“Бостандықтың ит ауруы…”
Ақберен Елгезектің байлаудағы ит туралы әңгімесін Фейсбуктен оқыдым. Екінің бірінің көзіне түсе бермейтін бір типтік құбылысты осы бала байқапты. Соцреализмнен шыға алмай қалған біз сияқты емес, Акутагаваларды көз майын тауысып оқыған мына жас буыннның қолынан ғана шығатын соны дүние екені көрініп тұр. Меніңше, бұл ит көзін ашқаннан байлауға іліккен. Қабаған болатыны содан. “Ол мені баласынып, арс ететін де, жұғындыны сұғына, сақылдата ішетін. Мен кері секіріп, кейде шалқамнан түсіп, амалсыздан көздеріне қарайтынмын. Кәрі иттің көздері шүңірейген, анау ең түкпірінде күшік кезінен бері жазылмаған жара мен аса бір қуатты ыза тұратын-ды” дейді жазушы. Күндегі әдеті осы. Күшігінен бас еркінен айырған қожайынға, тіпті, оның күнде өзіне тамақ таситын қаршадай баласына да өшігіп өскені көрініп тұр. Үйінің маңайында еркін, емен-жарқын жүрген өзіндей иттерді көргенде мынау жарық жалған дүниеге деген ыза, кегі одан сайын өршіп кететін сықылды. Түрныспысы өрт сөндіргендей… Бір адамды маңына жолатпайды. Сол ит кейін байлаудан босап, далаға тұта жөнеледі. Қызықтың көкесі сонда басталады…”- Мен сыртқа шығып, Шарикті іздеуге кеттім. Алыстан сұлбасын көзбен тауып алдым да, аңдуға көштім. Өзенге түсіп жатыр екен, байғұс жануар. Рахаттан көздері жұмылып-жұмылып кетеді, бейшараның. Сосын жағаға шығып алып, пырылдап тұрып сілкінді. Керілді. Сосын жатты. Маңайды шола қарап, маңғаздана жатты. Есінеді…”
Зәулім коттедждерінде саунаға түсіп, сүйіктілерімен рахаттанып жүрген біздің олигархтар секілді екен! Түп-тұқиянынан түк көрмеген! “Енді оны ешкім ұстай алмайды. Оны Шарик те, біз де білеміз. Шарик өзінің қабаған ит деген атағына сенетін. Шарик бір тәулік еркіндікте жүр. Мен қораның төбесінен атамның дүрбісін салып, күнұзақ оның бар іс-қимылын бақылаймын: суға түсті, құмға аунады ма, секірді ме, тышқан аулады ма, әбден еркінсіді. Тағдырына налып ұлыды. Әлі тірі екендігіне, еркіндігіне жеткеніне қуанып үрді де. Ертесінде ауылдың ту сыртында төрт итін ерткен бір кісі келе жатты. Иттері жараған, семіз, өңкей қуатты екен. Бір пәлені ішім сезіп, жүрегім аузыма тығылды. Минут санап, әлгі жолаушы мен оның иттері Шарик шал жатқан жерге тақап келеді. Арақашықтық өте тез, қатты жылдам қысқарып келеді. Міне, әлгінің иттері Шарикті көрді. Көрді де тұра ұмтылды. Мен қолыма ілінген айырды ала сала өзенге жанұшыра безілдедім. Алыстан шаң көріп келем. Айқайлап келем. Көзімнің алдын жас парлап, ойбайлап келем. Аяғым жүре қойсайшы, мұндайда…”
Кейінгі жас буын – Азаттықтың балалары, оларды ит-құс, пәле-жаладан аман алып қаламыз деп, қолына айыр ала сап, көзінен жас парлап, қаншама ойбай салғанымен, “бостандықтың ит ауруына” ұшыраған мұндай зар заманға байлаулы бодан буынды аман алып қала алмайды: Жазушылар одағында да жүр олар: “күшік кезінен жазылмаған жара мен кектен…” тұншығып… Советтік социалистік бұғаудан шыққан соң, не істерін біле алмай… Бәрі де, берісі – Алаш, әрісі – адамзат қахында айтулы, алапат, жақсы бір шығарма жазғысы келеді, бірақ, жаза алмайды… Сонсоң, жақсы жазатын жазушылар қахында жаман сөз айтады. Сонау советтік цензураның кезінде системаға қарсы бір ауыз сөз айта алмаған. Қолы кісеннен босап еді, енді не айтарын біле алмай, есінеп отыр… “Бостандықтың ит ауруы…” деген осы…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері