Бизнестің бұйымтайы – билік назарында
Қарағандыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен құрылған «Бірыңғай есеп күні» пилоттық жобасының бірінші отырысы өтті. Жоба аясында мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлер алдында есеп береді және өзара қарым-қатынасты жақсарту бойынша идеялар талқыланады. Алғашқы отырыстың күн тәртібі облыс әкімі жанындағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жұмысы шеңберінде таразыланды.
Облысы әкімі Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиналысқа басқарма басшылары, жергілікті полиция қызметкерлері, мемлекеттік кірістер департаменті, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
«Бірыңғай есеп күнінің» алғашқы жиналысында бақылау-қадағалау қызметтерін жүзеге асыратын органдар, атап айтқанда, мемлекеттік кірістер департаменті, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары, полиция департаментінің жергілікті полиция қызметтері кәсіпкерлерді тексеру нәтижелері, қателіктерді талқылау, жұмыс нәтижелері туралы баяндама оқыды. Сондай-ақ, жиналыстың әлеуметтік желі арқылы онлайн түрде жүргізілуі екі мыңға тарта облыс кәсіпкерлерінің жиналыс барысы туралы ақпарат алуларына мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлер құрылысқа рұқсат алу, энергия желісіне қосылу, заңсыз тексеру, салық заңнамасындағы өзгерістер тәрізді көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынас жүйесін жақсарту бойынша ұсыныстарын білдірді.
- Кәсіпкерлердің отырыс барысында көтерген мәселелерін өзімнің жеке қадағалауыма аламын. Әрқайсысы жеке қарастырылып, жауап берілетін болады. Ал, келесі отырыста атқарылған жұмыстар туралы есепті тыңдайтын боламыз. Сондай-ақ, бизнес өкілдерінен өтініштер неғұрлым көбірек түсетін бақылау-қадағалау органының есебі қаралатын болады, – деді Ерлан Қошанов.
Айта кету керек, өңірдегі бизнес ахуалды бағалайтын Дүниежүзілік банкінің «Doing Business» халықаралық рейтингі мәліметінше Қарағанды облысы бизнес нысандарын энергия желілеріне қосуға рұқсат алу жеңілдігі жөнінен Қазақстан бойынша 16-орында.
Сондай-ақ, облыс басшысы Ерлан Қошанов кәсіпкерлердің монополистермен жұмысын қадағалайтын мобильді топ құрылатынын да айтты. Топтың негізгі мақсаты – әр тоқсан сайын кәсіпкерлердің нысандарын электр желілеріне қосылулары мен бас тартулары туралы есеп жүргізу болмақ. Мобильді топты «Эргономика» ҒӨФ ЖШС бас директоры Сергей Полищук басқарады. Құрамына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері, кәсіпкерлер және облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров кіретін болады.
Салтанат ІЛИЯШ.