Рухани жаңғыру

«Білімді мыңды жығады»

Көпті көрген, өмірдің ащы-тұщысын татып, әбден сыннан өткізген ата- бабадан: “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген, мағынасы керемет сөз қалған. Бұл мақал бүгінде айрықша мәнге ие. Өйткені, бүгінгі заман білекке емес, білімге сенетін заман. Бірақ, сол білім қоғам қажетіне, тұрмыс игілігіне қалай жарата білумен бағаланады. Қазақ елі де өзінің сауатты, білімді де білікті жастарымен өсіп-өркендейді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік таңы атқан алғашқы сәттен-ақ білікті маман даярлау мәселесіне баса назар аударды. Экономикалық және қаржылық қиындыққа қарамастан, барынша қолдау көрсетті. “Болашақ” бағдарламасын қабылдап, оны жүйелі жүзеге асыруды жедел қолға алды. Балаларды шет елдерге оқуға жібере бастады. Елбасының бұл көрегендігі елге құт болып оралды. Бүгінде елде бәсекеге қабілетті, білімі мен білігі жоғары жастар жағы жеткілікті. Олар ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеямен қаруланып, елдің дамуына лайықты үлес қосып келеді.
Біздің қала шағын. Соған қарамастан, “жас та болса, бас болып” қаланың көркейіп, дамуына өз үлесін қосып жүрген жастар баршылық. Солармен мақтанамыз. Кеше ғана мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан, бүгінде өз кәсібінен нәсібін тауып, халқына пайда келтіріп жүргені қаншама?! Мәселен, Ләззат Омарова, Гүлнауаз Қырықбаева, Балжан Ешбаева, Бөгенбай Нарымбетов, Мұрат Нарымбетов, Бақытжан Наушаруанов, Алмат Мухсин, тағы басқа аты аталмаған ұл-қыздарымыз жеке кәсіпкерлікпен айналысып, шағын бизнесін дамытып, ел алғысына бөленіп үлгерді.
Жастар заман ағымынан кенжелеп қалмай, өз тұрғыласымен қатар, тең дәрежеде өмір сүруіне мүмкіндік жасау үшін Елбасы кемі үш тіл меңгеруді ұсынды. Көп тіл білу – білім кеңістігіне жол ашу. Экономикасы дамыған алпауыт елмен тең дәрежеде сөйлесуде, олармен аралас-құралас өмір сүруде тіл – таптырмайтын тиімді құрал. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға әрбір жас ынталы болуы тиіс.
Білім шын мәнінде баға жетпес қуатты рухани қару екенін түсінетін және мойындайтын кез жетті. Білімге тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ. Өйткені, білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған, еңсесі биік кез-келген елмен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының қозғаушы күші. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үдерісі бір сәтке толастамайды. Білімсіз қоғамда ілгерілеу, өрлеу мүмкін емес. Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы.
Бүгінгі жас ұрпақ мұны жете сезініп, білім бұлағынан қажетінше сусындауға ден қойған. Оның бір дәлелі – біздің мектеп түлектері жеткен жетістік. Мәселен, Оңтүстік Кореядан оқып келген Гүлнұр Шатекова Алматы Шет тілдер институтында дәріс береді, сонымен қатар Оңтүстік Кореяда докторантурада оқиды. Айнұр Тұмақбаева Астана Шет тілдер институтын бітіргесін АҚШ-та тәжірибе алмасып қайтты, қазір Астана қаласында қызмет етеді. Нұргүл Шатекова Оңтүстік Кореяда магистратурада оқиды. Қытай Халық Республикасында оқыған Дәлел Ахметов Алматыда қызмет етіп жүр. Мөлдір Қонысбаева – Ресейде, Айдана Қанағатова АҚШ-та тәжірибе үйреніп келіп, әр салада қызмет етуде. Шет елде оқып келген жастар үйренгені мен білгенін ел игілігіне жұмсауда.
Қазақта: “Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра” деген қанатты сөз бар. Жастар – ел болашағы. Шынымен де, еңселі еліміздің Орта Азияда ғана емес, күллі әлемде алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына кіріп, экономикасы, саяси, рухани жағынан дамыған өркениетті мемлекет деңгейіне көтерілуі бүгінгі білімді де саналы ұрпақтың қолында. Білімді жастың келешегі – жарқын, жолы – ашық!

Бибісара САҒАТОВА,
№1орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button