көрсетті.
– Сүйіндік Жанысбайдай еңбекқор қаламгерлер аз. Мен оның осы қасиетіне тамсанамын. Мінезінің салмақтылығы, сабыры көпке үлгі. «Ақырын жүріп анық басқан» жазушы Сүйіндік оқырманына тағы да үлкен сый жасап жатыр. Оқырманыңды қуанта бер! – деді Рымбала Омарбекова.
«Saryarqа Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда кеш иеcіне құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Бұл – Сүйіндік Жанысбай еңбек еткен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің, жалпы, холдингтегі әріптестерінің атынан көрсетілген құрмет.
Кеш барысында Сүйіндік Жанысбай оқырман тарапынан жеткен сауалдарға жауап берді. Қаламгер өмірден түйген толғақты ойларымен бөлісті. Шығармашылық турасында пайымдарын айтты. Сонымен қатар, оқырманның сұрауы бойынша өлеңдерін оқып берді.
Түйінді ән дүлдүлдері қойды. Көшті әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов бастады. Дарынды әнші, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын да кештің шырайын әнмен ашты. Гүлдана Мақшонова, Саян Мұздыбайлар да әнге шөлдеген жұртқа әннен шашу шашты. Қуанышбек Әнуарбеков пен Медет Төлеухановтар қаламгер тойын түйіндеді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz