Жаңалықтар

Бостандыққа – дипломмен

«Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» демекші, өмір жолында жаза басып, қылмыстық жазасын темір тордың арғы жағында өтеп жатқандардың одан кейінгі тағдырына мемлекетіміз немқұрайды қарамайды. Олар ертеңгі күні тар жерден босап шыққанда, қоғамдағы орнын қайта тауып, жұмысқа тұруына бар жағдайды жасауда. Соның айқын бір көрінісі – Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Жеңіс Қасымбектің 2022 жылдың 15 шілдесіндегі қаулысымен облысымыздың екі түзеу мекемесі жанынан колледждердің ашылуы.

Бұған дейін бұл мекемелердегі істі болғандар қысқа мерзімді курстарда оқып, жұмысшы мамандықтары бойынша куәлік алып, еркіндікте кәсіпорындар бөлетін бір пайыз квотамен жұмысқа тұратын. Енді олар жаза мерзімі біткен соң бостандыққа дипломы бар маман болып шығып, алған мамандықтарымен қалаған жұмысына орналаса алатын болады.

Бұл екі колледждің бірі ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Көксу селосындағы 32 түзеу мекемесінің, ал екіншісі Долинка кентіндегі 31 түзеу мекемесі жанынан құрылып, коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде тіркеліп, 1 қыркүйектен бастап жұмысқа кіріскен. Қазір оқу мерзімі 10 айлық алғашқы №2 колледжде екі оқу тобы құрылып, тігінші, құрылысшы мамандықтарына, ал келесі №1 колледжде екі топ электргазбен дәнекерлеуші, тағы екі топ автомобиль жөндеу слесарі мамандықтарына оқып жатыр. Осы мамандықтардың бәрін оқытуға лицензия алынған. Әр оқу тобы орта білімі бар кемінде 15 адамнан жасақталып, биылғы оқу жылын аяқтап та қалыпты.

Соның ішінде Долинка кентіндегі 31 түзеу мекемесі жанынан ашылған №1 колледждің бастапқы қадамы жаман емес. Оның директоры Серікбол Бақуазовтың үш жоғары білімі бар. Ол осыған дейін Жезқазған, Шахтинск қалаларының және Абай көпсалалы колледж директорының орынбасары болып істеген білікті маман, тәжірибелі басшы. Әрі өзі осы мекемеде 2007-2010 жылдары бақылаушы болып қызмет атқарған оған бұл жүйенің ұңғылшұңғылы, жазасын өтеушілердің мінез-құлқы мен психологиясы жақсы таныс. Содан да Серікбол колледж жұмысын бірден қолға алып, жолға қоюда аса қинала қойған жоқ. Жоғарыда айтқандай, екі мамандыққа оқытатын төрт оқу тобын ашып, 14 адамдық педагогтер ұжымын да қалыптастырып үлгерді. Теория мен практиканы қатар оқытатын колледжде арнайы пән сабақтарының оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері шәкірттеріне өз білгендерін талмай үйретуде. Олар пән сабақтарын колледжге бөлінген 2 қабатты ғимараттың 4 бөлмесінде оқып, дайындалса, өндірістік оқыту «Еңбек» ШЖҚ өнеркәсіп аймағында өтеді. Бұдан бөлек бұл ғимаратта спорт залы, кітапхана мен компьютер кабинеті де бар.

– Біздің 31 түзеу мекемесі мен «Еңбек» ШЖҚ арада әлеуметтік, әріптестік жөнінде жасасқан екіжақты келісімшартымызға қол қойылған, – дейді Серікбол Рымтайұлы. – Сол бойынша облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бізді материалдық-техникалық жағынан жабдықтап, ең аяғы қағаз-қаламымызға дейін беріп отырса, «Еңбек» ШЖҚ өндірістік оқыту үшін қажет материалдар мен жұмыс көлемін ұсынады. Ал, оқулықтар мен көрнекі оқу құралдарын оқу жұмыс жоспарына сәйкес облыстық білім басқармасынан алып отырамыз.

Директордың әңгімесіне қарағанда, колледж студенттерінің сабаққа қатысуы мен оқуға ынтасы ерекше көрінеді. Олардың бұл талпынысынан болашаққа деген үміті мен сенімін аңғаруға болады.

Колледж студенттері оқудан бөлек, түзеу мекемесінде өтетін мерекелік, мәдени-спорттық іс-шараларға да белсене қатысады екен. Мәселен, олар осындағы кешкі мектеп оқушыларымен шахмат, хоккей, үстел теннисінен өзара жарысқа түсіп, ән айту конкурстарына, КВН сайыстарында өнері мен білімдерін көрсетіп, ай сайын кітапханада «Оқитын ұлт» жобасы аясында оқыған кітаптарын талқылап, пікірталастар өткізеді. Тіпті, республикаға белгілі блогер Артур Ластаев та бұл жерде қонақта болып, кездескен.

– Келесі оқу жылында электр монтері мамандығы бойынша тағы да 2 топ ашпақ ойдамыз, – дейді Серікбол Бақуазов. – Бірақ сол үшін білікті педагог мамандарды іздеп табу қиындау болып тұр. Көпшілік ел бұл жерге келуден қарадан қарап шошиды. Қорқатын ештеңе жоқ. Олардың бар айыбы, кезінде қателесіп, қылмысқа ұрынғаны болмаса, бұлар да өзіміздің елдің азаматтары. Біздің міндетіміз – соларға білім мен дипломын беріп, шығарып салу.

Міне, мемлекетіміз бен Үкіметіміздің «адасқанның айыбы жоқ» дегендей, түрлі жағдайда қылмыс жасап, жаза арқалаған адамдарға орта арнаулы білім мен дипломдарын беріп, тура жолға салып, кісі қатарына қосу ғой көздеген мақсаты.

Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button