Блогер жауапкершілікті сезінуі керек
Әлеуметтік желіде қақпақ жоқ. Содан шығар, кейде блогерден ұят кетеді. Бүгін – әлеуметтік желінің әмірі жүріп тұрған уақыт. Өзін «блогермін» дегендердің де түкірігі жерге түспейтін күн де осы. Рас, бірқатар саяси, әлеуметтік мәселелердің тәуір шешім табуына да зор ықпал етті. Оны мойындау керек. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Ара-тұра әлеужелінің «өш алу, кек қайтару» алаңына айналатыны да шын. Жеке басқа тіл тигізетіндер де бұл күні жыртылып, жығылады. Ақиқат-жалғандығы беймәлім ақпараттар да ағыл-тегіл төгіліп жатады. Ал мұның бәрі бірдей жақсылыққа апармайды. Кейді тіпті, қауіпсіздікке қатер. Мәжіліс қабырғасында бұл мәселенің көтерілуінде осындай да кілтипан бар. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев блогерлерге жауапкершілік күшеюін сұраған депутаттық сауалы қазір қоғамда талқыда.
«Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар». Бұл – Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың Премьер-Министр мен Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалынан үзінді.
Депутат мырза ел арасындағы жанашыр блогерлердің еңбегін жоққа шығармайды. Оларға бас иетінін де атады. Десек те, оның мәлімдеуінше, проблема – түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат тарататын блогерлерде.
«Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де біздің елде жоқ емес. Көпбалалы, жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге айтар дауымыз жоқ», – дейді депутат. Жауапкершілікті сезінбейтін жауапсыздары да жетерлік.
«Олар ұлтымыздың бойына жат мәдениет пен теріс идеологияны сіңіріп жатыр. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?! Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс», – деді депутат.
Бірер күннің ішінде бұқара арасында қызу талқыланған тақырыптың бірі – осы. Адам сан алуан, пікір де сан тарау.
Заңгерлер оны құқықтық санамен байланыстырады. Журналистер әдеппен. Саясаттанушылар мұны біржақты қарауға болмайды деген пікірде. Кей саясаттанушының ойынша, олардың қоғамды дамытуда ықпалы да бар. Блогерлерге жауапкершілік күшейтуге қатысты депутаттың сауалында саяси астар болуы да мүмкін дейді саясаттанушы Айдос Бәдел. Сондықтан мұны жан-жақты қарастыру қажет деседі.
– Біріншіден, бұл саяси элита нұсқаумен көтерілген мәселе болуы да мүмкін. Яғни, блогерлер осы күнге дейін елдегі саяси заң бұзушылықтар бойынша белсенділік танытып келеді. Қазіргі кезде БАҚ, әсіресе, мемлекет қаржыландыратын бұқаралық ақпарат құралдары шынайы шындықты, сынды айтпай, кемшіліктерді көрсетуде қабілетсіздік танытады. Сол жағынан келгенде, тәуелсіз құрылымдарға қоғам – зәру. Осы орайда тәуелсіз блогерлер соның ролін атқарып жүр. Қоғамның бақылау тетіктері, институттары өздігінен жұмыс істеп тұрса, ол мемлекет үшін игілік. Мемлекеттің жұмыс істеуіне түрткі. Екінші жағынан алып қарасақ, әрине, блогерлер ішінде де алаяқтықпен жеңіл пайда табуды көздеп, қоғамды өзіне ерткісі келетіндердің де барын айтуға тиіспіз. Оларға жауапкершілік заңда бұрыннан бар. Сол заң нормаларын алаяқтық секілді өзге де қоғамға зиян келтіретін әрекеттері үшін қолдануға болады, – дейді Айдос Бәделұлы.
Мұндағы тағы бір мәселе – әдеп. Этиканың осы күні кейінгі орынға шығып қалғаны да жасырын емес. Адамның ар-ожданын сыйлауда қарапайым әдептілік адыра қалды. Берісі – киген киімі, әрісі – бет-ажарындағы кемістік, жеке басының проблемасы талайдың тіліне тиек болды. Содан келіп, кибербуллинг белең алды.
Осы орайда республикаға танымал медиасарапшы Есенгүл Кәпқызының ойынша, медиаэтика тек журналистерге ғана қатысты емес. Қолына қалам алғанның бәрі осы этиканы ұстануы тиіс.
– Ел медиаэтиканы тек журналистерге қатысты деп түсінеді. Қолына қалам алып, қазіргінің қаламы – әлеуметтік желі, сол арқылы ақпарат таратып отырған адамдар. Соның барлығы медиаэтиканы басшылыққа алуы керек. Соның бірі – жауапты болу. Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша егер сіз жалған ақпарат тарататын болсаңыз, қылмыстық жауапқа тартыласыз. Бірақ бұл кімдерге қолданылып жатыр? Неге осы инфлюэнсерлерге қолданылмады? – дейді медиасарапшы Есенгүл Кәпқызы.
Әлбетте, бұл арада барлық айып блогерде деуге келмейді. Оның айтқанының бәрін құрандай көрген кінә қоғамда да бар. Қоғамның құқықтық сауаттылығында – мәселе. Шындығын айту қажет, қазір біздің құқықтық сауаттылық айтарлықтай емес. Қарапайым заң нормасын қараша халық түгілі, жоғары білімі бар дегендердің өзі ежіктеп түсіне алмайтын кептеміз. Құқықтық санамыз жетілмеді. Соны пайдаланған «аңқау елге арамза молда» көп. Алаяқтыққа бастаған блогерде де тап солай. Әйтпесе, әлеужеліде кім не айтпай, не жазбай жатыр? Соның бәрін бас шұлғып, шындық деп қабылдаудың өзі – санамыздың қандай деңгейде екенінің бір айғағы. Құқықтық қоғам құру үшін – құқықтық сана керек. Өкінішке орай, одан әзірге мақұрымбыз.
Не десек те, интернет кеңістіктегі пікірлер ақпарат таратушылардың жауапкершілігі бәріне бірдей тең болуы тиіс дегенге саяды.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz