Білім ошақтары оқушы қабылдауға әзір

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы сәт қалды. Барды бағамдап, жоқты түгендер кез де алыс емес. Бар деп отырғанымыз – өңірдегі білім беру мекемелері санының толыға түсуі болса, жоғы – маман тапшылығы. Облыстың білім басқармасы басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, осы күні аймақта 260 педагогтің орны бос тұрған көрінеді.

Сөйтіп, «аймақтың білім саласы биыл нендей өзгеріс көреді?» деген сауалға алдымен, жаңадан бой көтерген мектептерді алға тартар едік. Соның қатарында Теміртаудағы 600 орындық мектеп пен облыс орталығындағы Панель-орталық шағын ауданында орналасқан 1200 орындық мектеп бар. Бұдан бөлек, осы оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс Ұлытау ауданына қарасты Бетбұлақ ауылындағы мектепте де құрылыс жұмысы жалғасуда.

Құрылыс жұмыстарынан бөлек, білім беру мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары да жаз айларында жалғасқан болатын. Нәтижесінде, аймақта 186 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 6 интернат, 3 колледж, 143 мектеп пен 18 балабақша бар. Осы күні облыста 509 мектеп және 540 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Білім беру мекемелеріне 260 педагог жетіспейді. Оның ішінде, атап айтсақ, Қарағандыға – 48, Теміртауға – 32, Бұқар жырау ауданына – 38 және Жезқазғанға – 26 педагог маман қажет.

Бұл ретте, білім беру мекемелерінің алдағы жылу беру маусымына әзірлігі де назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі, аймақта орталық жылу жүйесіне қосылмаған білім ошақтары аз емес. Олар 15 қыркүйекке дейін көмірмен толық қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда мектептердегі көмір қоры – 62,5 мың тоннаны құрап отыр.

Рауан ҚАБИДОЛДА