Қарағанды

Біздің жұлдыздар

    Алаштың ардақты көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілген №76 жалпы білім беретін орта мектепте он жылдан аса қызмет етіп келемін. Таза қазақ тілінде білім беретін мектеп болғандықтан да шығар оқушыларымыз тәрбиелі, әдепті, инабатты.

Осы мектепте ән-күй пәнінен сабақ беремін. Оқушылардың ішінде «менің балаларым» деп атап кеткен шәкірттерім бар. «Боламын деген баланың бетінен қақпа белін бу» дегендей өнерді сүйіп, сол жолды таңдағысы келген әрбір оқушының қанатын қатайтып, болашағына бағыт-бағдар беру – басты міндетім.

Оқушыларымның әрбір жетістігіне балаша қуанып, ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, баласының талантты екенін, алдағы уақытта үлкен байқаулардан көріну керектігін айтып отырамын. Менің өнерлі шәкірттерімнің көбісі ағайынды балалар болып келеді. Мүмкін ол үйдегі ата-анадан дарыған болса керек. Мысалы, Төлеген мен Рауан Қайроллалар – дауыстары ерекше, әр түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, Өркен Миров пен Айдидар Мирова. Өркен – ақынжанды, дәстүрлі ән мен эстрадалық өнерді қатар алып жүр. Гитара, фортепиано, домбырада еркін ойнайды. Қарындасы Айдидардың дауысына көп адамдар қызығады. Ол – «Bala turkvizyon», «Бала дауысы» жобаларының облыстық кезеңінің финалисті, «Шоқжұлдыз» байқауының І орын жеңімпазы. Жақында ғана Ақтөбе қаласында өткен «Айналайын» ән байқауында ІІІ орынды иеленіп келді.

Ағайынды Әділ мен Абуахмет Сәткеевтердің де мектептегі жетістігі өте көп. Әділ «Жайдарман» ойындарының жеңімпазы, ерекше дауысқа ие, Абуахмет Алматы қаласында өткен республикалық байқаудың жеңімпазы.

Сонымен бірге, Жансұлу Манарбек және Нұрлан Мақсат секілді оқушыларымды мақтанышпен айта аламын. Мектебімізде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ақын Серік Ақсұңқарұлымен және Есжан Әміровпен «Арқаның ардақтылары» тақырыбында кездесуде Жансұлу Есжан ағамыздың «Қарағанды вальсін» орындап, келген қонақтардың көңілінен шықты. Біздің мектепте ертеңгі күні еліміздің атын әлемге танытар болашақтың жұлдыздары өсіп келеді.

Сәуле ХАЖАЙ,

Ә. Бөкейхан атындағы №76 жалпы білім беретін орта мектептің ән-күй пәнінің мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button