Жаңалықтар

«Біз қандай қорқынышты дүние жасадық?..»

Өзі жасаған бомбаның зардабын шыққыр көзі көргенде жаны түршіккен Курчатовтың өңі күн жеген шүберектей қуарып жүре беріпті…

Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған «АН 602» сутек бомбасын – «Бомбаның патшасы» атапты мына ессіз әлем. Осының бастауында тұрған Игорь Васильевич Курчатовты «Атом бомбасының әкесі» десті дүйім жұрт. «Әкесі» деп әспеттеу ғалымның көкейіндегі күйінішін өле-өлгенше баса алмады. Сутек бомбасының кесапатын көзімен көрген квантафизиканың «королі» сутек бомбасынан соң қолын төбесіне қойып, түңіліпті. «Біз қандай қорқынышты дүние жасадық…» деп шошыпты. Шошып, үнсіз қоя салмаған. Ақырына дейін ядролық қарудың тоқтауы үшін жан қиярлықпен күресті. Бірақ, қырғиқабақ соғыс ғалымның жан дауысын естімейтін тас керең еді. Сөйтіп, бұл сұмдық, қырғын қырық жылға ұласты қазақ даласында…

Қырғи қабақ соғыс, ядролық держава

Ядролық қару жасау қалай басталып еді? 1945 жылы Постдамск конференциясында АҚШ-тың 33-інші Президенті Трумэн Сталинге АҚШ-та аса күшті бомба жасалғанын айтады. Мәскеуге қайтып оралған Сталин Кремльге қару-жарақ жөніндегі халық комиссары Борис Ванников пен Игорь Курчатовты шақырып алыпты.

«Сендерге жалғыз ғана талап. Атом қару-жарағын бізге жедел жасап беріңдер. Күш тепе-теңдігі бұзылды. Бомба жасасаңдар – асқан қауіптің бұлты сейіледі» десе керек. Бұған қанша уақыт қажеттігін сұраған Сталинге Курчатов «Бес жыл» деп жауап беріпті. Курчатов уәдесінде тұрды. «1949 жылдың 29 тамызы таңғы сағат 7.00-де «Тәжірибелік алаң» сынақ алаңында «РДС-1» алғашқы кеңестік атом бомбасы сынақтан өткізілді. Жарылыс қуаты – 22 килотонна. Атом бомбасы «арнайы реактивті қозғалтқыш» деп көрсетілді. Ал, Игорь Курчатов 1949-1955 жылдар аралығында Семей полигонында жүргізілген сынақтарға жетекшілік етті».

Семей полигоны қалай салынды?

 1946 жылдың 14 қарашасында «Радиоактивті қозғалтқыштар (РДС) сынақтары үшін арнайы полигон салу қажеттігі туралы» қаулы қабылданды. Полигонды «Бірінші бас басқарманың таулы станциясы» деп атау тапсырылды.

1947 жылдың 21 тамызында Таулы станция КСРО Қарулы күштері министрлігінің қарауына өтіп, №2 Оқу полигоны болып өзгертілді. Қазақ КСР Министрлер кеңесін 60 шақырым радиустағы шеңбер пішініндегі жалпы аумағы 15 155 шаршы шақырым жер телімін беруді міндеттеді.

Семей полигонын 15 мың құрылысшы небәрі екі жыл ішінде салып бітірді. Семей полигоны Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары түйіскен жерде 18 500 шаршы шақырым аумақты алды.

40 жылда 456 ядролық сынақ

 1949-1989 жылдар аралығында полигонда 456 ядролық сынақ жүргізілді.

Барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе артық болды. Түрлі есептеулерге сүйенсек, Қазақстанда полигондағы сынақтардан 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен.

«Невада – Семей» қозғалысы

«Невада – Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс 1989 жылы 28 ақпанда құрылғаны тарихтан аян.

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 29 тамызы. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды.

Ал, 1991 жылы КСРО басшылығының келісімінсіз полигонды жабу мәселесі талқыланған парламент сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты.

Әлем тарихында тұңғыш рет мемлекет өз еркімен ядролық қарудан бас тартты.

Ашық ресурстар негізінде дайындаған Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.  

Басқа материалдар

Back to top button