Жаңалықтар

Бірлескен жұмыс – нәтижелі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті әдеттегіден тыс, ашық форматта кездесу өткізді. Қоғамдық ұйымдар, бизнес құрылымдар және БАҚ өкілдері қатысқан жиында мемлекеттік қызметке өту, қызметшілердің әдебі, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы және бизнес құрылым мәселелері сөз болды.

Кездесу барысында облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның жүзеге асырылу барысын қадағалайтын және ішкі талдау жүргізетін арнайы мониторингтік топтың басшысы Ермек Әбілдин өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәселен, топ мүшелері департамент қызметкерлерімен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 12 талдау жүргізіп, нәтижелері бойынша 87 ұсыныс жасаған.

  • Біз қоғам өкілдері ретінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарымен қатар, мемлекеттік ұйымдардың барлығына азаматтық бақылау жүргіземіз. Атқаратын жұмысымыз – сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерді жою ұсыныстарын жария ете отырып, мемлекеттік аппарат пен қоғам арасында байланыс орнату, – деп атап өтті Е.Әбілдин.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамыту мен шетелдік инвесторларды тартуда ауқымды жұмыстар атқарылған. Бұған «World bank Doing business» рейтингі дәлел. 2018 жылы Қазақстан бизнесті жүргізу деңгейі бойынша 190 елдің арасынан 36-шы орынға шықса, келісім-шарттың орындалу көрсеткішінде 6-шы орында.

Мемлекеттік қызметті, бизнес процестерді цифрландыру да аталған рейтинг критерийлерінің бірі. Нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлер небары бір күнде кәсібін тіркей алады. Мұның барлығының елімізде бизнесті жүргізуді жақсартуға ықпалы бар. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсенов цифрландыру аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бизнес қоғамдастықтың сұранысына ие мемлекеттік қызметтерге талдау жасау арқылы, оларды автоматтандырудың Жол картасын ұйымдастыруға ұсыныс жасады. «Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді» дейді Жандос Шералыұлы.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына баға берілетін «Цифрлық агент» (Digital agent) мобильді қосымшасының іске қосылғанын да білеміз. Аталған қосымша тұрғындармен кері байланыс орнатып, қызмет көрсету сапасын бағалауға қоғамдық мониторинг жүргізу қажеттілігінен арылуға мүмкіндік береді. Департаментте қызметтерді көрсету сапасы мәселелерін қарастыратын ведомоствоаралық жұмыс тобы бұл жұмыстарды жақсарту бойынша 53 ұсыныс беріп, 11 адам жауапкершілікке тартылған.

Ал, ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бақылау жөніндегі инспекторы Алмас Тәжіғұлов атқарылған жұмыстардың тиімділігін айтады. Департаментпен бірлесе атқарылған жұмыстар жемқорлық құқық бұзушылықпен күресте және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауда оң нәтиже береді.

Кездесу барысында «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Күсенбаева жобаның жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Облыс әкімдігі мен департаменттің бірлескен жобасы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудан тұрады. Малика Күсенбаеваның айтуынша, бұл міндеттерді денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы, архитектура, құрылыс, жер қатынастары, құқық қорғау жүйелері сияқты салаларда атқару жоспарланып отыр.

– Жобаның басты мақсаты – тұрмыстық жемқорлықты түбегейлі жою. Қоғамның қатысуынсыз оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, оған бәріміз мүдделі болып, бірлесе жұмыс жасауымыз керек, – деді Жандос Сәрсенов кездесу соңында.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button