Жаңалықтар

Болашақ – биік рухта

        Елбасының  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласын оқығанда,  ерекше  сезімде  болдым.  Ұлт  санасының жаңғыруын  мақсат еткен бұл мақала Мемлекет басшысының  игі  бастамаларымен  жүзеге асқан «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламаларының  заңды жалғасы  іспетті. Бұл еңбекті «Мәңгілік Ел» мұратын жүзеге асырудың  түп  негізін  көрсетіп берген  тұжырымдамалық  бағдарлама ретінде  түсіндім.

 Ұлы  ғұлама Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы: «Ел басқаратын елбасы әділ, ақыл-парасатты, ой-танымы кемел, өнер-білімге жетік, сөзі  майда, мінезі жұмсақ, кісі алдында кішік, сабырлы, жаудан қайтпайтын қайсар, қолы ашық жомарт, көзі мен көңілі тоқ, пейілі кең, дархан мінезді болуы керек, оның міндеті – халыққа құт-бақыт,  дәулет әкелу,  әділ заң орнату, кедей халықты бай ету, халық санын көбейту», – деген сөзі Елбасымызға  арнап  айтылғандай. «Қазақпын» деп айтуға тіл байланып,  дүние шыр айналып  тұрған заманда, алмағайып кезеңде ел тізгінін алуға, тағдырын шешуге бел байлаған  Елбасымыздың  болашаққа  деген  үмітінің  зор болуы – жүрегінің кеңдігі, ұлтына деген жанашырлығы  деп  білемін.  Халық болса, жұдырықтай жұмылып,  «Қазақстан»  атты ұлы  кеменің  тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсыратынын байқатып, бір ауыздан қолдап, Президент етіп сайлады. Бұның дұрыс таңдау екеніне, әрине,  бүгінгі таңда көзіміз жетіп отыр.

Елбасының бар арман-мұраты – Қазақстанды іргесі мықты, керегесі  кең, рухани дамыған, төрткүл дүниеге танымал, ауасы  таза,  табиғаты құлпырған «Мәңгілік Елге» айналдыру. Ол – ата-бабаларымыздың сан мыңдаған  жылдардан бергі  арманы. Қайсар рух пен күш-қуатын қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың  осы арманы бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген Тәуелсіздік тұғырын  биіктетті.

ХV ғасырда Асан қайғы бабамыз халқына шұрайлы жер, жайлы мекен іздеп, желмаясымен дүниенің  төрт бұрышын шарлап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсап өтсе, бүгінгі таңда Ұлт Көшбасшысы да халқының қамын жеп, түн  ұйқысын төрт бөліп,  қайтсем  елімді басқадан кем қылмай, алдыңғы қатарлы дамыған елдермен терезесін тең етем деп болашақты ойлап алаңдауда. Бұған бір дәлел: еңселі де әсем, келбетіне көз тоймайтын Астанамыз дүниеге келді. «Тарихымыздың жалғасы,  өміршең  істеріміздің  арнасы  бұдан  былай жаңа  астанада  жалғасын  таппақ», – деп  Елбасының  көрегендікпен  айтқан  сөзі  бүгінгі  таңда  ақиқатқа  айналды.

Президент «Құндылықтар  жүйесінде  білімді  бәрінен де биік қоятын  ұлт қана табысқа жетеді» деп білім-ғылымды әрдайым басты орынға  қояды. «Қазақстанның болашағы жастардың қолында»  деп  біздер үшін  барлық  мүмкіндіктер мен  жағдайды  жасап отыр.

Жаһандағы  заманауи  Қазақстанға айналу  үшін  біздің  ағылшын  тілін  жетік  меңгеруіміз, бірте-бірте  латын  әліпбиіне  көшуіміз  заман  талабы болып отыр. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып  отырған бұл  идеяның ұсынылуы уақыт талабы  мен  ел дамуының  тарихи  кезеңіне сай, маңызы зор шешім екені анық.

Бұл  мақаладан мен мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, жаңғырып  отыруы  тиіс  екендігін жақсы  түсіндім. Кең  байтақ  елдің төсінде дүниеге келіп, қазіргі таңда өмір баспалдағынан өз жолын таңдағалы  отырған біз сияқты  халқының  үмітін  арқалаған перзенттердің мақсаты – әр қадамды нық басып, болашаққа сеніммен бет бұру,  қазақ елінің рухын көздің  қарашығындай  сақтап,  Қазақ­стан­ның  дамуына үлес қосу.

Жанила ҚҰРЫШБЕКОВА,

№4 орта мектептің 11 «Б» сынып оқушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button