Бір апта ішінде елімізде алма мен жаңа піскен көкөністердің бағасы төмендеді
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 19 тамыздағы жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді.

Атап айтқанда, пияз 4,9%-ға, картоп 4,1%-ға, алма 2,7%-ға, ақ қауданды қырыққабат 2,2%-ға, сәбіз 1,9%-ға, қияр 1,5%-ға арзандады. Сондай-ақ қой еті, оның ішінде сүйексіз ет бағасы 0,6%-ға, қызанақ 0,4%-ға төмендеді. Бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының, қаймақтың, сары майдың және тұздың бағасы өзгерген жоқ.
Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі Қарағандыда 0,7%-ға, Көкшетау мен Өскеменде 0,5%-ға, Қонаевта 0,4%-ға, Жезқазған мен Талдықорғанда 0,3%-ға төмендеді. Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 188 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда – 135 теңге. Картоптың орташа бағасы 248 теңге болса, ең қолжетімді баға Павлодарда – 180 теңге және Түркістанда – 218 теңге деңгейінде қалыптасты.
Алманың орташа бағасы килограмына 776 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте тіркеліп, 639 теңгені құрады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



